26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымызға (с.ғ.с) мұсылманша сәлем берген тұңғыш кісі

Пайғамбарымызға (с.ғ.с) мұсылманша сәлем берген тұңғыш кісі

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Зәррдің Исламға қалай кіргені Мүслимнің келтірген хадис жинағында да егжей-тегжейлі баяндалған:

«Бірде менің бауырым Меккеге сапар шекті. Қайтып оралған соң, маған: «Меккеде елдің аузынан түспей жүрген әлде бір адамды көрдім. Былайғы ел оны дінінен безген» деп жүр. Өзі саған ұқсайды екен», – деді. Мына жаңалықтан дегбірім қашып, тағат тауып отыра алмадым. Буынып-түйініп Меккені бетке алдым. Шаһарға кірмей жатып, көшеден әлдекімнің дінінен шыққан адамды сөз етіп тұрғанын кездейсоқ құлағым шалып қалды. Тұсына тоқтап «Сен айтып тұрған, дінінен шыққан адамды қайдан табуға болады?» – деп жөн сұрадым. Ол неге екені белгісіз, артық-ауыс өрескел бірдеңе айтып қойғанымдай маған сезіктене қарап, бар даусымен: «Міне, дінін сатқан опасыз!» – деп айқайлады. Сол-ақ екен үстіме тас жауып кетті. Қып-қызыл қанғабоялдым. Әйтеуір үйтіп-бүйтіп қашып шықтым. Қағбаның жабуының артына тығылып, сол жерден тырп етпей, жарты ай уақыт жасырындым. Зәмзәм суынан басқа қорегім де жоқ. Содан бір күні Расулалла пен Әбу Бәкірдің Харам мешітіне кіргенін көрдім. Оған «Әссәләму аләйкә, уа, расулалла!» деп мұсылманша сәлем бердім. «Уә аләйкәссәләму уә рахматулла», – деп сәлемімді алып, менен: «Сен кімсің?» – деп сұрады. «Ғифарұлдарынанмын», – дедім мен.

Әбу Бәкір (р.а.): «Уа, Расулалла, маған рұқсат етсеңіз, бүгін оны қонақ етейін», – деді. Әбу Бәкір (р.а.) мені Меккенің төменгі аудандарының бірінде орналасқан үйіне ертіп апарып, кепкен мейіз ұсынды. Ауылыма қайтып оралған соң бауырыма мұсылман болғанымды айттым. Бауырым да «Олай болса, мен де сенің дініңе кіремін», – деп, мұсылмандықты қабылдады. Сосын екеуміз анамызға Ислам дініне кіргенімізді жайып салдық, ол да мұсылман болды Анам мен бауырымның Исламды қабылдағанына қатты қуанып, қауымымды Исламға шақырдым. Олардың бірталайы мұсылмандықты қабылдады.

материал “Сахабалар салған сара жол” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: