26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) тамақтану әдебінен насихат

Пайғамбардың (с.ғ.с) тамақтану әдебінен насихат

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Əбу Жухайфə айтады: «Пайғамбарымыз «Мен бір нəрсеге сүйеніп отырып тамақ жемеймін»,- деді. Сүйенудің үш түрі бар: Бір жағына сүйену, малдас құру, бір қолын таянып, екіншісімен тамақ жеу. Бұл үшінші түрі бұрыс əрекет деп саналады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақты үш саусақпен, сұқ саусақ жəне оның екі жағындағы саусақтарымен жейтін.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Тамақтың берекесі: Тамақтан бұрын дəрет алуда, тамақтан кейін де дəрет алып, қол жууда».

«Кімде-кім қолындағы ет, май иісін, ыдыс-аяқтарын жумай ұйқыға жатып, басына бір нəрсе келетін болса өзінен басқаны айыптамасын!»

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ғарра деп аталатын бір ыдысы бар болатын. Сəске уақытында Духа намазын оқығаннан кейін ішіне тирид тамағы салынған осы ыдыс əкелініп ортаға қойылатын. (Тирид – майда-майда нан мен көп ет араластырылып жасалатын тамақтың атауы).

Мұсылмандар тирид салынған ыдыстың басына жиналған кезде, пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі тізесіне шөгіп отырғанын көрген бір бəдəуи (шөлдегі ауыл адамы) «Бұл қандай отырыс?»,- деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Күмəнсіз, Алла тағала мені кең пейілді құл етті. Қинаушы жəне қыңыр етпеді. Қане, шетінен тамақты бастаңдар! Төбесінен, ортасынан жеуді тастаңдар.

Тамақтың берекесі төбесінде, ортасында. Бірілерің тамақ жер кезде табақтың орта жағынан жемесін. Бірақ, шет айналасынан жесін. Өйткені, береке оның орта жағынан түседі» деген.

Омар бин Əбу Сəлəмə айтады: «Мен пайғамбарымыздың тəрбиесінде болған бала едім. Тамақ жегенде қолым табақтың ішін аралап кететін. Пайғамбарымыз алейһиссалам маған «Ей бала! Бисмиллə айт! Оң қолыңмен же! Алдыңнан же»,- деді. Содан кейін солай жейтін болдым.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Біреуіңнің қызметшің, тамағын дайындап əкелген кезде, ол қызметші тамақтың ыстығына, түтініне шыдаған. Оны да дастарханға бірге отырғызсын, ол да жесін. Егер тартынып, бұлай істемесе немесе тамақ аз болса қолына бір-екі үзім салсын» деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқандай тамақты жаман деп санамаған, жиренбеген. Бір тамақты қаласа жейтін, қаламаса жемейтін, бірақ ешнəрсе айтпайтын. Ең ұсақ нығметтің өзіне құрмет көрсететін. Ешқандай нығметке жақтырмаушылық жасамайтын. Ешқандай нығметті ұнатса мақтамайтын, ұнатпаса жамандамайтын.

Тамақ ортаға қойылғанда пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Аллаһуммə барик лəна фимə рəзақтəна уəқина азабəннəр. Бисмиллəһ» деп дұға еткеннен кейін тамақ жеуді бастайтын.

Хазреті Айша анамыз айтады: «Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сендерден бірің тамақ жер кезде «Бисмиллəһ» десін, ұлы Аллаһтың есімін айтсын. Тамақтан бұрын мұны айтуды ұмытса «Тамақтың əуелі мен ахыры үшін бисмиллə» десін» деп бұйырды».

Үмəййə бин Махшидың білдіргені бойынша, бір адам бисмиллəһты айтпастан тамақ жеп отырды, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған қарап тұрды. Тамақтан бір үзім қалып, оны да аузына салған кезде əлгі адам «Бисмиллаһи əууəлиһи уə ахириһи»,- деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күлді. Сосын «Шайтан онымен бірге тамақ жеп отыр еді. Адам Алла тағаланың атын айтқан кезде шайтан қарнында ешнəрсе қалдырмай жегенінің бəрін құсып тастады»,- деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дəрет пен ғұсылда, аяқ киімін киюде жəне тарануда мүмкіндігінше оң жақтан бастағанды жақсы көретін, бір нəрсе алатын кезде оң қолымен алатын, бір нəрсе беретін кезде оң қолымен беретін жəне бастайтын нəрсесінің барлығын оң жақтан бастайтын.

«Сендердің бірің аяқ киімін киетін кезде, киюді оң жақтан бастасын. Аяқ киімін шешерде де, шешуді сол жақтан бастасын. Аяқ киім киерде оң аяқ аяқтардың біріншісі, шешерде оң аяқ аяқтардың соңы болсын» деген.

Абдуллаһ бин Омардың білдіруі бойынша: пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Сендерден бірің тамақ жейтін кезде оң қолымен жесін. Бір нəрсе ішетін кезде де оң қолымен ішсін. Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» деген.

Сəлəмə бин Əкуа əкесінен естіп білдіргені бойынша: «Пайғамбарымыз Əшжаъ тайпасынан Буср бин Раийул'ир деген адамның сол қолмен тамақ жегенін көріп, оған «Оң қолыңмен же!» деп бұйырды».

Əлгі адам «Бұған күшім жетпейді, оң қолыммен жей алмаймын» деп өтірік айтты.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күшің жетпей қалсын! Мынаған оң қолмен жеуге тек тəкаппарлығы мен мақтаншақтығы ғана жол бермеуде»,- деді. Осыдан кейін ол адам оң қолын аузына апара алмайтын болып қалды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Азиз жəне Жəлил болған Алла, желінетін нəрсені жеп немесе ішілетін нəрсені ішіп, осы үшін Оған шүкіршілік еткен құлына, шынымен разы болады» деген.

Əбу Саид-ул Худри айтады: Пайғамбарымыз ішіп-жегенде былай дұға ететін: «Əлхамду лиллəхиллəзи əт'аманə уə сəқанə уə жаалнə Муслимин» (Бізді ішіп-жегізіп жəне мұсылмандардан еткен Аллаһқа хамд болсын).

Əбу Умамəт-ул-бахилидің білдіргені бойынша: Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамағын жеп, дастархан жиналар кезде былай дұға ететін:

«Əлхəмду лиллəһи кəсирəн тайибəн мубəрəкəн фиһи ғайрə мəкфиин уəлə мууəддаин уəлə мустағнəн анһу Раббəнə» (Хамд Аллаға тəн)».

Ей Раббымыз! Біз саған өте көп, барлық кемшіліктен пəк, іші берекеге толы, кері қайтарылмайтын, тəрк етілмейтін хамдпен хамд етеміз.

«Əлхəмду лиллəһиллəзи кəфана уə əруана ғайрə мəкфиин уəлə мəкфурин» (Бізге жеткілікті мөлшерде жегізген, ішкізген, бізді кері қайтармаған жəне ашкөз етпеген Аллаһқа хамд етеміз).

Əбу Хурайраның білдіргені бойынша пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақ жеп болғаннан кейін қолын жуатын.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге жəне дүниелік нəрселерге мəн бермейтін.

Абдуллаһ бин Мəсуд айтады: «Пайғамбарымыз бір қамыстан өрілген төсеніштің үстіне жатып ұйықтап қалғанда, бүйіріне ізі түсіп қалған болатын. Оянған соң бүйірін уқаладым. «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Бізге айтқаныңызда ғой, төсеніштің үстіне бір нəрсе салар едік»,- дедім.

«Сізге бір жұмсақ төсек дайындасақ»,- дедік.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Дүниеге тəн нəрселер маған не үшін керек? Менің дүниемен байланысым бір ағаштың астында біраз көлеңкелеп, оны тастап жолын жалғастырған адамның жағдайына ұқсайды»,- деді.

Əбу Умамет-ул-бахилидің білдіргені бойынша пайғамбарымыз «Азиз жəне жəлал болған Раббым маған Меккенің жерін алтын етуге ұсыныс жасады. «Жоқ, йа Раббым! Мен бір күн тоқ болайын, бір күн аш болайын. Аш болған кезімде саған құлшылық жасап,сені зікір етейін. Тоқ кезімде саған шүкіршілік етейін»,- дедім» деген. Хазреті Айша анамызайтады: «Пайғамбарымыз Мəдинаға келгеннен қайтыс болғанға дейін үй-іші үш түн қатарынан бидай нанымен қарындарын тойдырмаған. Пайғамбарымыз жəне үй- іші көбінесе арпа наны мен құрма жейтін жəне мұның өзі аса көп болмайтын».

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болардан бұрын сауыт көйлегін үйіндегілердің тамағы үшін Əбу Шахма деген яһудиден алған бір «уəск» немесе отыз «Са» мөлшердегі арпаға кепілге қойған.

Хазреті Айша анамыз: «Мұхаммед алейһиссаламды хақ дін жəне кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант ете отырып айтамын: Ұлы Алланың пайғамбар етіп жіберген кезінен бастап рухын алған кезге дейін өзі елек көрмеген, елекке еленген ұннан жасалған нан да жемеген» деген. «Олай болса арпаны қалай жейтін едіңіздер?» деп сұралғанда «Кебегін (Уф!) деп үрлейтінбіз. Пайғамбарымыз қайтыс болғанға дейін өзі де, үй-іші де екі күн қатарынан арпа нанына қарындарын тойдырмаған. Уаллаһи, пайғамбарымыздың үйінде қырық түн күтетінбіз, не шырақ, не бір от жағылмайтын. Айлар өтетін, Мұхаммед алейһиссаламның үйлерінің ешқайсысында от жанып, түтін көрілген емес.

Екі ай өтіп кететін. Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй іші үшін нан пісірілмейтін, қазанда тамақ пісірілмейтін.

Біз Əсуəдəйнге, яғни құрма мен суға тойған кезімізде Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарнына бір күнде екі түрлі тағам кірген емес, құрмаға тойған кезінде нанға тоймайтын, нанға тойған кезде де құрмаға тоймайтын. Міне, мені жылататын да осы» деген.

Əнəс бин Малик: «Пайғамбарымыз Аллаға қауышқанға дейін хиуанның үстінде отырып бір нəрсе жегенін, не таза бидай ұнынан жасалған нан, не қуырылған қозы кəуəбін алдына қойып отырғанын көрмедім»- деген.

(Хиуан – тамақ қоятын үстел сияқты нəрсе.)

Əбу Хурайра хазреттері пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Аллам! Мұхаммедтің үй халқын өлмейтініндей ризықтандыр! Мұхаммедтің үй-ішінің ризығын өлмейтіндей ет» деп дұға еткенін білдірген.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жейтін нəрсесін дастарханда жейтін. Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан «ананы пісіріңдер, мынаны пісіріңдер» демейтін. Не бар болса соны жейтін. Хазреті Айша анамыз айтады: Пайғамбарымыз алейһиссалам қасыма келіп «Жейтін нəрсе бар ма?» деп сұрайтын. «Жоқ» десем, «Олай болса мен оразамын» дейтін.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні бізге келген еді. «Йа Расулалла! Бізге бір сыйлық келді»,- дедім. «Ол не?»- деп сұрады. «Хайс»,- дедім. «Бірақ, мен ораза болып тұрдым»,- деді. (Хайс – құрма, май жəне ірімшік араластырып жасалатын тағам)

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) халуа мен балды, нан сорпасын, құрма тиридін, көкөніс тағамдарын жақсы көретін. Оған сүт əкелінген кезде «Сүтте екі береке бар» дейтін.

Абдуллаһ бин Аббас айтады: «Халид бин Уəлид екеуміз пайғамбарымызбен бірге нағашы əпкем Мəймунə бинти Харистің үйіне бардық. Умму Хуфəйд пайғамбарымызға сиыр майы мен сүт сыйлады.

Əпкем «Сыйланған сүттен берейін бе?»- деп сұрады. Пайғамбарымыз «Жарайды»,- деді. Əпкем барып, бір ыдыспен сүт əкелді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып ішті. Мен пайғамбардың оң жағында едім. Халид бин Уəлид сол жағында еді. Расулулла сүттен артылғанын маған беріп, «Сен іш. Қаласаң Халидке бер»,- деді.

«Мен сізден артылғанын ішуде ешқашан, ешкімді өзімнен артық көрмеймін»,- дедім.

Сосын пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла бір тағам жеуді нəсіп еткен адам «Аллаһуммə бəрик лəнə фиһи уə атамна хайран минһу - Аллам! Сен бұл тағамда бізге береке ихсан ет. Бізге одан қайырлысын да жегіз» десін.

Алланың сүт ішкізген адамы да «Аллаһуммə бəрик лəнə фиһи уə зиднə минһу – Аллам! Сен бұл сүтпен бізге береке бер» десін. Өйткені, тағам мен сусынның орнын сүттен басқа ештеңе баса алмайды» деген.

Мəдиналық мұсылмандар құрмаларының алғашқы піскендерін жинап оны пайғамбарымызға əкелетін. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол құрманы қолына алып, береке дұғасын оқығаннан кейін балалардың ең кішкентайларын шақырып, соған беретін. «Бір үйде құрма болмаса ол үйдің адамдары аш» дейтін.

Əнəс бин Маликтің білдіргені бойынша пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асқабақ тағамдарын жақсы көретін. Ішіне асқабақ қосылған тамақ əкелінгенде асқабағы алынып пайғамбарымыздың алдына қойылатын. Пайғамбарымыз қойдың етінің ең дəмді жері арқасының еті екенін айтатын.

Умму Əйубтан «Расулулла сіздің үйіңізде жеті ай тұрды. Ол қандай тамақты жақсы көретін еді?» деп сұралды.

Умму Əйуб «Оның өзі үшін белгілі бір тамақты пісіруді сұрағанын, не ұнатпайтын тамағын жамандағанын көрмедім. Оған хəрисə, кешкек жасап, оған ұнағанын көрдік те, бұл тамақты бес күнде, алты күнде, он күнде бір дайындайтынбыз»,- деді.

Əбу Мусал-Əшаридің «Пайғамбарымыздың тауық етін жегенін көрдім» дегені білдірілген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақтың түбінде қалғанын жегенді ұнататын. «Кімде-кім табақта, ыдыста тамақ жегеннен кейін оны тазалап қойса, ол сол адам үшін истиғфар етеді» деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасыл құрмамен бірге қауын, қияр жейтін.

«Мұның ыстықтығын оның суықтығымен, оның суықтығын мұның ыстықтығымен ауыстырамыз» дейтін.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегендігі де білдірілген: «Ей Əбу Зəр! Ет пісірген кезде суын көбейт те көршілеріңді де ескер, одан көршілеріңе де бөліп бер».

«Көршісі аш отырып, өз қарнын тойдырған адам, кəміл мұсылман емес».

«Аллаға ғибадат етіңдер. Тамақ беріңдер. Сəлемдесуді жайыңдар, жаннаттарға барасыңдар».

«Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Үш адамның тамағы төрт адамға жетеді. Төрт адамның тамағы сегіз адамға жетеді».

Əсма бинти Əби Бəкір піскен тамақ қайнап біткенше жəне буы кеткенге дейін жабық тұруына кеңес беретін жəне пайғамбарымыздың «Оның берекесі осында» дегенін есіттім дейтін.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мекке алынған кезде көкесі Əбу Тəліптің қызы хазреті Уммуханидің үйіне барған болатын. Одан «Жейтін бір нəрсеңіз бар ма?»- деп сұрады. Хазреті Уммухани «Жоқ, тек қатқан нан ұсақтарымен сірке суы бар. Бірақ, оларды сізге беруге ұяламын»,- деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оларды əкел. Судың ішіне ұнтақта. Тұз да ала кел»,- деді. Сірке суын соның үстіне құйып жегеннен кейін Аллаһқа шүкіршілік етті.

«Ей Уммухани! Сірке суы қандай жақсы қоспа. Сірке суы бар үй қоспадан махрұм саналмайды»,- деді.

«Сусындардың қайсысы дəмді» деп сұралған кезде Расулулла «Таза, салқын су» деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Буют-ус-суқиядан əкелінген бұлақ суынан ішетін. Буют-ус-суқиядағы бұлақ Мəдинадан екі күндік жерде болатын.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден бірің бір нəрсе жеген кезде оң қолымен жесін. Бір нəрсе ішкенде де оң қолымен ішсін. Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді» деген.

«Сендерден бірің бір нəрсе ішкен кезде ыдыстың ішіне үрлемесін» деген, желінетін жəне ішілетін нəрселердің ішіне үрлеуге тыйым салғаны сияқты алтын, күміс ыдыстармен ішіп жеуге де тыйым салған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) су ішкенде бір кесе суды екі- үш рет дем алып ішетін жəне «Бұл пайдалы жəне шөлді тез қандырады» дейтін.

«Сендерден бірің бір нəрсе ішкенде арасын үзбей бір деммен ішпесін».

«Түйелер сияқты бір деммен ішпеңдер. Екі немесе үш рет дем алып ішіңдер. Сосын, ішетін кезде «Бисмиллəһ» жəне ауыздарыңды ыдыстан алған кезде «Əлһəмдулиллə» деңдер» деген.

Нəуфəл бин Муауиə: «Пайғамбарымыз бір нəрсе ішкенде үш рет дем алатын. Біріншісінде бисмиллə деп Алла тағаланың есімін айтатын, соңында əлһəмдулиллəһ деп шүкіршілік ететін» дейді.

Хазреті Айшаның білдіргені бойынша: Пайғамбарымыз өзіне арнап таңертең кесеге құйылған жүзім шырынын кешке ішетін. Кешке құйылған жүзім шырынын таңертең ішетін.

Тамақтан бұрын жəне тамақтан кейін қол жуу жəне оң қолмен жеу жəне оң қолмен ішу Расулулланың əдеті болатын. Тамақтан бұрын қол жуғанда алдымен жастар, тамақтан кейін алдымен қарттар жуатын.

Табақтың шетінен жеу, өз алдынан жеу, сол тізесін жерге қойып оң тізесін көтеріп отыру – Расулулланың сүннеті. Өте ыстық нəрсені жемеу керек жəне иіскемеу керек. Тамақ жеп отырғанда еш сөйлемеуді пайғамбарымыз жөн санамайтын. Ол отқа табынатындардың əдеті болатын. Жақсы нəрселер айту керек. Тұзбен бастап, тұзбен аяқтау Расулулланың сүннеті жəне шипалы іс.

Ішіп-жеу ілімін үйрену ғибадат ілімін үйренуден бұрын тұрады. Исламда алғаш шыққан бидғаттардың бірі – тойғанша жеу. Күнде ет жеу жүрекке ауырлық түсіреді. Оны періштелер жақсы көрмейді. Етті аз жеу болса ахлақты бұзады. Дастарханның, яғни жайылған нəрсенің үстінде жеу жəне мұны жерге жайған жақсы. Дастархан теріден жасалатын. Көкөністерді тамаққа қосып жеген өте жақсы. Өсімдік қосылған тамағы жоқ дастархан ақылсыз қарияға ұқсатылған.

Имам Жафəр Садық «Малы мен баласы көп болғанын қалаған адам көкөністі тамақты көп жесін» деген. Алдымен дастарханға отыру керек, тамақты сосын əкелу керек. Пайғамбарымыз «Мен құлмын. Құлдар сияқты жерге отырып жеймін» деген.

Ашықпай тұрып жемеу керек, көп жемеу жəне дастарханнан тоймай тұрып кету керек, таң қалатын нəрсе болмаса, күлмеу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жақсылықтардың басы - аштық. Жамандықтардың басы - тоқтық» деген. Тамақтың дəмі аштық артқан сайын арта түседі. Тоқтық адамды ұмытшақ етеді. Көңілді көр етеді, алкогольді ішімдіктер сияқты қанды бұзады. Аштық ақылды тазалайды, жүректі нұрландырады.

Пасық, жаман адамдармен бірге отырып ішіп-жемеу керек. Қайнап пісетін тамақтардың бетін жауып суыту керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оң қолмен жеп, оң қолмен ішіңдер» деген. Пайғамбарымыз нанды оң қолымен алып, қарбызды сол қолымен жейтін. Нанды бір қолмен емес, екі қолмен бөлу керек.

Жейтін бір үзімі, бір тістемі шағын болуы керек, жақсы шайналуы тиіс. Жан-жағына, аспанға қарамай, тамағына, алдына қарап жеу керек. Ауызды қатты ашпау керек. Дастарханда қолын басына, үстіне сүртпеу керек. Жөтеліп, түшкіретін кезде теріс қарау керек.

Шақырылмаған дастарханға отырмау керек. Дастарханда бəрінен көп жемеу керек. Қарны тойған соң оны күнə істеуге қолданбау үшін дұға ету керек. Мұның қияметтегі есебін ойлау керек. Ғибадат жасауға күш жинау ниетімен жеу керек. Қарын қатты аш болса да ақырын жеу керек. Алдымен үлкендер бастауы керек. «Ал, же» деп үш реттен артық айтып адамды қинамау керек. Бірге жеген кезде қонақтары тоймастан бұрын тамақтан қолын тартпау керек.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аз жеу, көп жемеу мəселесіне көп тоқталды. «Адамның жүрегі егістегі егін сияқты. Тамақ жаңбыр сияқты.

Артық су, егінді шірітетіні секілді артық тамақ та жүректі өлтіреді. «Көп жегенді, көп ішкенді Алла тағала ұнатпайды» дейтін.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асқазанның үште бірін тамаққа, үште бірін сусындарға бөлуге кеңес берді. Үште бірінің ауаның үлесінде, яғни бос болуы ең төменгі дəреже болып табылады. Ең жақсы дəреже аз жеу жəне аз ұйықтау. Көп жеу – аурудың басы, аз жеу – дауаның басы. Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Қонақ үй иесінен тұз бен наннан басқа ешнəрсе күтпеуі керек. Үй иесі қонаққа нан ұсынып, қолына су құюы керек.

Халифа Харунуррашид қонағының қолына құманмен өзі су құятын. Қонаққа оның жақсы көретін нəрсесін ұсыну керек. Таза жерге түсіріп алғанын алып оған беру керек. Ластанса мысыққа немесе басқа жануарға беру керек. Осылайша үйдің берекесі артады. Бұл береке немерелеріне дейін жетеді. Жерге түскендер жиналмайтын болса шайтан жейді. Ыдыста түбінде қалған тамақты жинап, жалап жеп қою сүннет болады. Компот, айран сияқты нəрселердің қалдығына су құйып, шайқап ішу де үлкен сауап. Табақта, кеседе ішілген нəрсенің артығын қалдыруға болады. Расулулла мүминнен қалған нəрсені жеуді ұнататын.

Тамақтан кейін тісті мисуакпен жəне тіс тазалағышпен тазалау – Расулулланың сүннеті. Тазалық болып табылады. Тазалық иманды күшейтеді. Тамақтан кейін үй иесіне береке, рахмет пен мағфирет тілеп дұға етіледі. Сосын кетуге рұқсат сұралады. Шығып бара жатқанда үй иелерін қонаққа шақыруды ұмытпау керек.

Тамақ жеп отырғанда қорқынышты, жиренішті нəрселер айтпау керек. Өлім, ауру туралы айтпау керек. Дастарханға келген тамақтарға қарамау керек. Бір үзімді жұтпай тұрып, екіншісін алмау керек. Тамақ жеп отырғанда бір нəрсе үшін, тіпті намаз үшін де дастарханнан тұрмау керек. Намазды одан бұрын оқу керек.

Егер дайын болған тамақтар суитындай немесе бұзылатындай болса жəне намаз уақыты тамақтан кейін оқуға ыңғайлы болса, тамақты намаздан бұрын жеу керек. Дастарханнан тамақ алынғаннан кейін тұру керек. Жол үстінде, түрегеп тұрып, жүріп бара жатып жемеу керек.

Аузынан, қолынан еттің, тамақтың иісі шығып тұрғанда жатпау керек. Балалардың да қолын жуу керек. Тойып тұрып жатпау керек. Азық-түлікті дүкеннен өлшеп алу керек. Есепсіз көп алмау керек, ысырап болады. Тамақтың ыдыстарының беті жабық тұруы  керек. Өзеннен, хауыздан еңкейіп ауызбен су ішпеу керек. Құман, құмыраның аузынан да ішпеу керек. Кесенің сынық шетінен де ішпеу керек.

Жазда салқын сусын ішу керек. Расулулла салқын шəрбат ішкенді ұнататын. Зəмзəм суын түрегеп тұрып ішуге болады. Жолаушы барлық суды түрегеп тұрып іше алады делінді. Аш қарынға су ішпеу керек. Суды ақырын, ұрттап ішу керек.

Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кешкек (пісіріліп құрғатылған бидай) тамағын жақсы көретін. Оны жасауды пайғамбарымызға Жəбрейіл алейһиссалам үйретті. Ол адамға күш береді. Барлық пайғамбарлар арпа нанын жеген. Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асқабақтан жасалатын дəмді тағамды, жасымық (мержімек) сорпасын, аң жəне қой етін жақсы көретін. Қойдың аяқ, көкірек жəне жауырын жағын жақсы көретін. Лақтың жауырын етін ұнататын. Лақ етінің сіңуі оңай. Барлық адамға жеуге болады.

Еркек малдың еті ұрғашы малдан жəне қара түсті малдың еті ақ түсті малдың етінен оңай қорытылады. Оңай сіңірілуі жəне лəззаты тұрғысынан еттің жақсысы қой еті, сүттің жақсысы сиыр сүті. Аң еттерінің ішіндегі ең жақсысы киіктің еті. Қоянның еті де халал, пайғамбарымыз жеген. Қоян еті зəр шығарады, артығы ұйқыны қашырады. Құс, балапан еті барлық адамға жақсы. Үй құстарының ішіндегі ең жақсысы тауықтың еті.

Пайғамбарымыз «Сірке суы қандай жақсы тағам» деген. Сірке суы ең пайдалы тамақ. Құрма да тамақ. Яғни нанмен желінеді. Жүзім əрі тамақ, əрі жеміс. Жүзімді нан қосып жеу сүннет. Құрманың құр өзін жеу сүннет.

Мейіз, жаңғақ, бадам жеу сүннет. Балда шипа бар. Жетпіс пайғамбар балға береке тілеп, дұға еткен. Расулулла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрманы өте жақсы көретін. Құрмаға қауын, қарбыз қосып жейтін. Қауын, қарбыз бүйректі тазалайды, бас ауруын кетіреді. Асқазан-ішек құрттарын түсіреді. Көзге қуат береді. Расулулла салқын шəрбаттарды жақсы көретін. Палау жеген кезде салауат оқу керек.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұршақты (бобовый) қабығымен жеуді мақтады. Хаббəтуссəуда, яғни содана дерттерге дауа болады деді. Жаңғақты ірімшікпен жеу шипа болады. Бұл екеуін ешнəрсе қоспай жалғыз жеу зиян болады. Бір нəрсеге қосып жеу керек. Жүзімнің сүйегі зиян. Пайғамбарымыз жүзімді қолына алып, оң қолымен үзіп жейтін. Айва жүректен ауыртпалықты кетіреді. Əр қауын, қарбыз, анарда бір тамшы жаннаттың суы бар. Бір анарды жалғыз жеу керек. Бір тамшысы да бос кетпеуі керек. Анар жүрек соғысына пайдалы. Асқазанды күшейтеді. Сығып ішілсе өтті айдайды, іш қатқанды кетіреді. Əнжір жүрекке шаттық береді. Шаншуды, ас қорыту органдарының ауруларын кетіреді.

Жасыл қиярды тұзбен жеу, жаңғақты құрма жəне балмен жеу – Расулулланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) баклажанды мақтаған жəне зəйтүн майын қосып пісіріңдер деген. Қараотты да мақтаған. Балдыркөк ұмытшақтықты кетіреді, зəрді айдайды. Қан мен сүт жасайды. Бөрікгүл өттің тасын ерітеді, қанды тазалайды, тамырдың қатаюына пайдалы. Тердің иісін де кетіреді.

Бір елге барған адамның алдымен біраз пияз жегені денсаулыққа жақсы. Пияз ағзаның микроптарға қарсы тұру күшін арттырады. Пияздан кейін балдыркөк жесе жаман иісті кетіреді. Андыз да иіс кетіреді делінген. Расулулланың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы жеген тамағында пияз бар болатын. «Пияз бен сарымсақты пісіріп жеңдер» деген. Бұлардың иісінен періштелер мазасызданады. Тұрып зəр айдайды. Ас қорытылуын жеңілдетеді.

материал “Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: