26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Нəби» жəне «Расул» ұғымдарының мағынасы

«Нəби» жəне «Расул» ұғымдарының мағынасы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

«Нəби» жəне «Расул» ұғымдарының бір-біріне мағыналас сөздер екенін айтушылармен қатар, «Расул» сөзінің ауқымы нəбиден əлдеқайда кең деушілер де бар. Матуридидің пікірінше, «Нəби» Алладан келген ақиқатты адамзатқа жеткізуші, алдыңғы өткен пайғамбарлардың дəстүрін жалғастырушы. Былайша айтқанда, өзіне хас кітап пен шариғат алып келген пайғамбарды «Расул», ал алдыңғы пайғамбардың ізін қуушы пайғамбарды «Нəби» дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) соңғы нəби əрі соңғы расул екені айтылады.

«Нәби» сөзі Құран кәрімде тек пайғамбарларға қолданылған. Базбір аяттарда бірқатар жандарға «Кітап, хикмет (даналық), нубууат (пайғамбарлық)» берілгені туралы баяндалады.

Пайғамбарлық әркім қаласа талап, еңбекпен қол жеткізетін мансап емес. Пайғамбарды Алла өзі таңдайды. Бұл таңдауға пайғамбардың немесе ол өмір сүрген ортаның ешқандай ықпалы жүрмесі анық. Бұл міндет (уәзипа) жүктелген кісіні араб тілінде елші, уәкіл мағынасында «Расул» және хабар жеткізуші мағынасында «Нәби» дейді. Құранда Мұхаммед (с.ғ.с) үшін екі ұғым да пайдаланылған. Бұл екі сөздің Құранда: «Сенен бұрын ешбір расул да, нәби де жіберген жоқпыз...» деп қатар айтылатын тұстары да бар.

Нәби сөзі Алладан хабар беруші мағынасында «Нәбә» сөзінен туындаған. Қазақ тіліндегі баламасы пайғамбар сөзі – парсы тілінен енген кірме сөз. «Нубууат» пайғамбарлық мағынасына келеді. Нәби сөзінің шығу тегін қарастырсақ, түбір сөз һәмзә-әліппен болған және һәмзә-әліпсіз болған деген екі болжам бар. Бірінші болжам бойынша – нәби сөзі хабар беру, анық пайда болу (келіп жету) мағынасында һәмзә-әліппен «Нәбә», «Нүбу» сөзінен туындаған. Бұл нұсқада нәби Алладан хабар әкелуші мағынасына келеді.

Ал келесі болжам бойынша нәби сөзі – жоғарылау, көтерілу, жоғары мансап, дəреже мағынасындағы һәмзә-әліпсіз «Нәбуә», «Нәбәуә» сөздерінен жасалған. Бұл нұсқада нәби Алланың құзырында жоғары дәрежеге ие тұлға және адамзатты хидаят (тура жолға) бастағаны үшін ұлық мансап иесі ретінде сипатталады. Бірқатар филологтар «Нәбә» сөзі жоғарылау, көтерілу мағынасындағы нубууат сөзінен жасалған деп шамалайды. Қалай болғанда да, нәби мансабы, дәрежесі аса жоғары және адамзатқа Алладан маңызды хабар жеткізуші тұлға мағынасына келеді.

Дәстүрлі дереккөздерден нәби және расул ұғымдарының мағынасы екі басқа екенін білеміз. Расул сөзі араб тіліндегі р-с-л етістігінен жасалып, жіберілген, елші, белгілі бір хабар немесе сөзді жеткізуші, бір жерге белгілі бір міндетпен жіберілген елші мағынасына келеді. Расулдың қазақ тіліндегі баламасы – елші сөзі. Араб тілінде жіберілген хабар әрі хабарды алып жеткізуші мағынасына келеді. Бұл сөз Құран кәрімде жекеше түрде «Расул» көпшетүрде «Русул» болып қолданылады. Расул деп тек адамзаттан шыққан пайғамбарлар ғана емес Жәбірейіл және өзге де періштелерге де айтылған.

Расул сөзінің терминдік мағынасы: Алла уахи еткен иләһи әмірлерді адамзатқа жария етуге міндетті, кітап және шариғат берілген пайғамбар. Матуридидің пікірінше, расул – адамзатқа Алланың құзырынан хабар әкелген кісі, қандай жағдай болмасын хақ дінді жария етуге жауапты тұлға. Расул нәбиден, әсіресе, жаңа шариғат үкімдерін ала келуімен ерекшеленеді. Құран кәрімде пайғамбарлар сөз болған кезде аталмыш екі сөздің бірін бірі алмастырған тұстары да жоқ емес. Құранда Алла кітап және жаңа шариғатпен жіберілген пайғамбарлар расул деумен қатар – нәби деп те аталады. Өзіне арнайы кітап түспеген пайғамбарлар туралы да тап солай. Демек, расул бола тұрып нәби болмаған, яки нәби бола тұрып, расул болмаған пайғамбар жоқ. Адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с) расул әрі нәби екені белгілі. Бұл екі ұғым аяттарда екі бөлек қолданылғанымен, мағынада алшақтық жоқ екені анық байқалады.

Матуриди расул, нәби сөздері қатар қолданылған аят турасында «Расул – тәуил жасауды білетін кісі» деген. Базбір ғалымдардың пікірінше, расул өзіне арнайы уахи және кітап келген, ал, нәби әрқилы жақсылық пен берекенің жаршысы мағынасына келеді. Нәби сөзі Садық сөзі секілді. Жақсылық пен береке атаулыға қатысты қасиеттің бәрі бір кісінің бойынан табылса, ол адамды Садық деп атайды. Ішінара осы қасиеттер бойында бар кісіні садық деп айтады. Нәбиді әлгіндей жақсылық пен береке сипаттарын бойына жинақтаған жан деуге келеді.

Дегенмен, өзара мағыналас, мәндес екі ұғымның ішінде расул сөзі ғана пайғамбардан өзге мағынада да қолданылған. Ал нәби сөзі Құран кәрімде тек пайғамбарларға қатысты айтылады.

материал «Матуриди ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: