26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Елшісінің (с.ғ.с) мінез-құлқы мен ұяты

Алла Елшісінің (с.ғ.с) мінез-құлқы мен ұяты

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла елшісінің мінезі туралы хазірет Айшаның айтқандары

Сағыд ибн Хишам (р.а.) былай әңгімелейді: «Мүміндердің анасы хазірет Айшаға: «Маған Пайғамбарымыздың мінезі туралы айтып бересіз бе?» – дедім. Ол: «Сен Құран оқымайсың ба?» – деп жауап берді. Мен: «Әрине, оқимын», – дедім. Сонда Айша (р.анһа): «Ендеше, оның мінезі – Құранның нақ өзі», – деді».

Осы тақырыпқа байланысты Зәйд ибн Сәбиттің айтқандары

Харижа ибн Зәйд былай әңгімелейді: «Он шақты адамнан тұратын үркердей топ әкем Зәйд ибн Сәбитке (р.а.) келіп: «Бізге Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мінезі туралы айтып берсеңіз», – деп, жатып кеп қолқа салды. Әкем: «Мен Расулаллаһтың үйі іргелес, қойы қоралас көршісі едім. Уахи түскенде, маған хабар жіберіп, шақыртып алатын. Мен оған келген уахиді хатқа түсіретінмін. Біз осы дүниеге қатысты сөз қозғағанымызда, ол да біздің әңгімемізге қосылатын. Біз ақырет жайында сөйлессек, ол да ақыретті еске алатын. Қысқасы, не туралы әңгімелессек, ол да соны сөз ететін. Бұл оның мінезінің бір қыры ғана. Десе де, осы мінезінің бір ғана қырынан оның былайғы елмен санасатын елгезектігі мен кішіпейілділігін, қағылездігін және т.б. асыл қасиеттерін аңғаруға болады», – деді».

Осы тақырыпқа байланысты хазірет Әнәстің көзқарасы

Әнәс (р.а.) былай әңгімелейді: «Алланың елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдардың ішінде ең ізеттісі еді. Күн суытып кеткенде, қызметші әкелген мұздай сумен дәрет алатын. Суды жылытпай әкелген қызметшісіне өмірі бір қабақ шытқан емес. Өзіне қандай да бір шаруамен келген адамды зейін қойып тыңдайтын. Қасына келген адам өзі кетпейінше, оны тастап

 кетпейтін. Қасындағысы Оның қолынан ұстаса, ол өзі жібермейінше өздігінен босатпайтын». Әнәс (р.а.) әңгімесін былай жалғастырады: «Алланың елшісіне он жыл қызмет еттім. Тапсырған шаруасын дер кезінде орындай алмай қалсам да, мені ешқашан жазғырып, сөккен емес. Егер оның отбасынан маған біреу-міреу дауыс көтерер болса, Пайғамбарымыз: «Оған тиіспеңдер. Әрбір іс Алланың қалауымен жүзеге асады. Егер оған тапсырған шаруа ойдағыдай орындалуы нәсіп болса, ол сендердің айғайларыңсызақ орындалады», – деп тыйып тастайтын.

Хазірет Әнәстің (р.а.) тағы бір әңгімесі былайша өрбиді: «Таң намазы кезінде Мәдинадағы қызметшілер шелектерін суға толтырып, Пайғамбарымыздың алдына әкелетін де судың берекесі кіріп, ырысы артсын деген ниетпен одан осы суға қолын малып алуын өтінетін. Алла елшісі қақаған суық күндердің өзінде олардың көңілін қалдырмай, тастай суға қолын малатын».

Пайғамбарымыздың көркем мінезі туралы басқа бір риуаят

Әбу Абдуллаһ әл-Жәдали былай әңгімелейді: «Хазірет Айшадан (р.анһа) Алла елшісінің мінезі туралы сұрағанымда, мынадай жауап алдым: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еш уақытта жаман сөз айтпайтын. Еш уақытта айғайға аттан қосып, көшені басына көтеріп, жамандыққа жамандықпен жауап бермейтін. Керісінше, жамандықты кешіріп, жамандық істеген адамға мейіріммен қарайтын».

Әбу Саид әл-Худридің Алла елшісінің ұялшақтығын былай сипаттайды

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзгелерден де қатты ұялшақ болатын. Көңіліне бір нәрсе жақпаса, немесе ренжісе, мұнысы сол сәтте-ақ байқалып қалатын».

Пайғамбарымыздың сахабалардың кемшіліктерін беттеріне басып айтуға ұялуы

Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай әңгімелейді: «Бір күні Пайғамбарымыз бір адамның киіміне сары дақ жұққанын байқап қалады. Жүрер уақытта қасындағыларға: «Ана адамға үстіндегі сары дақты кетірсін деп айтсаңдар жақсы болар еді!» – деді. Алланың елшісі біреудің әбес қылығын немесе бір мінезін жақтырмаса, оның бұл кемшілігін бірден бетіне баспайтын».

Хазірет Айшаның Пайғамбарымыздың сыпайылығы жайында айтқаны

Айша (р.анһа) анамыз айтады: «Пайғамбарымыз әлдекімдердің өзі туралы сыртынан сөз тасып жүргендерін естісе, «пәленшеге мен осылай да, осылай деп жүр екен» демей, «Кейбір кісілерге менің артымнан сөз айтатындай не көрінді екен?» – деп астарлап жеткізетін».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: