26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бәдір шайқасы

Бәдір шайқасы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хижреттің екінші жылы. Милади 624 жыл.

Мұсылмандар Мәдинаға хижрет етіп, орныққалы арадан екі жыл өткен. Осы уақыт аралығында Меккедегі құрайыш мүшріктері тағы да тиісерге қара іздеп, сабылған. Қайтсек муминдерді аяқтан шаламыз деген оймен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған құрайыш мүшріктері енді Шамға керуен жолдап, саудадан түскен пайдаға қарулануды мақұл көреді. Керуенге еркек-әйел деместен барша мүшріктер үлес қосады. Мұсылмандармен шайқасуға әзірліктің бастамасы болған бұл керуен мың түйеге тиелген тауармен сақадай сай тұрды. Әбу Суфиан бастаған отыз-қырық адам керуеннің қорғаушысы тағайындалды.

Алла Расулы құрайыштардың бұл әрекетінен дер уақытында хабардар етілді. Ойлана келе Әбу Суфиан бастаған сауда керуеніне тосқауыл қойып, Меккеге қайтаруға бел байлады. Үш жүзден астам сахабасын ертіп, осы сапарға дайындалды.

Пайғамбарымыз өзінің орнына мешітте намаз оқыту міндетін Абдуллаһ ибн Үмми Мәктумға тапсырды. Әнсардан Хазіреті Әбу Лүбәбәні қаланың уәкілі етіп сайлап, рамазан айының он үшінші күні мужаһидтермен бірге Мәдинадан жорыққа аттанды.

Күн сенбі. Ми қайнатқан ыстық. Алла Елшісі Пайғамбарымыздың ақ туын Мусаб ибн Үмәйір желбірете жоғары көтерді. Екі қара тудың «Уқаб» деп аталатынын Хазіреті Әли, екіншісін әнсардан Саад ибн Муаз ұстады.

Мүшріктердің керуенін Бәдір деген жерде күтіп алу ұйғарылды. Себебі, бұл – Мекке, Мәдина және Сирияға баратын жолдардың тоғысқан жері болатын.

Бәдір – Мәдинаның жүз шақырымдай оңтүстік батысындағы жазық жер. Жан-жағы таулы. Банан, жүзім сияқты жемістердің өсетін жері. Жәһилия кезінде жәрмеңкелер осында өткізілетін.

«Уа, құрайыш қауымы! Керуендерің, Әбу Суфианға сеніп тапсырған мал-мүліктерің қолды болуда. Мұхаммед пен оның нөкерлері жолай талан-таражға салыпты. Енді үлгере де алмайсыңдар»,- деп айқайға басты.

Құрайыш дүрлігіп, жолға жиналды. Өйткені керуенде әр отбасының үлесі бар еді. Аяқ астынан әзірленген мүшрік әскерінің саны тоғыз жүз елуге жетті, жүзі салт атты, жеті жүзге жуығы түйеге мінген. Құрайыштар қару-жарақ жөнінен де мұсылмандардан әлдеқайда озық-тын, жалпы әскер саны үш есе артық еді. Дәл кетер шақта мүшріктерге қосылғысы келмейтіндер де шықты. Бірақ Әбу Жәһил бастаған ақсақал-қарасақалдардың зорлығымен олар да мүшріктер қатарын арттырды. Сонда да Әбу Ләһаб науқасын сылтауратып, орнына өзге біреуді жіберіп, өзі бармай қалды.

Мүшрік әскері әндетіп, ұрандатып, дабылдатып Меккеден «Бәдір қайдасың» деп жүріп кетті. Жарты жолға келгенде керуенді Бәдірден аман-есен өткізген Әбу Суфианнан:

«Сендер керуенді, керуендегі дүние-мүліктеріңді қорғап қалу үшін жолға шықтыңдар. Тәңірі оны сендерсіз-ақ сау қалдырды. Енді кері қайта берулеріңе болады» деген хабар келеді. Хабарды алғандар қуанып қалды. Алайда Әбу Жәһил сынды азғындар Меккеге қайтуға асықпады.

Жанындағыларға да тосқауыл болып:

«Бір шыққан екенбіз, алған бетімізден қайтпаймыз. Бәдірге барайық, үш күн жатып, түйе сойып, шарап ішіп, тойлайық. Күңдер ән айтып, көңілімізді көтерсін. Ел-жұрт та қызыққа кенелсін. Сонан соң бізден қорқатын болады. Не тұрыс! Кеттік ары қарай»,- деп аттандайды.

Мүшріктер Әбу Жәһилге еріп, Бәдірді бетке алған. Хабаршы Әбу Суфианға келіп болған жайды жеткізеді. Әбу Суфиан қатты ашуланып:

«Қауымына обал болатын болды-ау! Әбу Жәһилдің арам пиғылын, халыққа басшы болуға ұмтылысын жаман ырымға баладым. Соңы қайыр болмас. Егер Мұхаммедтің асхабы оларға жолығар болса, шаруалары тынды»,- деп қайғырды.

Әбу Жәһилдің үгітіне ермей мүшріктерден бөлініп Меккеге қайтқандар да болды. Аһнәс ибн Шәрик өзімен бірге Зухра

руының жігіттерін ала кетті. Іле-шала Хазіреті Омардың руының жігіттері – Адий ибн Ка‘бтар да кері қайтты. Мүшрік әскері қатарында Хашимұлдары да бар еді. Құрайыштан кейбіреулер қағытып:

«Уа, хашимдер! Сендер бізбен сапарлас болсаңдар да, сендерге сенім жоқ, жүректерің Мұхаммед деп соқпасына кім кепіл»,- деген соң Әбу Тәліптің ұлы Тәліп те өз жақындарымен бірге еліне оралды.

Мужаһидтер Зәфиран деген жерге келгенде құрайыштардың қалың қолы өздеріне қарсы келе жатқанынан хабардар болады. Оқыс хабар мұсылмандарға төбеден жай түскендей әсер етеді. Алғашында сасып қалған олар не істерлерін білмей, ортақ шешімге келе алмайды. Өйткені әу бастағы ниеттері – соғысу емес еді. Соғысуға арнайы дайындықтары да жоқ. Мүшріктер қолының саны да көп, сақадай сай шайқасқа әзірлігімен келе жатқаны тіпті ойландырды.

Алла Расулы әрқашанғы шыдамдылығына басып, еш асып-саспады. Сахабаларын жинап, сауда керуенінің ізіне түсудің не мүшріктермен соғысудың қайсысы оңтайлы болатынын кеңесті. Мужаһидтердің бір тобы керуен соңынан еруді жақтады, бірақ РасулАлла бұл пікірді мақұл көрмеді.

Хазіреті Омар мен Хазіреті Әбу Бәкір сөз алып, мүшрік әскерімен шайқасқа бел бууды жөн көретіндіктерін айтты. Алла Расулы да осы ойға қосылды. Жиын соңында әнсар мұсылман Миқдат ибн Әсуәд сөз алып:

«Уа, Алланың Расулы! Раббың саған не бұйырса, сен соны орында. Біз Исрайылұлдарының Мұсаға «Бар, өзің-ақ Раббыңмен бірге дұшпандарға қарсы соғыс. Біз отырған жерімізден қимылдамаймыз» дегені сияқты болғымыз келмейді. Сен не істесең де біз саған шын пейілмен мойынсұндық»,- деді. Хазіреті Мұхаммед батыл да өжет сахабаның сөздеріне риза болып, батасын берді.

Мәселе түйінделді: мүшріктермен шайқасқа шығу бірауыздан келісілді. Тек әу бастағы серт бойынша әнсарлар муһажирлерді Мәдинаның ішінде қорғауға тиіс еді. Қазір Мәдинадан шалғайда олардың ойын сұрамау кісі құқығын таптағанмен бірдей. Пайғамбарымыз ішіндегі бұл түйткілді бүкпесіз ақтарды. Әнсарлар атынан ортаға шыққан Саад ибн Муаз былай деді:

«Уа, Расулулла! Біз саған иман еттік, сені мойындадық. Бізге әкелген дінің мен уағызыңның ақиқаттығына шүбә жоқ. Сенің жолыңмен жүруге, сол бағыттан айнымауға серт те бердік.

Уа, Алланың елшісі! Сенің айтқаныңды орындаймыз. Сенің бағытың – бізге бағдар. Біз сенімен біргеміз. Саған хақ дінді түсірген Аллаға ант береміз, сен ана теңізді нұсқап, сүңгір болсаң, біз де сүңгиміз. Ешкім тартынып қалмақ емес. Жауға қарсы күрестен қашпаймыз да. Жанымыз Алла жолында құрбан».

Сонымен шешім қабылданды, мужаһидтер санының аздығын елең де қылмастан қаптаған қалың құрайыш қолына төтеп беруге бел байлады. Мүшріктердің саны да, қаруы да, көлігі де батыл сахабаларды үрейлендіре қоймады. Құранның тілімен айтқанда бақыттылар «ажалдың аузына» (Әнфал сүресі, 5-6) қуана-қуана кіруге келісті. Олар Алла жар боларына сенімді еді. Алла жолында соғысатындықтан ұлы құдіреттің қолдайтынына шын көңілден иланған…

Саны аз, сапасы артық, яки иман күшімен жігерлері жасын отындай жарқылдаған мужаһидтердің тірегі – бар ғаламның иесі Жаратқан Алла еді. Қол бастаған да – Жаратқанның сүйікті құлы Мұхаммед (с.ғ.с.) болатын. Олардың ештеңеден секем алмастан мүшрік әскеріне қарсы шығуының себебі де сол.

Әнсарлар өкілінің айтқандарына разы болған Расул Әкрам күлімсіреген күйі:

«Қане, алға басыңдар, Алланың берекетімен шаттыққа кенеліңдер. Міне-міне, құрайыштың әскерлерінің сұлай түсіп, өлімге бас иетін жерлерін әлден-ақ көріп келемін. Оларды ажал айдап келді»,-деп сарбаздарын үміттендірді. Мұсылмандар жігерлерін жаныған сайын батылдана басып, Бәдірді бетке алып нық адымдай түсті. Бейсенбіден жұмаға қараған түні құптан намазы уақытында Ислам әскері Бәдірге жақындады.

Алла Елшісі бір төбешікті нұсқап: «Анау төбенің басында құдық бар. Сол маңнан көп мәліметке қанығатын сияқтымыз»,- деп Хазіреті Әли, Хазіреті Саад ибн Әби Уаққас және Хазіреті Зүбәйір ибн Аууамға маңайды шолып шығуға бұйрық береді. Сол мезетте бірнеше мүшрік су алуға түйелерін құдық басына шөктірген-ді. Олар ойда жоқта мұсылмандардың қолына түсіп қалады да, пайғамбарымыздың құзырына әкелінеді. Хазіреті Мұхаммед оларға құрайыш жайында бірнеше сауал қояды. Тұтқындар құрайыш әскерінің дәл алдарындағы құм төбенің ең биік тұсында екенін айтады.

«Әскердің ұзын саны қанша?» деген сұраққа әуелі дұрыс жауап беруден тайсақтаған мүшріктер екінші рет қайта сұрағанда нақты білмейтіндіктерін айтып жалтарады.

«Олай болса, олар күніне қанша түйе бауыздайды?»

«Бір күні тоғыз, кейде он түйе сойғанының куәсі болдық».

«Демек 950-1000 шақты адам болғаны»,- деді де, «Араларыңда құрайыштың игі жақсыларынан кімдер бар?»

Су тасушылар құрайыштың атақты, бетке ұстарларының атын атап шыққанда пайғамбарымыз сахабаларына қарап:

«Көрдіңіздер ме, Мекке бар жақсысын пида етті»,-деді.

«Жолшыбай Меккеге қайта оралғандар болды ма?»- деп Алла Расулы сұраулы жүзбен тұтқындарға қарады.

«Иә»,-деді олар, «Зухра руының азаматтары Әһнәс ибн Шәрикке еріп елге қайтты».

Сонда Алла Елшісі тұрып: «Алла тура жолдан тайған, ақыреттен, Аллатан, Кітаптан бейхабар Зухраұлдарына тура жолды көрсетті»,- деді.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: