26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар мешітінің құрылысы

Пайғамбар мешітінің құрылысы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Хижреттен соң арада бір жыл өткен. Сүйікті Пайғамбарымыз Мәдинаға көшіп келгенде қалада бүкіл жамағатпен намаз оқитындай, қажет жағдайда көп болып бас қосып, жиын өткізетіндей қолайлы орын жоқ-тын.

Исламның негізгі шарттарын жүзеге асыру үшін арнайы орталық – мешіттің жоқтығы мұсылмандардың арқасына аяздай батты. Уақытты көп созбай құрылысқа кірісу қажеттігін түйсінген Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларымен кеңесіп, мешіт салуға оңтайлы орын іздеді.

Қалаға алғаш табан тірегенде түйесінің шөккен жері - Сәһл, Сүһәйл есімді ағайынды жетім жігіттердің құрма кептіретін алаңқайы болатын. Ағайынды екеуі мәдиналық мұсылман Муаз ибн Афраның қамқорлығында еді. Хазіреті Мұхаммед Хазіреті Муаздан әлгі алаңды сатып алғысы келетінін айтып, бағасын сұрайды. Муаз жердің құнын иелеріне яғни екі жетім жігітке төлеп, алаңды Алла ырзалығы үшін тарту еткісі келетінін білдіреді. Пайғамбарымыз бұл ұсынысқа қарсы болып, жер иесін шақырып құнын қаншаға бағалайтындықтарын сұрады. Ағайынды екеуі бірауыздан: ―Уа, Расулулла! Біз сізге жерімізді ақы-пұлсыз-ақ берейік, төлемін Алладан күтейік. Жаратқан бізді жеткерсін,-дейді. Алайда Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) бұған да келіспей, ақыры он мысқал алтынға әлгі жерді сатып алады. Сахабалар осы сәтті көптен күткендей білек сыбана іске кірісіп кетеді. Құрылыс алаңын сыпырып тазалап, балшықтан қыш құйып, керекті заттарды дайындайды.

Мешіттің іргетасын қалайтын шақта Алла Расулының (с.ғ.с.) қасында төрт-ақ кісі – Хазіреті Әбу Бәкір, Хазіреті Омар, Хазіреті Осман және Хазіреті Әли ғана болады. Сол жерге кездейсоқ келіп қалған мұсылмандардың бірі: ―Уа, Расулулла! Алып құрылысқа небары төрт адаммен кіріспексің бе? - деп сұрайды. Мұхаммед (с.ғ.с.): ―Осы төртеуі менен соң ұлы істің басы-қасында болмақ,- деп жауап береді. Сөйтіп, атақты пайғамбар мешіті іргетасының алғашқы кірпішін мүбәрак қолымен Алла Расулының өзі қалап, онан соң Хазіреті Әбу Бәкір, Хазіреті Омар, Хазіреті Осман және Хазіреті Әли кезектесе қыш өреді.

Пайғамбарлар сардары мешіт құрылысында да өзі бас болып, ағаш тасып, тас қалап, өзге мұсылмандарды да ықыласпен оң іске жұмылдыра білді.

 ― «Арқалаған жүгіміз – қайырлы жүк. Уа, құдіретті Алла Тағалам! Бізді ақыретте алдымыздан жарылқа, муһажир мен әнсардың қолдаушысы Өзің болғайсың!» деген сынды дұғалармен мұсылмандарды қайрай түсті. Ізгі ниетпен аянбай істелген еңбектің нәтижесінде пайғамбар мешітінің құрылысы аз уақытта тәмамдалды. Төрт қабырғасы кірпіштен қаланған, қарапайымдылығымен қасиетті бұл ғибадатхананың төбесі әдейі ашық күйінде қалдырылады.

Пайғамбар мешіті тек намаз оқуға арналған ғибадатхана емес, мұсылман жұртшылықтың алқа қотан жиналып имани мәселелерді талқылайтын, діни мұқтаждықтарын өтейтін орны болған. Діни оқулар, ру-тайпа басшыларының әр түрлі дәрежедегі кездесулері осында ұйымдастырылатын.

Мешіт құрылысы аяқталғаннан соң ғибадатханамен жапсарлас екі бөлмелі үй салынды. Қабырғасы кірпіштен қаланып, төбесі құрма ағашының діңімен, ұзынша бұтақтарымен жабылған бұл бөлмелер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметті зайыптары – Хазіреті Сәуда мен Хазіреті Айшаға арналған-тын. Артынан Алла Расулының басқа әйелдерімен некесі қиылған сайын бөлмелер саны арттырылып отырған. Төбесі құрма ағашының бұтақтарымен жабылған тоғыз бөлменің төртеуі қолдан құйылған қыштан, бесеуі тастан қаланған.

Мешіт жанынан өзіне арналған үй салынған соң Пайғамбарымыз Хазіреті Әюб Әл-Әнсаридің үйінен көшіп, өз шаңырағына келіп орнығады.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: