26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мекке кезеңін түйіндейтін болсақ

Мекке кезеңін түйіндейтін болсақ

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Мұхаммед ﷺ Мәдинаға хижрет етті. Он үш жылға созылған Мекке кезеңі артта қалды. Исламды уағыздауда маңызды орны болған бұл кезеңнің тобықтай түйінін осы жерде тағы бір түйіп, Расулулланың басынан өткерген жайттарын қысқаша атап өткенді жөн көрдік…

Пайғамбарымыз б.э. 610 жылы Алла Тағала тарапынан пайғамбар ретінде жіберілген кезде араб қоғамы тас түнек қараңғылық ішінде еді. Өз жерлестерімен қоса күллі адамзатты осы қою қапастан құтқару міндеті Хазіреті Мұхаммедке ﷺ жүктелді…

Оны пайғамбар етіп жолдаған Ұлы Жаратушымыз Исламды қалай уағыздап, қалай тарату керек екендігін ұдайы ескертіп отырды. Пайғамбар осы әмірлерге мойынсұнып қызмет етті. Тұрмысты жаңа, бұрын-соңды болмаған принциптермен жаңғырту оңай емес, әрине. Айналасындағылар салтына берік, ерегісте алдына жан салмайтын араб қоғамы болса, бұл істің ауырлығын ойша шамалай беріңіз. Өзі өмір сүріп отырған ортаның ерекшеліктерін өте жақсы білетін Расулулла пайғамбарлық міндетін қабылдап ала салысымен ашықтан-ашық насихатқа кіріскен жоқ. Пайғамбар екендігін құпия ұстады. Исламды да жария етуге асықпады. Шарттардың оңтайлылығы, біраз уақыт қажеттігін білді.

Мұхаммед пайғамбар ﷺ иманға келуге ең алдымен жақын-жуығын үндеді. Тұңғыш уағызын жан жары Хазіреті Хадишаға арнады. Хадиша ана оның пайғамбарлығына шәк келтірмей, сол сәтте- ақ мұсылман болды. Мұнан соң төрт жасынан бері қолында өскен, тәрбиесін көрген Хазіреті Әлиді Исламға шақырды. Ол да иман келтірді. Сонан соң ғана отбасындағылардан басқа ең сенімді жолдастарына иман ақиқатын түсіндірді. Жан жолдасы Хазіреті Әбу Бәкір мұсылмандыққа бас иген соң, соның арқасында бірнеше кісі имандылыққа бет бұрды. Исламды жасырын уағыздау кезінде Хазіреті Мұхаммед ﷺ өте сақ қимылдайтын, әрбір істе абай болуға тырысатын. Алғашқы мұсылмандардың да мұқият болуын ескертетін. Мысалы, Әбу Зәрр Ғифари мұсылман болғанда, оған айтқан ұсынысы: «Уа, Әбу Зәрр! Сен әзір бұл істі құпия ұста. Еліңе қайт. Біздің ашық түрде іске кіріскенімізді естігенде келерсің». Пайғамбардың бұл ескертуінің себебіне аса мән бермеген ол, кеудесін кернеген қуанышқа жеңдіріп, Қағбаға барып мұсылмандығын жария еткенде мүшіріктердің соққысына душар болады.

Хазіреті Расулулла табаны күректей үш жыл бойы тапжылмай жасырын уағыз-насихат жүргізеді. Осы мерзім ішінде қатарына қосылғандар саны отызға жуықтаған… Бұл құпия үндеу кезеңі «Ең жақын туыстарыңа ақырет азабын ескерт» деген аяттың түсуімен аяқталды. Осы аяннан кейін Пайғамбарымыз Алланың әміріне сүйеніп, туыс-туғандарын Исламға мойынсұнуға шақыра бастады. Бастапқыда Әбдімүттәліптің ұрпағын жинап, насихат айтады. Сосын үгіт шеңберін кеңейтіңкіреп, Сафа төбесінен барша меккеліктерге жар салды. Оларды Алланың бірлігіне иман келтіріп, пайғамбарлығын мойындауға үндеді. Ә дегенде оны құптай қойған ешкім болмады. Тіпті Әбу Ләһаб тәрізді дұшпандар Пайғамбарды балағаттап та жіберді. Алайда Хазіреті Мұхаммед ﷺ иманға шақырып, халықты Аллаға илануға насихаттаудан жалықпады.

Алла Тағала уахи түсіріп, пайғамбарға айтар үгітінің ретін білдіріп отырды, яғни:

1) Алланың барлығы мен бірлігіне иман келтіру;

2) Өлгеннен кейін қайта тірілуге деген сенімді ақылдарға, жүректерге, рухтарға сіңіру…

Пайғамбарымыз да осы бағыттан танбады. Алланың бірлігіне уағыздап, одан соң өлімнің мәңгілік өмірге апарар жол екендігін түсіндіруге тырысты. Мұнан басқа да пайғамбарға жүктелген міндеттер жеткілікті еді. Дегенмен, ең маңыздысы, жоғарыда айтылғандар. Себебі, халықтың санасын, рухын сәулелендірген соң қалған әлеуметтік, қоғамдық жағдаяттарды реттеу оңайға түсер еді. Пайғамбарымыз ﷺ, біріншіден Алладан алған әмір бойынша халықтың сенімін бір ізге түсіруді, жалғыз Аллаға бас игізуді қолға алды. Сенімнің іргетасы мықтап қаланған соң оның жалғасын табары сөзсіз еді.

Осы мақсатпен ол адамзатқа тәухид сенімін ақтарды. «Лә илләһә иллаллаh деп азаптан өздеріңді құтқарыңдар» деумен болды. Алла Елшісінің насихаты әл-ауқаты жоғары, беделді, бай кісілерге әсер ете қоймады. Ондайлар дүниенің сырты тәтті, іші бос ләззаттарына беріліп, пайдадан бас тартқылары келмеді. Сөйтіп пайғамбарға наразылық білдірді. Алдымен олар пайғамбарды халықтан аластап, айтқанын тыңдамай, қылжаққа айналдырды. Бірақ пайғамбар түсіндірген ақиқатты мойындаушылар саны күннен күнге арта түсті. Мұны көрген әлгі наразылар тобы пайғамбарға қарсы үгіт жүргізе бастайды. Жала жауып, жұртты алдағысы келеді. Хазіреті Мұхаммедті «сиқыршы, сәуегей, шайыр» деп көрсетсе де, соңынан ергендердің санасына тосқауыл қоя алмады. Бұл да болмаған соң зорлық-зомбылық жасауға бел буды. Пайғамбар мен мұсылмандарды мешітке кіргізбей, намаз қылып жатқанда үстеріне қоқыс-шірінді лақтырып, жолдарына шеңгел, жантақ шашып ойларына келгенін істеді. Әлсіз-дәрменсіз мұсылмандарды қорлап, азаптағаннан ләззат алатын жауыздардың қолынан қаза тапқандар да болды. Жағдайлар шиелінісе берді. Мұсылмандардың саны да аз, қауқары да төмен еді. Азап пен зұлымға қарсы тұру қиынның қиыны. Бұлай жалғаса берсе муминдерді түп-тамырымен жойып жіберулері де ғажап емес-ті.

Ауыртпалықтарға мойымастан Хазіреті Расулулла тынбай Ислам дінін жая берді. Мүшріктердің қорлығына кеудесін керіп қарсы тұрып, Алладан келген аяндарға арқа сүйеп, сабыр сақтап киелі мақсатына ілгерілей берді. Алла Тағала адам айтқысыз қиыншылықтарға душар болған мұсылмандарға түсірген аяттарымен дем беріп, оларды сабырға шақырды. Солардың бірі «Аср» сүресі, онда бір-бірін хақ жолында сабырға шақырғандар мадақталады.

Сондай-ақ кейде Алла Тағала Елшісін тікелей шыдамдылыққа шақыратын «Мә’ариж» сүресінің 5- аятында: «(Ей Расулым!) Сен әзірше (ол кәпірлердің зорлығына) көркем сабырмен жауап бер» делінген. Осы жарлықтарға құлақ асып, Алла Расулы ﷺ Мекке кезеңінде нендей қиындық көрсе де төзімін түгеспей, мұсылмандардың да шыдамын шыңдап отырды. Ясир отбасына айтқан ақылы – мұның нақты айғағы. Ясир отбасы мүшріктердің азапты әрекеттерінен әбден қажыған болатын. Пайғамбарымыз ﷺ оларға: «Ей, Ясир отбасы! Сабыр сақтаңдар. Сендерге жәннат сыйы бар» деген еді…

Тағы бірде кәпірлердің қорлығына ызаланған Хаббаб ибн Әрат есімді сахабаға: «Сендерге дейінгілердің арасында денесін темір тарақпен тарап, етімен терісін ажыратқанда, кеудесін қақ ортасынан арамен кескенде сабыр сақтап иманнан бас тартпағандар да болған. Алла Исламды тәмамдап, бәрінен үстем қылады. Сендер асығыстық жасамаңдар» деген еді.

Екінші Ақаба келісімі тұсында мәдиналық мұсылмандардың бірі: «Уа, Расулулла! Сен қаласаң, күні ертең Минадағы халыққа шайқас ашайық» дегенде Хазіреті Мұхаммед: «Жоқ! Бізге қарулы қақтығысқа шығуға әзірше рұқсат жоқ» деп жауап берген. Байқағанымыздай, Пайғамбарымыз бен мұсылмандардың Мекке кезеңіндегі ең күшті қаруы – сабыр болатын. Сабыр түбі-сары алтын демекші, расында төзімділік те нәтижесін берді. Мәселен, Хазіреті Хамзаның иман келтіруінің негізінде де аяусыз азаптарға кеуде керген мұсылмандардың төзімділігі бар.

Мүшріктердің қинап, зорлық көрсетуі шектен шыққан тұста мұсылмандардың Аллаға ғибадат етуіне, емін-еркін намаз оқуына қауіп төнеді. Ислами қажеттіліктерді өтеу мақсатымен Хазіреті Мұхаммед көзден таса, оңтайлы орын іздеуге мәжбүр болады. Ақыры Әркам ибн Әбил Әркамның үйі ғибадатханаға лайық деп табылады. Әбден азғындаған мүшріктер енді Хазіреті Мұхаммедке деген іштерінде қайнаған ызаны пайғамбардың көкесі Әбу Тәліпке жеткізеді. Шарасы түгесілгендей болған Әбу Тәліп бауырына мүшріктердің тілегін жеткізеді. Сонда Алла Расулы: «Уа көке, егер осы істен бас тартуым үшін оң қолыма – күнді, сол қолыма – айды ұстатса да, мен алған бетімнен қайтпан! Не Алла осы дінді бүкіл жер жүзінде үстем қылар, не болмаса мен осы жолда басымды өлімге тігермін» деп жауап береді. Мүшіріктер айла-шарғымен Алланың нәбиін қорқытудың мүмкін еместігін аңдайды. Мал-мүлік пен мол байлық та пайғамбарды алған бетінен қайтара алмайды. «Шыдамның да шегі бар» демекші, мүшріктер әңгір таяқ ойнатқаны соншалық, мұсылмандар Хазіреті Мұхаммедке ﷺ шағым айта келуге, тұйықтан шығар жол іздеуге мәжбүр болады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз ﷺ оларға Хабашстанға көшуге рұқсат береді. Мұсылмандар екі топ болып жыраққа ауа көшеді.

Алла Расулы ﷺ әрдайым сан мен сапаның қатысына аса мән берген. Алладан «Бұл дінді Омар ибн Хаттаб немесе Амр ибн Хишам арқылы күшейте гөр» деп сұрауы да содан. Аталған екеуі Исламның қас жауы, мықты дұшпаны еді. Екеуінен біреуінің иманға келуі Исламның қуатын арттыра түсері даусыз болатын. Алла сүйікті құлының дұғасын қабыл етіп, Омар мұсылман болған соң муминдердің қаупі сейілгендей болады.

Әбу Тәліптің өлімінен соң мүшіріктер Хазіреті Мұхаммедті ﷺ қорғансыз біліп дұшпандықтарын арттыра түседі. Пайғамбарымыз ﷺ сенімді пана іздеп Тайфқа барады. Бірақ амал нешік, ондағылар Оны қорғамақ тұрмақ, дүрелеп қуып шығады. Сонша жаны ауырған сәтте де екі дүниенің нұры Хазіреті Мұхаммед ﷺ өзін азаптағандарға арнап «Аллаhым! Осылардың ұрпақтары арасынан дінге адал қызмет ететін нәсіл шығар» деп дұға етеді. «Таспен ұрғанды аспен ұрдың» нақты мысалы осы емес пе?! Меккеге шет жерден келгендермен құпия болса да кездесіп, оларға иман ақиқатын түсіндіруі Пайғамбардың ﷺ атамекенінен жырақтағы көңілдерді жаулауына себеп болады. Мүшріктер қанша кедергі болуға тырысса да, иман шұғыласы Меккеден асып Мәдинаға дейін жетеді. Хижрет арқылы мұсылмандар жаңа кезеңнің табалдырығын аттағандай еді…

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: