02
Сенбі,
Қараша

һижри

Интеллектіні күшейтудің алғашқы қадамы – дұрыс тамақтану

Интеллектіні күшейтудің алғашқы қадамы – дұрыс тамақтану

Ислам тарихы

Адамның физикалық халі аса маңызды. Себебі, дене ақылдың, жүректің әрі рухымыздың құралы. Тәнімізді жанымызға/рухымызға бағындыра алсақ, өмірлік приоритеттеріміз де өзгере түседі.

Дене жақсы қызметкер бола алады, алайда жақсы басшы бола алмайды. Хәкім Абай жас бала екі түрлі мінезбен дүниеге келетіндігін айтып, олардың негізгі қызметтеріне тоқталады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам. Бұл – тәннің құмары. Екіншісі – көрсем, білсем екен деген жанның құмары. Тәннің құмарын жоққа шығармай, ішіп-жем болмаса, тән жанға қонақ бола алмайтындығын да ескертеді. Сол үшін де физикалық интеллектіні күшейтудің ең алғашқы қадамы – дұрыс тамақтану. Абай айтқан ішсем, жесем деген тән қалауын да дұрыс қамтамасыз ету маңызды екен. Өмірімде қолданып, пайдасын көрген және диетолог, медицина саласының профессорлары ұсынған кеңестері төмендегідей:

- Таңғы ас ішу – міндетті;

Таңғы асқа селсоқ қарап, ішпей жүрген адамдардың 30 пайызы артық салмақпен проблемасы бар. Себебі таңғы ас ішу түскі асты шамадан тыс жеуден сақтайды. Сол үшін жегісі келмесе де, аз-аздан болса да жеп үйрену.

- Тамақтанар кезде ақуызы (белок) бар астан бастау;

Ақуызы бар тағамдар: ет, балық, жұмыртқа, сүтті тағамдар, ірімшік, теңіз өнімдері, үрмебұршақ (фасоль). Күнделікті нормасы: кем дегенде 1 г, физикалық жаттығу жасайтын жандар үшін кемі 2 г.

- Күніне 3-5 рет тамақтану;

- Көкөніс, жеміс-жидек;

Мамандар 400 гр аз болмау тиіс екендігін айтады. Өзім нақты грамына қарамаймын. Бірақ күнделікті жейтін тағамдарымның тізімінде көкөніс бар.

- Сүтті өнімдерді тек 18:00-ге дейін қабылдау;

- Кешкі асты ұйқыдан 3 сағат бұрын ішу. Бірақ 21:00-ден ерте тамақтану қажет;

- Су ішіп жүру;

Ересек адамның денесі 60-70 пайызы судан тұрса, қалған 30-40 пайызы органикалық және бейорганикалық заттар. Адам күніне дем алу, тердің шығуы, кіші және үлкен дәреттің себебінен, яғни физиологиялық тұрғыдан 2.5 литр су жоғалтады. Ең бастысы, өзіңізге қажетті мөлшерде ішуіңіз маңызды.

Дұрыс тамақтануға қатысты тағы бір ескеретін жайт бар. Біз астың адал болғанын ең басты шарт ретінде қарастырамыз. Яғни, халал болуы қажет. Бірақ бұл жеткіліксіз. Себебі Құран мәтініне қарасақ, «Бақара» сүресінің 168-аятында: «Уа, адамдар! Жердегі барлық нығметтердің адал әрі тазасынан жеп-ішіңдер», - делінген. Жаратушы Алла мұсылмандарға ғана емес, жынысына, ұлтына қарамастан жалпы жаратылысқа ішіп-жемнің халал болумен қатар ол таза, яғни, денсаулыққа пайдалысын пайдалануға шақырыпы отыр. Кейбір сусындар мен тағамдардың халал стандарты болған күннің өзінде әрбір адам денсаулығына қарай қажеттілігіне сай қолдануы қажет. Мұның бәрі дұрыс тамақтануға байланысты қысқа-нұсқа кеңестер.

материал «XXI ғасырдағы 21 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: