Сәбит әл-Бунаниден Әнәстың (Алла оған разы болсын) былай деп айтқанын жеткізеді:
«[Бірде] Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасында болғанымызда жаңбыр жауа бастады. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның [денесіне] жаңбыр тамшылары тию үшін [сыртқы] киімін [аздап] ашты. Біз: «Уа, Алланың Елшісі, сен неге бұлай істедің?» - деп сұрадық. Ол: «Өйткені, оны Раббымыз жақында ғана [жаратқан]», - деді (Муслим, № 898( 2080).
Бұл - әлі пұттарға табынатындар мекендейтін жерге түспеген, күнәһарлардың қолдары әлі тимеген су. Сондықтан одан игілік-береке алуға болады («Фәтх әл-Мулһим», 397/2).
Имам ән-Нәуәуи: «Бұл хадистің мағынасы: жаңбыр Алланың рақымы және Оның қалауымен жауады. Жауып жатқан тамшылар бірнеше сәт бұрын ғана жаратылған, сондықтан олардан береке іздеуге (тәбәррук) болады», - деп жазады («Шарх Сахих Муслим», 195/6).
Сондай-ақ, бұл Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барлық игілікті істерді үйреткенінің және Алла Тағалаға жақындататын барлық әрекеттерді толық үйреткенінің көрсеткіші («Фәтх әл-Мулһим», 397/2).
материал «Ұмытылған 40 сүннет» кітабынан алынды,
ummet.kz