23
Дүйсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ең қауіпті əрі ең ауыр ғайбат

Ең қауіпті əрі ең ауыр ғайбат

Ислам тарихы

Ең қауіпті, ең ауыр ғайбат түрлерінің бірі заңды тұлғаны немесе сол тұлға өкілдік етіп отырған қауымды ғайбаттау болып табылады.

Мұндай ғайбаттың түрін мынадай мысалмен түсіндіруге болады: «Ғайбаттың тағы бір түрі бар, басқаларымен салыстыруға келмейтіндей үлкен күнə. Бір хадисте мұндай ғайбаттың жиырма зинақорлықтан да ауыр күнə екені айтылған. Мысалы, бір қауымға, бір əрекетке немесе бір жамағатқа өкілдік етіп отырған адамды ғайбаттау осыған жатады. Өйткені, ол адамның тағдыры сол жамағатпен біте қайнасып кеткен. Сол себептен ол туралы айтылған ғайбат сөз бүкіл жамағатты ғайбаттағанмен тең саналады.

Мұндай күнə жасаған адам сол топтардағы барлық адамнан жеке-жеке кешірім сұрамайынша жұмаққа кіруі қиын болады. Өйткені, пайғамбарымыз: «Ғайбаттан сақтаныңдар, өйткені, ғайбат зинақорлықтан да ауыр. Адам зина жасап, тəубаға келіп, қайтадан жасамаса, Алла Тағала оның тəубесін қабыл етеді. Ал ғайбат жасаған адам сол ғайбаттаған адамынан кешірім алмайынша бұл күнəсі кешірілмейді» деген.

Сол себепті мүминдер сондай жаман жағдайға душар болмау үшін ғайбаттың барлық түрінен жерініп, тілдерін сондай жаман сөздерден арылтып, жаман ой-түсініктен аулақ болуға тырысуы керек. Зинақорлықтан да асып түсетін ғайбат түрінен сақтану үшін ең кішкене өсектің өзінен сақтанып, байқамастан ең үлкеніне шалдығып қалмауға күш салуы қажет. Сол бəледен сақта деп Алла Тағалаға əрдайым сиынып жүрген жөн. Ғайбат иманы орныққан мүминде болмауы керек вирус болып саналады. Адий ибн Хатим (радиаллаһу анһ) ғайбатты төмен, ақымақ адамдардың өрісі деп қабылдайды.

Арлы, намысты адамдар басқалардың сыртынан сөйлемейді. Алда-жалда біреудің бір кемшілігін немесе қателігін көрсе, бұл туралы оның өзіне ескертеді немесе үшінші тұлғаны себеп етіп оларға ескерту жасайды. Жолдасының арқасында тұрған шаянды көрген адам оған күлмейді. Қайта дереу айтып, шаянды алып тастауға көмектеседі. Егер жолдасы ала алмаса, жəрдем береді. Шынайы дос пен нағыз мүмин солай жасайды. Жаны ашымастық нағыз жолдастың жасайтын ісі емес.

Кезінде мұнафықтар иман келтірушілермен бірге тұрғанда «Біз де мүминбіз» деп, шайтандарымен оңаша қалғанда «Біз сендермен біргеміз, біз бар болғаны (иман еткенсіп) оларды мазақ етіп жүрміз» деп екіжүзділік жасаған. Сондықтан мұндай əрекет иманды адамда болмауы тиіс. Кəміл иманға ие адам бауыры жоқ жерде олардың намысын таптайтын сөздерді айтпайды. Дұрыс əрекет жасап, барлық жерде əрдайым бауырының құқығын қорғап жүреді.

материал «Ғайбат» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: