Ықыласты амал мен ғибадатқа ие құлдарды шайтан азғыра алмайды. Алла Тағаланың Құранда Ібіліске: «Менің таңдаулы һәм ықыласты құлдарыма сенің ещқандай ықпалың жүре алмайды» деуінің себебі осы. Неге ықыласты құлдарды Ібіліс азғыра алмайды?
Себебі, ықылас бір сыр. Сырдың екі ұшы бар: бірі – айтушы, екіншісі – естуші. Үшінші біреу араға кірсе, сыр сыр болудан қалады. Ол кезде сыр жария болады. Жария болған соң, ол хабар әркімге ортақ болады, әркімнің ол хабардан үлесі болады. Ықылас та Алла Тағала мен құлдың арасындағы бір сыр. Сондықтан да ықыласта үшінші біреудің үлесі жоқ. Сол үшін де атақты сопы Жүнейд әл-Бағдади: «Ықылас – Алла Тағала мен құлдың арасындағы бір сыр. Ол сырды періште де біле алмайды сауабын жазатындай, шайтан да біле алмайды бұзатындай, нәпсілік қалаулары да біле алмайды адастыратындай», - дейді.
Демек, ықылас бір сыр болғандықтан, оның тұнығын лайлауға шайтанның да, нәпсінің де шамасы келмейді. Тіпті, періштенің өзі сауабының қаншалықты екенін біле алмайды. Бұл дегеніміз ықыласты амалдың қаншалықты сауапқа ие екендігі тек бір Аллаға ғана мәлім деген сөз.
материал «Тасаууф тұнығынан» кітабынан алынды,
ummet.kz