02
Сенбі,
Қараша

һижри

Қадір түні ұйықтамау шарт па?

Қадір түні ұйықтамау шарт па?

Ислам тарихы

Қадір түні – қасиетті, құдіретті, тағдыр деген мағыналарды білдіреді.

Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадыр түні мың айдан да  қайырлы»[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»[2], - дейді.

Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы»[3] - десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!»[4], - деген.

Ал, Суфиян Сәури былай дейді: «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы»[5]. Ендеше қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес. Себебі Айша анамыз: «(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес»[6], - дейді.

Алайда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр қалады»[7] - делінген.

Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршап-шалдықса кішкене тынығып алудың оқасы жоқ. 

[1]«Қадір» сүресі, 1-аят.

[2]Бухари, №1901.

[3]Ибн Касир, Мухтасар тәфсир, 3/659.

[4]Ләтаифу әл-мәғариф, 191.

[5]Ләтаифу әл-мәғариф, 204

[6] Нәсәи риуаят еткен хадис.

[7] Ибн Мәжә риуаят еткен хадис. 

материал «Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: