02
Сенбі,
Қараша

һижри

Рамазан айының соңғы түндерінде құлшылықты арттыру – сүннет

Рамазан айының соңғы түндерінде құлшылықты арттыру – сүннет

Ислам тарихы

Халық арасында Рамазанның соңғы түндері деген сөз қолданылып жатады. Бұл түндер қандай түн? Бұл түндер ықыласпен құлшылық жасайтын түндер, Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл түндері әз пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белін буып, балағын қаттырақ байлағанын айтқан. Яғни, көп құлшылық етіп, жақындарын да құлшылық жасауға шақырған.

Ән-Насаи мен Ибн Мәжадан жеткен хадисте Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазан айынан өзге айларда Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір түнде Құранды бастан-аяқ оқып, таңға дейін намаз оқып, бір ай бойы ораза ұстағанын көрмедім»,- деген.

Өзге бір хадисте: «Пайғамбар Рамазанның соңғы түндері жақындарының барлығын намазға оятатын әрі өзі де ұйықтамайтын. Бұл түндері ол көп құлшылық жасайтын»,- делінген.

Имам Шафиғи: «Рамазан айының соңғы түндерінде құлшылықты арттыру сүннет болып табылады»,- деген.

Бұл түнде біздің құлшылығымызды арттыруға ынталандыратын ол – Қадір түні. Бұл түн мың айдан, яғни 83 жылдан қайырлы. Бұл деген сөз бұл түнін құлшылықпен өткізген адам мың айдай құлшылық жасағандай сауапқа кенеледі. Бұл Раббымыздың біздің үмметке берген нығметінің бірі. Әнас ибн Мәліктің айтуынша, бірде Рамазан айы басталған кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Рамазан айы келді, бұл айда мың айдан да қайырлы түн бар. Кімде-кім бұл түнді бейғамдықпен өткізіп алған болса, барлық жақсылықтан құр қалды деген сөз. Кім осы түннін нығметінен құр қалған болса, ол адам нағыз құр қол қалған болады», - деген. Ғалымдар бұл түні жасалған жақсы амалдар, мың ай бойы жасаған амалдардан қайырлы деген.

Қадір түнінің қаншасыншы түні болатыны беймәлім, алайда хадистерге сәйкес, соңғы он күндегі тақ түндердің біріне тура келеді: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер».

«Іздеңдер» деген сөз оның белгілерін қарап отыру деген емес, керісінше, сол түні ұйқыдан бас тартып, құлшылық жасау дегенді білдіреді. Алланы еске алу, кешірім тілеу, дұға жасау, нәпіл намаздар оқу, Құран оқу секілді құлшылықтарды атқару. Айша анамыз Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл түні қандай дұға оқу қажеттігін сұраған кезде:

«Раббым! Расында, Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің! Ендеше, мені де кеше көр!»,- деген дұғаны оқуға кеңес берген.

«Кімде-кім Қадір түні Алланың рақымнан үміт етіп, нық сеніммен құлшылық жасар болса, ол адамның өткен күнәлары кешіріледі».

Соңғы он күндегі сүннетке иғтикаф та жатады. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің Рамазан айының соңғы он күнінде мешітке кіріп, жалғыз қалғанын жеткізген. Әз елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылай жасауды өмірден озғанша жалғастырған. Сонымен қатар, Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр жылғы Рамазанда иғтикаф жасайтын. Алайда, өмірден озатын жылы жиырма күн бойы иғтикафта болған»,-деген.

Иғтикаф рухани азық жинауға көмектеседі: өмірің жайлы ой жүгіртіп, болашақты бағамдап, өткеніңді есіңе түсіреді. Иғтикаф сабырлы болуға және рухтың табандылығына тәрбиелейді, мұсылман адамның жаратушысына жақын болуына, дүниелік уайым-қайғыны бір сәтке болсын ұмытуа жәрдемдеседі.

Әсіресе, соңғы он түнде жомарттық таныту өте маңызды. Бұл – рамазан айының маңызды сүннеті, себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы уақытта ерекше жомартық танытқаны белгілі. Имам ән-Науауи:

«Рамазан айында жомарттық таныту қажет, әісресе, соңғы он түні. Осылайша біз Алла елшіснің сүннетін орындаған боламыз. Сонымен қатар, қасиетті айда жасалған амалдардың сауабы еселеніп жазылады. Бұл айда көпшілік құлшылыққа көп мән беріп жатқан кезде кейбір мұқтаж жандарға көмек қажет болуы мүмкін»,- деген.

Соңғы он түндегі жасалатын сүннет амалдар анық әрі түсінікті. Алайда бұл түндегі атқаратын амалдар мен құлшылықтарға берілетін сауапты тіпті елестету мүмкін емес. Сондықтан да ақыретіміз бен өміріміздің соңы жақсы болуы үшін осы түнде берілген мүмкіндіктерден құр қалмайық!

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: