25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бір кісінің қайта-қайта қажылыққа бара беруі шарт па?

Бір кісінің қайта-қайта қажылыққа бара беруі шарт па?

Қажылық

Қажылық – Ислам дінінің бес парызының бірі. Оны мүмкіндігі болған адам өмірінде бір рет орындауы парыз.

Қасиетті Құранның мына бір аятында: «Адамдарға «Қажылыққа келіңдер», – деп жар сал. Олар саған мейлі жаяу-жалпылы, мейлітүйелерге мініп болса да дүниенің түкпір-түкпірінен келсін» («Хаж» сүресі, 27-аят) делінсе, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед (с.а.с) Оның елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зе-кет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» (Мүслим, иман, 21) деген. Яғни, бұл аят, хадистерден шамасы жеткен адамның өмірінде бір рет қажылық жасауы парыз екендігін ұғамыз. Ал, екінші рет жасаған қажылығы нәпіл қажылық болып саналады.

Қажылық міндетін өтеу әрбір мұсылманның арманы. Тіпті, бір рет қажылық жасаған адам қасиетті Қағбаға тағы да баруды көксеп тұратыны сөзсіз. Алайда, құлшылықтағы мақсат Алланың разылығы болғандықтан, қолында қаражаты бар адам тағы да қажылық жасасам деген ынтызарлық, сол қасиетті жерге болған сағынышын басты мұратына айналдыруға болмайды. Адам қолындағы қаражатын, мүмкіндігін Алланың берген аманаты деп білу, сол негізде құлшылық-ғибадат өтелу керек. Әрине, бұл адамның нәпсісіне жақпауы мүмкін. Өйткені, қайта-қайта қажылық жасап елдің қошаметіне бөлену, ел қатарлы Меккеде болып қайту өз алдына бір тартымды іс. Алайда, бір рет қажылыққа барып, парыз міндетін өтеген адам үшін өзге де кезекте тұрған парыз құлшылықтарды әуелі орындау міндет екенін естен шығармаған жөн. Яғни, екінші рет қажылыққа бару – нәпіл амал (еркіті амал). Жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю – парыз айн (әркім қолынан келгенше орындауы тиіс парыз) амал. Бұл екі ғибадат қатар келсе, екіншісінің үкімі парыз әрі сауабы мол болғандықтан әуелі парыз орындалады. Мұсылман адам нәпіл қажылық ғибадатын орындағаннан гөрі сол қаражатын Хақ Исламды насихаттау жолына жұмсау керек. Сондай-ақ, әлем мұсылмандары үшін мерекелі де, берекелі Құрбан айт күндерін өзгелердің Хақты танып, тура жолға түсуі үшін бір мүмкіндік ретінде тиімді пайдалануға болады. Мысалы: нәпіл қажылық үшін дайындаған қаражатына Ислам дінін көркейту жолына жұмсау, құрбан шалып экономикалық жағдайы төмен адамдарға, ағайын-туыстарына және өзге дін өкілдеріне де тарату арқылы олардың көңілдерін жібіту, Ислам дініне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, т.б. игі шараларды істеуі жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю ісіне, яғни, мұсылмандық парыз міндеті болып табылады.

Мұсылман – екінші күні әуелгі күніне ұқсамаған жан. Әрдайым Алла разылығын мұрат ете отырып, Жаратушы Хақты таныту, адамдарды Ислам құндылықтарынан хабардар қылу идеалымен өзгелердің иманға келуіне себепкер болудан, көптің қызметіне жараудан бағалы игі іс жоқ. Ал, жеке мүддесін өзгелердің бақытынан жоғары қою таза мұсылмандыққа жатпайды. Сол себепті, қайта-қайта қажылыққа барудың орнына қолындағы сол қаражатын дін насихаты жолына сарп еткені жөн.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: