25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қасиетті Қағба тарихы қалай басталғаны жайында деректер

Қасиетті Қағба тарихы қалай басталғаны жайында деректер

Қажылық

Қағба  әл-Мүшрифа  –  Мәсжид  Харамның  дәл төрінде орналасқан. Қағба – Алла тағаланың Жер бетіндегі алғашқы үйі. Ол туралы Құран кәрімдегі «Әли  Имран»  сүресінің  96-аятында  былай  делінген: «Шындығында, адамдар құлшылық ету үшін салынған алғашқы Үй – Беккеде (Меккенің көне аты). Ол берекелі және  ғаламдардағы  ақиқат  жолды  көрсетуге  қызмет етеді».

Қағба  тарихының  қалай  басталғаны  бір  Алла тағаланың өзіне мәлім. Ол жайында бізге бірнеше дерек жеткен.

Бірінші дерек – Алла тағала алдымен Үй салып, екі мың жылдан кейін Жерді жаратты. Сол Жерді Үйдің астына айналдырып әкелген дейді.

Екінші  дерек  –  Адам  ата  (ғаләйһис-сәләм) жаратылғанға дейін Алла тағала періштелерге Үй салуға әмір берген екен. Періштелер Үйді жәннаттың асыл тастары – қызыл түсті лағылдан тұрғызыпты. Алайда, ол тастардың ішінен бізге жеткені Қара тас қана. Адамдар күнәға батқаннан кейін жаннаттың бұл тасы қара түске айналған. Қара тас – бақыт әкеледі, сондықтан қажыға барған мұсылмандар бұл қасиетті Қара тасты сүйеді.

Үшінші дерек – Адам ата мен Һауа ана жәннатта өмір сүріпті. Алла тағала оларға тек бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салады. Алайда, Ібіліс шайтанның арбауына түскен Адам ата мен Һауа ана жемісті  жеп,  Алла  тағаланың  қаһарына  ұшырайды. Адам  ата  Жаратқан  Иеге  жалбарынып,  кешірім сұрайды. Алла тағала Адам ата мен Һауа ананы Жерге түсіріп, оларға және ұрпақтарына күнәларын кешіретін, құлшылық ететін Үйді тұрғызады.

Төртінші дерек – Адам ата (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін  оның  ұлы  Шис  Қағбаны  салды.  Ғимараттың тастары бес таудан: Синай, Ливан, Елеон, Жуди (Нұх пайғамбардың  (ғ.с.)  кемесі  тоқтаған  тау),  Нұрдан (Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) Алла тағаланың уахи сөздері алғаш жеткен тау) әкелінген.

Бесінші  дерек  –  Нұх  пайғамбар  (ғ.с.)  кезінде Жер бетін топан су қаптап, Алланың алғашқы үйінің ірге  тасын  шайып  кеткен  екен.  Содан  сүбхана  Алла тағала Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмайылға (ғаләйһимас-сәләм)  Қағбаның  ірге  тасын  көтеруге Жәбірейіл періште арқылы әмір жіберген екен. Ол жайында Құран кәрімдегі «Бақара» сүресінің 127-аятында былай делінген: «Ибраһим Үйдің ірге тасын көтергенде Исмайыл: «О, Жаратқан Иеміз! Бізден қабыл ал, өйткені Сен – бәрін естисің, білесің», – деді». Сонымен  Қағба  дегеніміз  –  төрт  бұрышты  тас ғимарат. «Кағба» – араб сөзі, текше (куб) деген мағына береді. Қағбаның төрт бұрышы төрт жақты көрсетеді.

Шығыс  бұрышты  «әр-рүкн  әл-әсуәд»  («қара бұрыш»)  деп  атайды,  өйткені,  ол  бұрышта  қасиетті Қара тас бар. Қара тас күміспен жиектелген, жерден бір жарым метр биіктікте орналасқан. Діни  аңыздар  бойынша  Алла  тағала  жұмақтан қуылған Адам атаға (ғ.с.) күнәсін мойындағаны үшін осы тасты сыйға тартқан. Алғашқы кезде оның түсі ақ болды. Кейін күнәһарлар ұстаған тас қарайып кетеді. Солтүстік  бұрышты  «әр-рүкн  ал-ирақи»  («Ирақ бұрышы»),  батысты  көрсететін  бұрышты  «әр-рүкн әш-шәми»  («Шам  елі  бұрышы»),  ал  оңтүстік  жақты меңзейтін  бұрышты  «әр-рүкн  әл-йәмәни»  («Йемен бұрышы») деп атайды.

материал «Қажылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: