Мәлік ибн Хуайрис серіктеріне:
«Мен сендерге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалай намаз оқығанын айтып берейін бе, әлде көрсетіп берейін бе?»,- деді. Әбу Қилаба (р.а.): «Бұл намаздан тыс уақытта болатын еді»,- деді. Мәлік ибн Хуайрис орнынан тұрып, тәкбір айтып, намаз оқуға кірісті, кейін рүкүғ қылды, содан соң тәкбір айтып рүкүғтен басын көтерді, кейін біраз отырып сәжде қылды, содан соң сәждеден бас көтеріп, біраз отырды.
Әбу Қилаба (р.а.): «Ол шейхымыз Әмр ибн Сәламаға ұқсап намаз оқыды»,- деді. Аюб (р.а.) айтты: «Сол шейх намазда басқалар істемейтін нәрселерді қылатын еді, 3-рәкаттың соңғы, ал 4-ші рәкаттың басында біраз демалатын,- деді.
Мәлік ибн Хуайрис (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қасында бір ай тұрдық. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге: «Отбастарыңа қайтсаңдар, пәлен намазды пәлен уақытта және пәлен намазды пәлен уақытта оқыңдар. Намаз уақыты болса, араларыңнан бір кісі азан айтсын, жасы үлкені имам болсын!»,- деп айтқан болатын»,- деді.
Барра ибн Азиб (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәжде, рүкүғ және екі сәжде арасындағы отырыста біраз ғана уақыт тоқтап отыратын»,- деді.
Әнас (р.а.) айтты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен қалай намаз оқыған болса, мен де сендермен де тура солай оқимын»,- деді.
Сәбит (р.а.) айтты: «Әнас (р.а.) намазда басқалар істемейтін нәрселерді қылатын еді. Мен сендердің бұлай қылғандарыңды көрмегенмін. Ол рүкүғтен бас көтергенде және екі сәжде арасында біраз отыратын еді. Тіпті, біз сәждеге бару есінен шығып кетті ме екен деп ойлайтынбыз»,- деді.
материал «Сахих әл-Бұхари хадис жинақтары» кітабынан алынды,
ummet.kz