Ханафи және Мәліки мәзхабтарында намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. Рукуғқа барғанда және рукуғтан тұрғанда қолды қайта көтерудің қажеті жоқ. Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді: «Намазда әр тәкбір айтқанда қолды көтеру дегенді білмеймін. Сәжде де болсын, рукуғ та болсын. Қол тек намаз басталғанда ғана аздап көтеріледі».
Имам Бұхаридың (р.а.) «Қурратуль айнайн» атты шағын еңбегінде Бара ибн Әзіп (р.а.) есімді сахабадан мына бір хадис келтірілген: «Пайғамбарымыз намазда алғашқы тәкбір айтқанда ғана қол көтеретін. Одан өзге уақытта қолын әлгіндей көтергенін көрмедім».
Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Мәсғуд жеткізген тағы бір хадисте: «Абдуллаһ ибн Масғұд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқитынын көрсетейін бе? – деп, намаз оқыды. Намазда екі қолын тек намаздың басында ғана (бір рет) көтерді» (Сахих).
Имам әт-Тахауи өзінің «Мағанил Әсәр» атты хадис жинағында Алқамадан сахаба Абдулланың мына риуаятын келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) намазда тек әуелгі тәкбірде қолын көтеретін де бұл қимылын қайталамайтын».
Имам әт-Тахауиде келтірілген тағы бір риуаятта: «Әзірет Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», – делінген.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ең жақын сахабаларының бірі Әзірет Омар да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Оған Әсуәдтің мына сөзі дәлел: «Мен Омар ибн Хаттабты намазда қолын тек әуелгі тәкбірде көтергенін көрдім. Ибрахим де, Шағби де сөйтетін».
Сахаба Абдулла ибн Омардың намазға тұрғанда қолын алғашқы тәкбірде ғана бір-ақ мәрте көтеретіндігін Мүжәһид былайша жеткізеді: «Мен Ибн Омардың артында намаз оқыдым. Ол намаздың тек әуелгі тәкбірінде ғана екі қолын көтерген еді», – дейді ол.
Имам Әт-Тахауи: «Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында Әл-Хасан ибн Айяш деген кісі сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі», – дейді.
Тағы бір хадисте: Бірде Алқама ибн Уаил әкесінің сөзін риуаят етіп отырады. Әкесі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) намаздың алғашқы ифтитах тәкбірі мен қоса, рукуғ пен сәждеге барғанда да екі қолын көтергенін көрген екен. (Сол жерде мұны естіген) Ибраһим (р.а.) былай деді: «Пайғамбарымызды бір-ақ күн көрген әкең (пайғамбардың қалай намаз оқитынын) есіне сақтап, (пайғамбарымыздың қасында көп жүрген) Абдулла ибн Масғұд ұмытып кетті деп ойлайсың ба?! Шындығында, қол намаздың басында ғана (ифтитах тәкбірінде ғана) көтеріледі» (сахих). Бұл хадис Имам әт-Тахауиде де келтірілген.
Оры риуаяттағы Алқаманың әкесі Уәил Медине қаласында хижри 9-жылы мұсылман болған кісі. Сахаба Абдулл ибн Мәсғуд одан 22 жыл бұрын мұсылман болды. Арада 22 жыл айырмашылық бар. Енді пайғамбарымыздың намазы жайында кім көбірек біледі: Уаил ма, әлде үнемі Алла елшісінің қасында жүрген, Оның намазда қолын бір-ақ рет көтеретіндігін сахих жолмен риуаят еткен ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд па (радияллаһу анһума)
Сахих Мүслімнен жеткен хадисте де сахаба Жәбир ибн Сәмура былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» – деді.
Сондай-ақ, Әбу Дәуіт өзінің хадистер жинағында, ондағы «рукуғта қолды көтермеу» бөлімінде Әбу һұрайрадан (р.а.) мына сахих хадисті риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазға бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді».
Сонымен, аталмыш хадистер қолды тек алғашқы тәкбірде ғана көтерудің дұрыстығын дәлелдейді.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz