25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздың екінші рәкәғатында, біріншісінен ұзақтау сүре оқыса, мәкруһ па?

Намаздың екінші рәкәғатында, біріншісінен ұзақтау сүре оқыса, мәкруһ па?

Намаз

Намаздың екінші рәкәғатында, біріншісі рәкәғатында оқыған сүресінен ұзақ сүре оқу – мәкруһ болады.

Екі рәкәғатта да Фатихадан кейін көлемі жөніне бір-біріне шамалас сүрелер оқығаны жөн. «Бір-біріне шамалас» дегеннің мағынасы – екі сүре арасындағы айырмашылық үш аяттан аспаған болуы керек деген сөз. Сондықтан да, егер екінші рәкәғатта оқитын сүреңіз, бірінші рәкәғатта оқыған сүреңізден үш аятқа ұзақ болса, оның зияны жоқ, ал одан көп аятқа ұзақ болса, мәкруһ болады[1]. 

Бұл ереженің бес уақыт намаздың бәріне қатысы бар ма? Таң намазынан өзге намаздарға қатысы бар. Таң намазында мешітке келушілер арасында кешігіп келушілер болатындықтан, бірінші рәкәғатта ұзақ сүре оқығаны ұнамды саналған. Қалған намаздарда болса, парызының рәкәғаттарында көлем жағынан шамалас сүрелер оқығаны жақсы[2]. Бұл – парыз намаздарына қатысты. Ал сүннет намаздарының рәкәғаттарда оқылатын сүрелердің бір-бірінен ұзақ болуларының мәкруһтігі жоқ. 

Енді екінші сауалыңызға келер болсақ, оған жауапты сайтымызда бұрын жарияланған «Намазда сүрелердің ретін сақтау» тақырыбындағы жазбамызды оқи аласыз.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

[1] Бәрдуддин әл-Айни: «әл-Бинәя шәрхуль Һидая», 2/309-310 бет.
[2] Бұл – Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуфтың тоқтамы.  Ал, Имам Мұхаммед болса, риуаяттарға қарап, таңнан өзге намаздарда да бірінші рәкәғатта ұзақтау сүре оқығаны абзал деген. (Бәдруддин әл-Айни: "әл-Биная", 2/309-310).

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: