Негізінде адамның уақыты – оның ғұмыры. Бір күніңізді артқа тастасаңыз, бір бөлшегіңізді жоғалтқаныңыз. Егер сағат тілі алдымызда үздіксіз тынбай 6, 7, 8, 9, 10-ды көрсетсе, сізге берілген тағдыр сағаты, керісінше, 10, 9, 8, 7, 6... ең ақырында 0-ді көрсетеді. Яғни, мына фәни дүниеде ішер дәм-тұзымыз таусылады деген сөз.
Біз болсақ уақытымыздың жылдам өткеніне қуанамыз, бірақ қалай өткенін ой елегінен өткізбейміз. Егер адам баласы бір заттың құнын, маңыздылығын түсінсе, оны жоғалтпай сақтауға бар күшін салады. Сол сияқты мұсылман адам уақыттың қадірін жете түсінсе, оны тек пайдалы нәрсеге – Раббысына жақындататын амалдарды жасауға, өзіне, қоғамға пайда беретін істерге жұмсайтын еді.
Дәрігер саған «Алты айлық қана өмірің қалды» десе, не істер едің? Әрине, саған бұл хабар аспаннан жай түскендей әсер етері сөзсіз. Алайда өмірге деген көзқарасыңды өзгертіп, оның мәніне қатысты ақиқат көзіңді ашар еді. Сол санаулы күндерді сен кіммен өткізер едің? Қалай өткізер едің? Қандай амалдарды жасауға ұмтылар едің? Кімге жақын, кімнен алыс болар едің? Бұл сауалдарға шын жауап берсең, саған біртіндеп ақиқат есіктері ашылар еді. Жасалмай жүрген құлшылықтарың, біреуге айтқан ауыр сөздерің, нәпсіге еріп жасаған күнәларың – баршасы алдыңнан шығар еді. Сол кезде алдымен маңызды болған істерді орындар едің. Оған дейін уақыттың қадірін түйсініп, бос кеткен ғұмырыңа налымайсың.
Әр минутымызды жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана рухани, әрі материалдық байлыққа қол жеткізе аламыз. Дүниені қайтаруға шамамыз келгенмен, зая кеткен уақытты қанша дүние берсек те қайтара алмайтынымыз ақиқат.
Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде уақыттың ерекше мәнге ие екені көп айтылады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзінен сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық, егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді», – деген («Ибраһим» сүресі, 33-34 аят).
Қысқаша түсіндірмесі: Жаратушы Алла бекіткен ең тура есеппен тоқтаусыз айналымдағы күн мен түн сендерге бағындырылған. Ризық тауып, еңбек ету ушін күндізді жаратса, дем алып, ұйықтау үшін түнді жаратты. Сендер дұға етіп сұраған барлық қажетті, әрі пайдалы нәрсені Алла есепсіз беруде. Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар, өйткені Оның сендерге берері сендер пайымдап, ойлағаннан әлдеқайда көп. Осыншама нығметтерге бөлене тұра, адам баласы сол нығметтерді мойындамайды. Ақыры өзіне зұлымдық жасайды («Сафуату әт-Тәфасир»). «Ғасырға (оқиғаларға толы заманға, әсіресе, ақырғы бөлігіне) серт!» («Аср»сүресі, 1-2 аят) Қысқаша түсіндірмесі: бұл аяттарда Алла Тағала әртүрлі ғажайыптар мен ғибраттарға толы заманмен серт етеді. Алайда адам баласы осындай ғажайыптарды, Алланың ғибратты белгілерін көре тұра қасіретке душар болуда. Ол қасіреттің ең ұлысы – осы қысқа да алдамшы дүниені ақыреттен артық көру. Өткен шаққа тасталған әрбір сәт адамды өз ақыретіне жақындата түседі.
Адам өзінің алтынмен пара-пар уақытын не нәрсеге жұмсағандығынан сұралып, қияметте ауыр есепке тартылатынын Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ескерткен. Махшар алаңында адам баласы сұралатын негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытпен байланысты. Муаз ибн Жәбәлдан (Алла разы болсын) келген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы сұралып есепке тартылмайынша бір адым да орнынан қозғалуға қауқары болмайды», – деген (Тирмизи).
материал «Уақыт және сен» кітабынан алынды,
ummet.kz