28 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Сауд Арабия Королдігінде 2019 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша екі жақты ресми кездесулерге қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қазақстандық делегация Сауд Арабия Королдігі (САК) Қажылық және умра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшаттың қабылдауында болды.
Кездесуге наиб мүфти Бауыржан Есмахан, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің төраға орынбасары Балғабек Мырзаев, Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдық басшысы Талғат Шалданбай, Азаматтық авиация комитетінің Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының бас сарапшысы Тимур Тілегенов қатысты.
Кездесуде 2019 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары, виза шығару, әуе тасымалдау, қажылардың денсаулығы мен жол қауіпсіздігі, т.б. мәселелер талқыланды.
Қажылық және умра министрінің орынбасары Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат мырза Қазақстан Қажылық миссиясының өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы оң пікірін білдірді.
Басқосу нәтижесінде Сауд Арабия Королдігінің Қажылық және умра министрлігі 2019 жылға Қазақстан үшін 3 200 қажыға орын бөлді. Тараптардың міндеттері мен мақсаттарын айқындайтын келісім құжатына қол қойылды. ҚМДБ тарапынан төраға, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, САК Қажылық және умра министрлігі тарапынан вице министр Абдулфаттаһ бен Сүлеймен Машшат мырза аталған құжатқа қол қойды.
Айта кетсек, еліміз үшін берілген 3 200 квота – Қазақстаннан 3 200 адамға дейін қажылық парызын өтеуге мүмкіндігі бар деген сөз. Ал мүфтияттың талаптарына сәйкес келген, Қажылық комиссиясының шешімімен қызмет көрсетуге лайықты деп табылған фирмалар ғана жұмыс істейтін болады.