19 қаңтар. АСТАНА. Ummet.kz – Мысыр елінің астанасы Каир қаласында өтіп жатқан халықаралық конференцияға Бас мүфти Серікбай қажы Ораз тапсырмасымен елімізден арнайы делегация аттанған болатын, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Бүгін Уақып министрлігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттің сақталуын қамтамасыз ету үшін ұлттық сәйкестікті қалыптастыру» атты Халықаралық конференция өз жұмысын бастады. Мысыр президентінің қолдауымен өтіп жатқан алқалы жиын екі күнге созылады.
Халықаралық конференция жұмысына ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған топ қатысып отыр. Айтулы жиын аясында бірегей баяндамалар жасап, арнайы кездесулер өткізу жоспарланған.
Бейбарыс бабамыз билік құрған Мысыр жеріндегі Халықаралық басқосуға Қазақстанның Египеттегі төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев және университет ұстазы Сейдмұхаммед Абдунаим қатарлы делегаттар қатысып, Халықаралық деңгейдегі басқосу барысында елімізді таныстыратын болады.