3 наурыз. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған қазақстандық делегация Өзбекстанның Самарқан қаласында басталған «Имам Матуриди тағылымы: өткені мен бүгіні» атты халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Делегация құрамында ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Шоқанов, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов бар.
Конференцияға «әл-Әзһар» шейхы, Мысыр Бас имамы Ахмет Тайып, сонымен қатар мұсылман елдерінің мүфтилері мен дін қайраткерлері қатысты.
Басқосуда ұлық имам Әбу Мансұр Матуридидің рухани мұрасын халыққа насихаттау, діни экстремизм мен терроризмге қарсы мұсылман үмбеті ғалымдарының ағартушылық күшін біріктіру, әлемдік саяси ахуал күн сайын құбылған заманның сын-қатерлеріне жауап беру, адамдар арасында мейірімділік пен өзара келісім құндылықтарын қалыптастыру, т.б. мәселелер талқыланды.
Мысырдың «әл-Әзһар» университеті мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының бірлесе ұйымдастырған халықаралық конференция үш күнге созылмақ. Халықаралық басқосу соңында арнайы Қарар қабылданып, Үндеу жарияланбақ.