28 қаңтар. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Бүгін Чехияның Прага қаласында Клементинум атындағы Ұлттық кітапханасында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды baq.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу қолға алынған болатын. Орталық Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылды.
Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнататын жетекші рухани ордасы ретінде қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыру, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу, орталықтың ғылыми және мәдени қызметіне байланысты өткізілетін іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және ақпараттық қолдау көрсету болып табылады.
Орталықта кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады: CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар. Сондай-ақ, қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылады. Абай және оның шығармалары туралы Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасында 800-ден астам басылымдар бар.
Орталық ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Орталық кітапхана оқырмандары, Қазақстан мен Чехияның танымал жазушылары мен ақындарымен кездесетін орынға айналады.
Орталықта кітап көрмелері, дөңгелек үстел, абайтанушылармен кездесу, әдеби-музыкалық кештер және т.б. мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Орталықта Абайдың шығармалары бойынша оның нақыл сөздері, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, сондай-ақ, абайтанушы ғалымдардың шығармалары, зерттеу еңбектері, библиография, диссертация, авторефераттар туралы ақпараттар беріледі. #Abai175 хэштегі бар электрондық порталда ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мен Ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар жайында мәлімметтер таратылады.
Сондай-ақ, Орталықта «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, Хакім Абайдың бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукцияларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото көрмелері кітапсүйер қырмандарға ұсынылады.
Іс-шара барысында «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесі мен «Абай әлемі» атты фотокөрмесі, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады...» атты көрініс ұсынылды. «Әлем таныған Абай» иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы, «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка...» және М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хаким Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және т.б. кітаптар таныстырылады.
«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар беріледі.
Чехия Республикасындағы «Тарлан» қазақ студенттік жастар ұйымы да іс-шараның өтуіне атсалысты. Ұйым 2008 жылы құрылып, спорт, туризм, мәдени және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады.
Командада 12 адам жұмыс жасайды. Чехиядағы 3000 қазақ жастарының басын қосқан ұйымды Бақнұр Аюбек басқарады.