3 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегаты Нариман Исенов «Дербент – еуропалық Ислам бастауы» атты Халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
Еуропа мұсылман форумы, Дербент Әкімшілігі мен Шейх Абдулла мырза атындағы ДОРОВО Ислам университеті және Дағыстан Республикасы Мүфтиятының бірлесе ұйымдастыруымен Ресейдің ежелгі қаласында Еуропа кеңістігіндегі мұсылман көшбасшыларының басы қосылды.
Іс-шараға Франция, Ұлыбритания, Испания, Қырғызстан, Қазақстан, Литва, Түркия, Эстония Румыния, Сербия, Әзірбайжан сынды елдерден және Ресейдің көптеген қалаларынан 500-ге жуық адам қатысты. Қатысушылар арасында дін өкілдері мен рухани көшбасшылар және қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер де болды.
Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген Нариман Исенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың және қазақ халқының ықыласты сәлемі мен игі тілектерін жеткізді. Сонымен бірге халықтар арасындағы қайғысы мен қуанышын бірдей бөліскен талайлы жылдардың арқасында тамыры тереңге жайылған бауы берік бауырластық бар екенін еске салды.
«Көптеген дағыстандық, ингуш, шешен және басқа да мұсылман бауырларымыз үшін Қазақстан екінші Отан бола алғанына қуаныштымыз», дей келе Қазақстан мұсылмандары атынан қатысушыларды Орта Азиядағы Исламның қанат жаюында маңызы зор тарихи жерлерді зиярат етуге шақырды.
«Біздің ендігі міндетіміз бауырластық қатынастарды одан әрі нығайту, қазіргі кездегі сынақтарға бірге қарсы тұру, жиірек кездесулер ұйымдастырып, жастарға исламның рухани-адамгершілік құндылықтарын сіңіру», - деп атап өтті «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Нариман Исенов.
Дербентте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларының Еуропадағы ең үлкен жерлеу кешені және 733 жылы салынған ежелгі мешіт бар.
Скандинавиядан Әзірбайжанға дейінгі еуропалық мұсылман лидерлері, журналистер мен парламент мүшелерінен құралған еуропалық мұсылман делегациясы мен белгілі қоғам және дін қайраткерлерінің басын қосқан алқалы жиын әлемнің ең көне қалаларының бірі Дербентте алғаш рет жиналды. Шара барысында ежелгі қалалардың бірі саналатын Дербентті дамыту перспиктивалары және алдағы халықаралық мәдени-іскерлік қарым-қатынас жайы, Еуропа мен мұсылман елдерден туристер тарту мәселелері көтерілді.