Ресейдің Саратов облысынан 4 имам қазақ тілін үйрену ниетімен Алматы қаласында 1 ай мерзімде білім алды. Имамдардың бірі - тәжік, қалған үшеуі қазақ ұлтынан, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
«Біз қызмет ететін аймақтың үштен бір бөлігі - қазақтар. Оларға дін үйретудің ең тиімді жолы - өз тілінде сөйлеп, ана тілі арқылы дінді түсіндіру» деп ресейлік имамдар тіл үйренудегі мақсаттарын түсіндірді.
- Шынында қазақ әдебиетінің өзі - тұнған дін мен дәстүр құндылықтары. Бір ғана Абай атамыздың «Қара сөздерінде» Исламдағы сенім мәселелері мен адамгершілік мәселелері толық қамтылған десек артық емес, дейді Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметкері.
Өз кезегінде Алматы қаласының өкіл имамы Нұрбек Ауесханұлы дін мен дәстүр жанашыры Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атынан елімізге ізгі мақсатпен келген имамдарға ҚМДБ имамдарының ресми шапанын жапты.
Нұрбек қажы Ауесханұлы «Алдағы уақытта білім алуға келетін ресейлік қандастарымызды құшақ жайып қарсы алуға дайынбыз. Діни оқу орындарында да білім алуға жол ашылады деген ойдамын» деп ыстық лебізін білдірді.