Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Сайын Шапағат ауылында алғашқы мешіт ашылды.
Бұл осы өңірдегі 29-шы мешіт саналады. Құлшылық үйінің ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Икембай Терекбай мен Маңғыстау облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серікбай Түлетов ғимараттың қызыл лентасын қиды.
«Біз бүгін айтулы уақиғаның куәсі болып отырмыз. Қасиетті Рамазан айында жаңа мешіт ашылды. Бұл біздің өңірдің рухани өмірінің жаңа бетін бастайды. Мешіт – бірлік, татулық, руханият қайнары. Мешіттердің көбеюі қоғамның рухани дәрежесін көтереді. Жаңа мешіт еліміздегі бірлік пен келісімді сақтауға жастарды тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Рамазан айындағы оразаларыңыз қабыл, қуаныштарыңыз құтты болсын, ағайын!» – дейді Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов.
Қос қабатты жаңа мешіттің сыйымдылығы 350 адамға арналған. Біріккен араб әмірлігінің Қызыл жартыай қорының қолдауымен тұрғызылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Сайын Шапағат ауылындағы мешіттің бас имамы қызметіне бұған дейін Қарақия аудандық орталық мешітін басқарған Жеңіс Сисенбаев тағайындалды. Бас имамды тағайындау туралы құжатты Маңғыстау облысының өкіл имамы Исмаил Сейітбек оқып, дін қызметкерін көпшілікке таныстырды.
Айта кетейік, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында да жаңа мешіттің құрылысы жүргізілуде.
Kazislam.kz