06
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу — парызымыз!

Ел іші
Жарнама

Тарихшылардың есебінше, қазір қазақтар саны кем дегенде 50 млн-нан асатындай болған. 

Көктемнің соңғы күнінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы тұрақты үрдіске айналып келеді. Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы да бұл елеулі күнге мән беріп, ой салар мәліметтерді ортаға салды. Ең әуелі соқыр саясат құрбанына айналған ата-бабаларымыздың рухына арнап қасиетті Құран аяттары оқылып, дұға жасалды.

Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы Шолпан Бәйнеш ханым жиналған қауымға бұл тарихи күннің маңызын атап өтті. Ал университет ұстазы, тарихшы Досымбек Хатран мырза мұндай маңызды күннің оқу жылы ортасында болып, бүкіл өскелең ұрпаққа жан-жақты түсіндірілсе деген тілегін де білдірді. Ал кітапхана бөлімінің меңгерушісі Қалбибі Бейісбек ханым тарихи зұлматты көзбен көрген көнекөз қариялардың естелігінен де сыр шертіп өтті.

Ия, қазақ даласындағы қуғын-сүргін саясатының тым ұзақ әрі сан түрлі жолмен жасалып отырғанына тарих беттері сайрап жатыр. Тарихшылардың зерттеуінше, XIX ғасыр соңында жүргізілген санақта қазақ халқы 3,5 млн болса, өзбектер оның жартысына да жетпеген, яғни 1,5 млн болған. Дәл сол уақытта Ресей патшалығының бастаған реформалары қазақ даласындағы дәстүрлі шаруашылықты қиратып, қазақ халқын тентірете бастады. XX ғасыр басында Столыпин ремормасымен астасып, ол қазақ халқының рухын аздырып, ойсыз тобырға айналдырып, халықты түбегейлі құл ету пиғылын Кеңес өкіметі жалғастырып әкетті.

Ал 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И.Голощекин „Қазақстанда Қазан революциясы орнамаған, сондықтан „Кіші Қазан„ төңкерісін жасау керек„ деп елімізде репрессиялық шаралар жүргізе бастаған. Осылайша 1928 жыл ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындау басталады. Оларға „буржуазияшыл-ұлтшыл„ деген айып тағылды. Заңсыз жалалар, қазақтың зиялы перзенттерін жалмай бастады. Тіпті „Мэйдзи жаңғыруы„ деген 1968-1889 жж. Жапонияда өткен реформаны Әлиханның зертеуі жалпы озық ойлылардан қауіптеніп, айыптауға да негіз болды. Сондай-ақ молдалар мен діндарлар да „басқаша, бөтен ойлайтындар„ деп айыпталды. Ал қазақ халқының ежелден кәсібі, күнкөріс шаруасы мал басы 1927 жылы 42 млн. болса, оның 38 млн-ы 6 жыл ішінде жоқ болған.

Әлихан Бөкейханұлы мәліметінше 1915 жылы жалпы халық саны 6,5 млн., ал мал басы 36 млн. болған. Ал Тұрар Рысқұлов мәліметтері бойынша 1919-1922 жылдар аралығында 1 114 000 адам ажал құшқан. Ал ашаршылық жылдары 2,5 млн-дай қаракөз қырылған.

1915 жылы басталған I дүниежүзілік соғысқа орай қазақ азаматтарын қара жұмысқа жегу, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, Қазан төңкерісі, дәстүрлі шаруашылықты қирату, шекараны белгілеу (1920 ж.), аштық (1920-22 және 1930-33 жж.), ұжымдастыру мен тәркілеу (1928 ж.), қуғын-сүргін (1937-38 жж.) және 2 дүниежүзілік соғыс қырғыны барлығы қазақ халқының тарих сахнасынан жойып жіберуге сәл қалған деуге болады. Өйткені тарихшылардың есебінше, қазір қазақтар саны кем дегенде 50 млн-нан асатындай болған.

Енді бүгінде сол сан миллиондаған ата-бабаларымыздың қолы жетпеген арманы болған азат күн келгенде қатарымыздың тым сирек әрі тіліміздің шұбарланып, дінімізді дүбәрә етуге ұмтылғандардың ылаңы да сол ғасырға жалғасқан соқыр саясаттың әлі күнге ықпалынан арыла алмай келе жатқанымыздың белгісі. Ендеше саясаттың құрбаны болып, қуғын-сүргіннен көз ашпаған ата-бабаларымыздың ақтаңдақ тарихы бүгінгі әрбірімізге сабақ, көкейімізде әрдайым оларға деген құрмет, ата-бабаларымыздың тарихы болашаққа бағдар болуы тиіс деді Нұр-Мүбарак университетінде өткен іс-шарада. Тіпті қазақ халқына жасалған мұндай зұлымдық халықаралық деңгейде өз бағасын алуы тиіс деген ұсыныстар айтылды. Шара барысында университет кітапханасындағы Алаш ардақтыларына қатысты том-том кітаптарға шолу жасалып, оларды оқуға кеңес айтылды.

 

Бөлісу: