MasterCard қолдауымен CrescentRating компаниясының жыл сайын өткізетін халал туризмді дамыту бойынша Global Muslim Travel Index рейтингісінде Қазақстан 17-орынға ие болды. Бұл туралы Kazislam.kz хабарлады.
Global Muslim Travel Index тізімінде әлемнің 130 елі енген. Рейтинг мемлекеттердің мұсылман халқы үшін отбасылық демалыс жайлылығы, қауіпсіздік, қызмет көрсету сапасы, халал өнімдердің қолжетімділігі, туристерді жайғастыру және маркетингтік бағдарламалар бойынша құрылды.
Қазақстан рейтингте Тайланд, Жапония, Франция, АҚШ, Қытай және Бельгия елдерін озып кетті. ТМД елдері арасында еліміз бірінші орынға жайғасқан. Әзербайжан – 24-інші, Қырғызстан – 25, Тәжікстан – 26, Өзбекстан – 30, Ресей – 44, Грузия – 59-орындарға, Украина 116-орында тұр. Global Muslim Travel Index рейтингісінде Малайзия осымен үшінші жыл қатарынан көш бастап отыр.
Ислам туризмінің үздік бес мемлекеті қатарына БАӘ, Индонезия, Түркия, Сауд Арабиясы енді. Болжам бойынша, 2020 жылға қарай халал туризм нарығы 156 миллион саяхатшыға және 220 миллиард долларға жетеді.
ummet.kz-ақпарат