Алматы қаласы орталық мешітінде «Қоғамды ізгілікке бастау ісінде дін қызметкерінің рөлі» тақырыбында имамдар семинары өтті. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
Қала имамдарының басын қосқан семинарға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы дін қызметкерлерінің мақсат-міндеті мен қоғамдағы маңызы жайына тоқталды. Кездесуде имамдардың біліктілігін көтеру мәселесі көтеріліп, қоғам арасындағы оң өзгерістерді қалыптастырудағы дін қызметкерлерінің атқаратын маңызды рөлі жайында айтылды.
Шара барысында Алатау ауданының бас имамы Орынбасар Дәуренбеков пен Наурызбай ауданының бас имамы Мәди Ахметов өздеріне қарасты мешіттердің биылғы атқарған жатқан және жоспарланған іс-шараларын баяндап өтті. Сонымен қатар Алматы қаласы Жастар ісі өкілі Есім Ержан «Табиғи ақыл» тақырыбында баяндама жасады.
«Құрметті имамдар, Алматы қаласында дінге қызмет етемін деген адам үшін зор мүмкіндіктер бар. Еліміздің ең ірі оқу орындары, ауруханалар, бизнес орталықтары, кәсіпорындар, мәдениет ошақтары, театрлар, мәдени сарайлар, газет-журналдар, телеарналар бәрі осында орналасқан. Сондықтан мұны біз өте жоғары деңгейді пайдалана білуіміз керек» деді ҚМДБ төрағасы.
Ал Әбу Ханифа медресе-колледжінің директоры Құлмұхаммед Махамбет қажы өз сөзінде бас мүфти бастамасымен жүзеге асқан медреселердің колледж статусын алу шарасынан кейін халық арасында медресеге деген үлкен қызығушылық тудырып, талапкерлер саны едәуір өскендігін жеткізді.
ummet.kz-ақпарат