«Қазақстан халқының салт-дәстүрлері» пәні оқу жоспарына енгізілмекші. Бұл пән әзірге тек Өскемен қаласының оқушыларына оқытылады, деп хабарлайды BAQ.kz.
"Біз осы курсты енгізер алдында сол сабақтардың барлығын зерттеп шықтық, сол сабақтардың тақырыптарын анықтап шықтық. Біздің өзіміздің анықтағанымыз өзін-өзі тану сабағын алатын болсақ, осы Қазақстан халқының салт-дәстүрлері тек қана 98 сағат көлемінде ғана беріледі екен" - дейді Шығыс Қазақстан облысы Білім беру басқармасының жетекшісі Айжан Садықова.
Бүгін ғана тұсауы кесілген жаңа пән бесінші сынып оқушыларына екі аптада бір сағаттан оқытылады екен. Жылдың соңына қарай балалар пән бойынша емтихан тапсырады. Егер көрсеткіш жақсы болса, онда осы пән өзге облыс мектептерінде де жүргізіледі. Ақша жағын Шығыс Қазақстан өңірінің әкімдігі өз мойнына алыпты. Ал білім беру бағдарламасына жаңа пән енгізуді облыстық прокуратура қолға алған. Құзырлы орган өкілдері пилоттық жоба негізгі пәндерге кедергі келтірмейді дейді.