ҚазАқпарат - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның айтуынша, бүгінде мешіттерде деструктивті ағымдардың өкілдері имамдармен дауласып жатады. Осы орайда ол имамдардың заңмен қорғалатынын ескертті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке қарай, бізге түрлі ақпараттар түсіп жатады. Мысалы, кейбір ғибадат орындарда деструктивті діни ағымдардың өкілдері қалыптасқан тәртіпті бұзады. Олар қасақана имамның айтқанын елемей, пікір таластырып, дауласып, шиеленіске итермелейді. Былайша айтқанда, арандатушылыққа барады. Тіпті, имамдар мен келушілерді қорқыту фактілері де бар. Сөйтіп, олар біздің қоғамымызға жат идеяларға шақырады, соған күштеп тықпалайды. Бұндай әрекеттер заңға қайшы. Осы ретте ресми түрде айпағымыз, елімізде ресми түрде тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері мен имамдар мемлекеттің қорғауында. Егер ғибадат үйлерінің ішкі ережелері бұзылса, имамдарға немесе басқа да діни қызметшілерге өз міндеттерін орындауға кімде-кім кедергі жасайтын болса, олар ережені ғана емес, заңды да бұзады. Сондықтан ондай әрекеттерге куә болған азаматтар бірден полицияға xабарласса болады», - деді Арын «Діни қызмет жәні діни бірлестіктер туралы» заңды түсіндіруге арналған баспасөз мәслиxатында. Айта кеткен жөн, аталған құжаттың қабылданғанына бес жыл болды.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, құдайға құлшылық ету рәсімдері және басқа діни шаралар заңмен бекітілген орындарда ғана жасалады. Аталған нысандарға ғибадат орындары, діни бірлестіктердің ғимараттары, зираттар және құлшылық ету орындары жатады.
«Қажет болған жағдайда басқа да тұрғын-жайлар мен қоғамдық тамақтану нысандарында бұндай шаралар өткізілуі мүмкін. Мысалы, ас беру жоралары. Алайда сол жақын жерде тұратын азаматтардың мүдделері мен құқықтары сақталуы шарт. Бұдан басқа, діни шаралар әкімдіктер тарапынан келісілген жеке үй-жайларда жасалуы мүмкін. Мысалы, намазxаналарда. Бірақ бұл жерде бір назар аударып кететін нәрсе - намазxаналарда тек намаз оқуға ғана рұқсат беріледі. Алайда намазxанада жиналып, уағыз айтуға болмайды. Оған жол берілмейді», - деп атап көрсетті Б.Арын.