Бүгін бас қаламыз Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мәуліт мерекесінің құрметіне рухани кеш өтті.
Мәуліт – күллі мұсылман халқы үшін қадірлі мереке. Өйткені осы күні ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед дүниеге келген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілдігінің ұйытқы болуымен өткен мерекелік кешке еліміздің белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, мұсылман мемлекеттерінің елшілері мен өкілдері, қала қонақтары мен тұрғындары қатысты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмыры жайында көрініс қойылып, қазақ сахнасының өнерпаздары иләһи ән-жырлар орындады. «Тағылым тамшылары» діни-рухани балалар театры саналы жанға салмақты ой тастайтын өлең-жырларымен көпшілікті тәнті етті. Айтыс сахнасының жүйрігіне айналған Еркебұлан Қайназаровтың орындауындағы терме тыңдаушыларын ерекше сезімге бөледі.
Көрерменді шүкіршілікке шақырып, имандылыққа ұйытқан қойылымдар, қазақ халқының қилы тарихын бір сәт сөйлеткен көріністер, сонымен қатар бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған жат ағым шырмауына ілігіп, жаңылыс басқан жандар тағдыры да сахналанды.
Рухани кеште Мұхаммед пайғамбардың сирасынан (өмірбаяны) сыр шерткен Мәуліт жыры оқылып, көрерменнің баршасы салауат жолдады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы астаналықтар мен қала қонақтарын атаулы күнмен құттықтап, Мәуліт мейрамының мән-маңызы жайында айтып берді. «Мәуліт – иісі мұсылман қауымы үшін қадірлі мереке. Бұл күн барша адамзатқа тура жол нұқсаушы Құранды жеткізген әз елші Мұхаммед Мұстафа дүниеге келген күн. Алла Тағала барша әлемді жаратып, оның ішінде Мекке қаласын қасиетті етті. Барша адамзатты жаратып, пайғамбарларды ерекше етті. Пайғамбарлардың ішінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің мәртебесін жоғары қылды. Біз осы үмметтің жалғасымыз. Ата-бабамыз дәуірлер бойы аңсаған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі сәтіне орайласқан Мәуліт мерекесі баршаңызға құтты болғай. Тәуелсіздігімізбен бірге біз дәстүрлі дінімізбен, руханиятымызбен табыстық. Осы игіліктер үшін әрдайым шүкіршіліктер айтуымыз керек. Елімізде мұнаралы мешіттер көбейіп, жастарымыздың дені имандылыққа жүз бұрды. Мәуліт мерекесі жылдан жылға кеңінен, бұқара болып аталып өтіліп келеді. Осының барлығы Алла Тағаланың халқымызға берген үлкен нығметі. Мәуліт құтты, берекелі болғай!» деп бас мүфти ізгі лебізін арнады.
Айта кетсек, мерекелік концертке 1300 шамасында билет сатылған. Билеттен түскен қаражат толығымен қайырымдылық мақсатында жұмсалады.
Халықтың Мәуліт айына деген ықылас-ниеті жыл санап артып отырғанын тағылымды кеш тағы бір айғақтады.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі