Ел іргесі бекіген, Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген шақта қуаныш пен берекенің айғағындай Маңғыстаудың төрінде тағы бір мешіт есігін айқара ашты. Жаңаөзен қаласындағы Әбіш қожа аты берілген құлшылық үйі ел егемендігінің 25 жылдығында Маңғыстау өңірінде ашылған 25-ші мешіт саналады. Бұл жайында Маңғыстау облысы орталық мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына облыс әкімі Алик Айдарбаев, өңірдің қоғам қайраткерлері мен ақсақалдары, қала тұрғындары қатысты. Ел қуанышына ортақтасқан өңір басшысы жиылған қауымды құттықтап, сөз сөйледі. «Жаңа мешіт қалада рухани және мәдени ағартушылық орталығының рөлін атқаруға үлес қосады деп сенемін. Жаңаөзенде өзінің орталық мешітінің болмауынан осы жаңа мешітті салуға мұрындық болып, құрылыс жұмысының басында жүріп, игілікті істі атқарған, жұмыс барысында материалдық және техникалық қолдау көрсеткен әр азаматқа, үлкен қолдау білдірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына алғыс айтамын» деді облыс басшысы.
Ізгілік пен мейірімділіктің ұясы, Алласына сыйынар мұсылман қауымының құлшылық үйінің қадір қасиетін айтып, өзінің келелі сөзін кемеңгер ойымен жеткізген республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбай жұртшылықты жаңа мешіттің ел игілігіне берілуімен құттықтады.
Өкіл имам Смайыл Сейітбеков өңір мешіттерінің атқарып жатқан шараларына тоқталып, мешіт санының артуы қуанышты жайт екенін, мешіттердің ашылуынан емес, дін атын жамылған ағымдардан сақтануды, ол үшін арнайы ҚМДБ тарапынан бекітілген имам -молдалардан келіп сабақ алуға шақырды.
Заманында дін ұстанған тақуа, бала оқытып, Исламды жайған діндар Әбіш қожаның ұлы Смағұл Әбішұлы әке есімінің жаңа мешітке берілуін жақсылықтың нышанына балап, қазақ халқының өткенін құрметтеп, ата-бабасын ардақтаған ұлт екенін айтты. Халыққа өзінің ризашылығын білдіріп, бұл мешіттің ынтымақ пен берекенің, тәрбие мен имандылықтың ордасына айналуына тілектестік білдірді.
Мұнан соң жаңа мешіттің бас имамы таныстырылып, өкіл имам ҚМДБ тарапынан шығарылған бұйрықты жиналған көпшілікке оқып, жаңа мешіттің жаңа имамы Құрманбек Абдалиевті өңір тұрғындарына таныстырды.
Бір мезгілде 1500 адам құлшылық ете алатын зәулім ғимарат Қазақстандағы ең үлкен 10 мешіттің қатарына еніп отыр. Жалпы аумағы – 4 гектар. Құрылыс жұмыстары 3 жылға созылған құлшылық үйінің бой көтеруіне өңірдегі кәсіпкер азаматтар және қарапайым халық қол ұшын созған. Ағайынның ауызбіршілігінің жарқын үлгісіндей, ынтымақтаса атқарылған істің нәтижесінде Жаңаөзен қаласынан осылайша зәулім мешіт жарқырай бой көтерді.
ummet.kz-ақпарат