Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.
Биыл Алланың бізге берген нығметі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесі. Сіздерді осынау Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен және 1 мамыр бірлік мерекесімен құттықтаймын.
Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, бас мүфти