4 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Қараша айының 10-18 жұлдызы аралығында Моңғолия астанасы Улан-батор қаласында бокстан жастар арасындағы Азия біріншілігі өтеді, деп хабарлайды ummet.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Дүбірлі додаға еліміздің намысын қорғау үшін сайдың тасындай іріктелген 10 боксшымыз қатысатын болмақ. Еліміздің әр түкпірінен жиылған жас спортшыларымыз қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында бас қосып, жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтау үстінде.
Айтулы сапар алдында ел ағаларының ақ батасын алып, ақыл-кеңестеріне жүгінуді кұп көрген Қазақстан Бокс федерациясының мамандары арнайы кездесу ұйымдастырып, жас боксшыларымызды жігерлендіре түсті. Ел намысын қорғауға аттанғалы тұрған жастарымызға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділов және елімізге белгілі бапкерлер құрамы ақ тілектерін білдіріп, сәттілік тіледі.
Бокстан ҚР жасөспірімдер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Сәтжановтың айтуынша, Моңғолия жеріндегі жарысқа еліміздің атынан 10 боксшымыз қатысатын болмақ.
«Жастарымыздың жарысқа деген дайындығы өте мықты. Алайда, ата-бабамыз «арық сөйлеп, семіз шық» деген емес пе?! Алдыңғы Азия біріншілігінде 6 спортшымыз топ жарған болатын. Биыл да осы межеден таймай, жүлделі оралуға тырысамыз», – дейді Қайрат Тұрсынханұлы.