4 қараша. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – «Алаш арыстарын біз қолдан бердік, енді оларға қатысты мұрағаттардағы мағлұматтарды елге жеткізбесек, онда оларды екінші рет өлтіргеніміз», - деп студенттерге тарих шындығын ашып айтудан бастаған ҚР ҰҒА академигі Мамбет Қойгелдиев Нұр-Мүбарак университетіне арнайы қонақ болды, деп хабарлайды nmu.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Қазақ академигін әуелі ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди қабылдап: «Қазақ халқында сіздей ғалымның болуы үлкен нығмет. Барлық еңбектеріңізді естіп, біліп жатырмыз. Тарих – халықтың айнасы, сондай жауапты іспен айналысып, ақиқат үшін қызмет етуші сізге әрдайым сәттілік тілеймін,-деп қос ғалым тарих, ғылымға қатысты, екі елге ортақ құндылықтар жайлы мәселелерді сөз етті.
Қабылдау барысында академик Мамбет Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» атты қос томдық еңбегін қолтаңбасымен тарту етті. Сондай-ақ Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шамшәдин Керім, PhD, доцент Алау Әділбаев, филос.ғ.к., доцент Жалғас Сандыбаев мырзалармен де саяси қуғын-сүргін жылдары қудаланып, әлі шындығы ашылмай жатқан ишан, молдалар жайлы да мәселелерді талқылап өтті.
Ал студенттермен кездесу тіпті жоғары деңгейде өтті. Себебі Дінтану кафедрасы ұйымдастырған шара өзге де кафедра студенттері үшін маңызды болғандығы қатысушылардың сұрақтарынан анық аңғарылып тұрды. Алаш арыстарының ғибратты ғұмырлары мен еңбектері, қиын жолдары жайлы айта келе, «Прогресс, реформа жасаушылар барлық елде болған және қуғынға ұшыраған. Ал «Алаш» сияқты баудай түсірген тарихи қастандық ешбір мемлекетте болмаған»,- деп, қазақ елінің басынан өткен нәубетті, бүгінгі ұлт бойында қалыптасқан кемшін тұстардың себептеріне нақты тоқталып өтті.
Қазақ халқының тарихына орасан үлес қосқан академиктің дәрісінен студенттер де, жас ғалым, оқытушы-профессорлар да тағылым алып, кездесу соңында қолтаңба алып естелік суретке түсті. Көкейлерінде жүрген тарихи сауалдарға нақты жауап та тапқандай. Ұжым атынан ғалымға сыйкәде жасап, ғалым да университет кітапханасына құнды еңбектерін сыйға тартты.