28 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел жамағаты арасында құрылған «Инабат» қыз-келіншектер клубы өзінің бір жылдық мерейтойын атап өтті. Осыдан бір жыл бұрын ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Бас мешіттің әйел жамағаты арасында құрылған «Инабат» клубының бүгінде ауқымы кеңейіп, топ мүшелерінің қатары күн санап көбейіп келеді, деп хабарлайды muslim.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Атаулы датаға орай ақ дастархан жайылып, талай тағылымды кештердің ұйытқысы болған «Инабат» клубы өз мерейтойларын ерекше атап өтті. Ақ жаулықты әжелер төрдің сәнін кіргізіп, талшыбықтай бұралған қыз-келіншектер мерекелік шараның көрігін қыздыра түсті. Әсем ән айтылып, қазақы қара домбыра күмбірлеген рухани кеш үлкендердің батасымен нұрланып, тағылымы тереңдей түсті. Сондай-ақ, жамағаттың білімін арттыра түсу мақсатында арнайы «Сұрақ-жауап» ойыны ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.
Айтулы басқосуға Нұр-Cұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, құттықтау лебізін жеткізді. Бір ғана жылдың ішінде «Инабат» клубы атқарған шаралардың көптігін тілге тиек еткен наиб мүфти «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздарына айрықша алғысын білдірді.
Кеш аясында «Инабат» клубының бір жыл ішінде атқарған іс-шаралар есебі көрсетіліп, қатысушыларға жалпы кулбтың ұстанған бағыты мен жұмыс жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, кеш соңында «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Нұрғалиева Динара «Инабат» клубының ерекше белсенділік танытқан мүшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше еріктілер тобына арнайы «Алғыс хат» табыстады.