23 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz - Елорда төрінде өтіп жатқан «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ Республикалық имамдар форумында негізгі баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қоғамда көрініс тапқан мәселелерді шешудің жолын атап өтті, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Психологияда «ынсапсыз менталитет» деген тұжырым бар. Бұл – өмірдегі сәтсіздіктерді өзгеден көру деген ұғымға саяды. Айналадағы адамдардың ғибратты ғұмырынан шабыт ала білетін кісіде «парасатты ойлау» психологиясы қалыптасады.
Өмірдегі сынақты сабырлыққа жеңдірген жан парасат биігінде қала бермек. Рухани жан-дүниесі бай адам осы жолды таңдайды.
Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы деп атар едім. Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек», – деді Серікбай Сатыбалдыұлы.