21 қазан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы мен Алтын орданың 750 жылдығы аясында Талдықорған атшабарында Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы сахналанды. Ашық алаңда шайқасты жаңғыртуға 1 500 адам тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Жоңғар шапқыншылығындағы Орбұлақ шайқасы қазақ батырларының ерлігімен тарихта қалды. Оқиға 1643 жылы Жоңғар Алатауы бөктерінде Орбұлақ сайында болған. Жоңғарлардың 50 мың қолына қарсы Жәңгір хан бастаған қазақты небәрі 600 сарбазы тойтарыс беріп, Самарқаннан Жалаңтөс батыры қалың қолымен жеткенше жауды ұстап тұрған. Бұл шайқас қазақ батырларының алғаш мылтық атып, түрлі әдіс-айлалар қолдануымен ерекшеленді.
Жауынгерлер терең ор қазып, бетін жауып, жоңғарларды сол жерге құлатқан. Садақшылар жасағы біраз жоңғарды улы жебелерімен жер жастандырады. Одан қалған жауды «сасықтеке» шөбінен дайындалған улы түтінмен улайды. Қазақ сарбаздары өздері уланып қалмауы үшін беттерін ешкінің майы жағылған шүберекпен тұмшалап алады. Бұл шайқаста жауынгерлер ұрыс тактикаларын дұрыс қолданып, бірлескен әрекеттерінің арқасында жаудың сағын сындырып, кері шегінуіне мәжбүрледі. Ал Самарқаннан жеткен Жалаңтөс батырдың 20 мың қолы бұл соғыста жоңғарлардың жеңілісіне әкеп соғады.
Талдықорған атшабарында тарихи оқиға барынша шынайы суреттелді. Көрермендер тура бір ХVII ғасырға тап болып, ұрыс алаңында қалғандай әсер алды. Каскадерлар мен кәсіби актерлар ұрыстың шытырмандылығын еселей түсті.
Шайқасты қайта жаңғыртуға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Болат Әбділманов, «Мың бала» кинотуындысымен әйгілі болған жас актерлар Асылхан Төлепов пен Аян Өтепберген қатысты.
Түрлі тарихи тұлғаларды сомдап жүрген кәсіби актер Болат Әбділмановтың айтуынша бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңы батыр бабалардың ерлігі.
«Ел үшін, жер үшін, халқы үшін жанын пида етіп, өмірден өтсе де осындай кең байтақ жерді қалдырып кетті. Бүкіл әлемде тоғызыншы орын алатын жерді қалдырып кеткені бабаларымыздың ерлігінің арқасы» - деп көрсетілімнен өзі де ерекше бір тебіреніп, толқығанын, рухтанғанын атап өтті.