19 қазан. Нұр-Сұтан. Ummet.kz – «Нұр Астана» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубында «Бір қолымен әлемді, бір қолымен ұлтты тербеген қазақ анасы» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.
2016 жылы елорда төріндегі әсем мешітте сол кездегі Бас имам Наурызбай қажы Өтпеновтың қолдауымен әйелдер-қыздар секторына қарасты «Жібек» қыз-келіншектер клубы өз жұмысын бастаған еді. Содан бері клуб мүшелері түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, елордалық әйелдер жамағатының рухани өмірін байтуға айта қалсын үлес қосты.
Клубқа қарасты аналар мектебінде өз өмір тәжірибелері негізінде жас қыз-келіншектерге идеялогиялық тұрғыдан өнеге көрсететін ел аналары да бар. Олар әйел жамағаты арасындағы жат ағымның алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтар мен ұстанымдарды, ұлттық дүниетанымды насихаттау жұмыстарына да атсалысып келеді.
Сонымен бірге, дәстүрлі қайырымдылық шараларын өткізіп әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беріп, қоғамның жүгін жеңілтетуге де айтарлықтай септігін тигізуде.
«Мумтаз» мейрамханасында өткен рухани шараға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазанов, қоғам және мемлекет қайраткері Оразгүл Асанғазықызы, ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Әйелдер-қыздар секторның жетекшісі Ақбөпе Қанатқызы, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі, сарапшы-психолог Лимана Қойшиева, ҚМДБ Әйелдер-қыздар секторның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Динара Нұрғалиева арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Наиб мүфти Наруызбай қажы Өтпенов өз сөзінде «Жібек» клубының елордадағы жас қыз-келіншектер өміріндегі мән-маңызы, клубтың аналар мектебіндегі әжелер қауымның жас ұрпақтың сауатты да, салауатты болуына, жас буынның дәстүрлі діни ұстанымды қалыптастыруындағы өзіндік рөлін атап өтті.
Сонымен бірге, наиб мүфти «Жібек» қыз-келіншектер клубының құрылғанына 3 жыл толуына орай белсенді клуб мүшелерін арнайы алғыс хатпен марапаттап, ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.