25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Имамдар байқауы бұқаралық сипатта өтеді

Мешіт тынысы
Жарнама

Ислам – Алла тарапынан түсірілген соңғы һәм саф сенім. Ардақты елші Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан жеткен жақсылықтың, қайырым мен мейірім дінінің қазақ топырағында дәні егіліп, тамырын жайғанына да ондаған ғасыр өтті. Ат үстінде күн кешіп, ер жастанған қайсар халық еңсесі түсіп, тізесі бүгілген дәуірлерде де діні мен ділін, тілі мен тұғырын жоғалтпады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» орталық мешіті қолға алып отырған Имамдар байқауының мән-мағынасы да баба тарихымен тамырласып жатыр.  15 сәуірде өткізілетін «НҰРЛЫ МІНБЕР-2015» байқауы ең алдымен Қазақ хандығының 550 жылдығына – ел мерейін көтерген ұлыстың атаулы мерекесіне орай ұйымдастырылуда. Ежелгі Түркі қағанатынан, хандық дәуір уақытында да Алласын бір деп таныған қазақ халқы қашанда діндарын дәріптеп, молдасын мәртебелі жандар қатарына қосқан. Бүгінгі жаһандану заманында да Имамдар имиджінің, имам интеллектуалының биік дәрежеде, лайықты сипатта болуы дін дамуы үшін маңызы зор болмақ. Осындай салмақты үдеден шығуды діттеген байқау асыл дініміз бен дәстүрімізді, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды әспеттей отырып, бұқара алдындағы дін қызметкерінің беделін көтеруді көздейді.  

Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарма төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының алға қойған мақсаты да -  зайырлы қоғамдағы бәсекеге қабілетті, білімді де қарымды, қабілетті имам бейнесін қалыптастыру, есімі ел есінде жатталып, тарихында қатталар дін қайраткерлерінің шығуына жол ашу. Таяуда ғана ел тарихындағы дін дамуына соны серпін берген Республикалық имамдар форумының өткізілуі, онда құнды құжаттардың қабылдануы да дін қызметкерлеріне жүктелер міндет пен жауапкершіліктің жеңіл еместігін байқатады. Айтулы форумда қазіргі қоғамдағы имам келбеті мен шынайы мұсылманның бейнесімен қатар, имамдық қызметтің мән-маңызы айқындалған. «НҰРЛЫ МІНБЕР-2015» имамдар байқауына қатысуға бел буған дін қызметкері форум жүктеген жауапкершілікке сай болуы шарт екенін де еске сала кетейік.

Имамдар байқауына Елордамыздың «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани», «Әлжан Ана», «Әл-Ғани», «Кунта қажы», «Төлебай», «Әс-Сәлам» мешіттерінің имамдары қатыса алады.

Ең алдымен байқауда бағы мен білімін сынауға ниетті имам ҚМДБ кестесіне сай, 10 сәуір күні «Үміт пен үрей» тақырыбында жұма уағызын жүргізіп, оның бейнежазбасын 11 сәуірге дейін «Нұр Астана» орталық мешітіне тапсыруы тиіс. Ал имамдар ұсынған жұма уағыздарының бейнетаспасы өкілдіктің Ummet.kz порталында 12-15 сәуір аралығында бұқараның назарына дауыс беруге қойылады. Айта кетейік, байқаудың негізгі кезеңінде дауыс саны ескеріледі. Мұнымен қоса,  қазылар алқасына өзі туралы толыққанды құжаттарды (жеке іс парағы алғыс хаттары мен марапаттары), сондай-ақ ҚМДБ бекіткен төрт бағыт бойынша атқарған жұмыстарының есептік-суреттерін слайд түрінде дайындап, көрсетуі керек.

Ал, байқаудың негізгі кезеңінде имамдар «Сәлем – сөздің атасы», «Бәйге», «Жеті жарғы», «Жағдаят» және «Имам мінбері» турларынан шешендік шеберлігі мен қарым-қабілетін салып, сынға түседі. Көпшіліктің көңілінен шығып, қазылардың әділ бағасына ие болған имамдар «Нұрлы мінбер-2015» арнаулы кубогымен, ұмра қажылығы сертификатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«Нұрлы мінбер-2015» имамдар байқауы 15 сәуір күні өткізіледі.

 «Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

 

 

Бөлісу: