25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Өзгенің отбасын өз үйіңде мақтама

Өзгенің отбасын өз үйіңде мақтама

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адам жалпы табиғатынан қанағат дегенді білмейді. Оны тек сабырмен, шүкір ететін амалдармен бақылауға алады. Соның ішінде өзі сүйіп алған әйелін, өзі сүйіп қосылған ерін жамандап, өзгенің отбасымен салыстырып отыратын отбасылар да бар. Бұл ең жағымсыз нәрсе. Тіпті проблемалардың ішіндегі ең жауызы да осы. Есте ұзақ сақталып, кетпейтін де дәл осы болмақ.

Ешкім екеуіңізді бір-біріңізге күштеп қоспады (алып қашып кетудің басқа екенін ескеріңіз). Ақыры бір-біріңізді тауып қосылып, өзара татутәтті болуға серттескен екенсіздер, ендеше өзгенің өмірін, қаңсығы мен жақсылығын мүлде өз үйіңізде айтпаңыз. Тіпті ұрыс-керіс болып жатса да. Мәселен, отбасы ішінде қатты ұрыс кезінде: «кімнің әйелін қарашы?», «ананың байындай болсаңшы», «неге жұрттың баласы» деп бастайтын әңгімелер жиі кездеседі. Ашу үстінде айтылып, сол жерде жоғалып кететін нәрсе деп ойласаңыз, қатты қателестіңіз. Ең есте қалып қана қоймай, әр кез үстел басында, өзара әңгімелесіп отырғанда ойға орала береді. Оралған сайын берекені алады. Ал адамның өзінен береке кеткеннен кейін, отбасы ішіндегі береке де бұзылады. «Он күнәнің тоғызы тілден» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Яғни аңдымай сөйлеп, ауырмай өлудің өзі. Ең тәтті, ең әдемі сөздерді айтуға қимаған ауыздан өзгенің отбасын мақтайтын ойды айтып отырғаннан кейін, әйел де, ер де бір-біріне разы болмайды. Қандай жағдай болмасын, осы бір проблеманы мүлде ойдан сызып тастаған жөн. Өзгенің отбасы да идеал емес. Солай көрінуі мүмкін немесе олар шынымен де бақытты. Мәселе басқа отбасының бақыты мен проблемасында емес, соларды сөз етіп мысалға алып отырған сіздің, оның қателігі. Сыртта жүрген кезде де өз отбасыңыздан жерініп, өзгенің отбасындағы қуанышқа қызығып, ішкі ниетті бұзып алмаңыз.

Сыртқа білдірмейтін шығарсыз, алайда дерттің ең жаманы ішкі құрт секілді түсіп алып, жегідей жей беретінінде. Адам әр істі жасар кезде ниеттенуі тиіс. Сол секілді үйден шығарда да, дұғада болып, көзіңіз бен тіліңізді, ойыңыз бен ниетіңізді жаман нәрседен сақтауды сұраған жөн. Бұл жеке бір басыңыздың ғана мәселесін шешпейді, отбасындағы өзара балансты дұрыс ұстауға да тікелей қатысы бар. Сана биігінде жолығу үшін осындай үлкен проблемалардан қашу қажет. Саналы адам ешқашан өзгенің өмірін талқыламайды. Тіпті оны салыстырып, өзінің әйеліне не еріне теліп, қарастырмайды. Сана биік болса, онда тіпті ол әңгіменің болмауы да керек. Ал екі әлем бір сана биігінде жолығатын болса, онда өзгенің отбасы түгілі, бір-бірінің проблемасын да беттеріне басып, ұрыс болған сайын алдынан шығарып отырмас еді.

Отбасы – ешкім үйретпейтін білімді, ілімді, өмірді, ғылымды, тәжірибені кубик-рубик құрастырғандай, өзің құрап шығатын орын. «Үйленбей тұрып, үйрен» немесе «үй болудың шарттары» деген секілді кітаптар толып жатыр. Кітап авторларына немесе оқып жатқан оқырманға сөгіс жоқ. Тек бір нәрсені ескерсек: Отбасы болғанға дейін мың ақыл, жүз әзіл, он кеңес, бір тәжірибе туралы естідік. Көзбен көрдік. Алайда біреудің көзі, біреудің ауызы, біреудің санасымен жеткен ақылдан да, әзілден де, тәжірибе, кеңестен де пайда ары кетсе 1%. Неге дерсіз? Айтайын. Сіз де, ол да (жарыңыз) бір-бір әулеттің тұтқасы не еркелеп өсірген қызы. Мінез, еркелік, түсінбейтін дүниелер, құндылық түрлі болады. Жігіт пен қыз болып жүріп жүрген кезде ешкім шынайы бейнесін көрсетпейді. Мейлі, көрсетті деген күннің өзінде ол факт емес. Ер мен әйел бірігіп отбасының 1 % ғана құрайды. Одан кейін 1%-дан ақырын-ақырын дүниеге келген әр сәби құрайды. Ең көп дегенде 5 балаңыз болса да, сіздің отбасыңыздың тек 6% ғана құралды. Сонда қалған 94% қайда кетті? Ешқайда кетпеді. Қасыңызда жүр. Бұлар: Мінез, адамның табиғаты, болмысы, иманы мен берекесі, сабыры мен мейірімі, жақсы көруі мен сүйіспеншілігі, сыйластығы мен сыйлығы, қалжыңы мен орындайтын сүннеті… әр қайсысы бір-бір пайыздап кете береді. Осылардың бәрі толық жиналып барып 100% «ОТБАСЫ» деген аталы сөздің қаңқасын құрайды.

Біз «Отбасым бар» деп айтқан кезде мақтанышпен айтамыз. Ол да ғажайып нәрсе. Алайда жаңа айтылған бір-бір пайыздарды түгендеп жүрміз бе? Бәрі бірден болмайды. Ақырын-ақырын бойыңызға жинайсыз. Солардың бойына жинап үлгермеген, жол ортадан шаршаған, төзбегендердің арасында ажырасу немесе зорлық-зомбылық көрсету әрекеті көбейеді. Бұл айтылған бір-бір пайыз құндылықтардың бәрі Құдайдан және ұлттың құнды дәстүрі мен тәрбиесінен. Отбасы - теория арқылы оқып, біліп, түсініп алып, ертең үйленгенде солай жасаймын дейтін зат емес. Қателеспеңіз. 9 жыл әлде 9 ай жүрген қызыңыздың адал жарыңыз болып, қасыңызға келгеннен кейін 9 күнде мінезіне не қылығына шыдамай қалуыңыз мүмкін. Сонда не істейсіз, ажыраса саласыз ба? Ондайдың алда 99 түрі шығады ғой. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) өзін өлтірмек болғандарға да, қарғап, ауыр сөз айтып, қастық жасамақ болғандарға да құс жастықтай жұмсақ болды. Ал оларды пайғамбар өзі таңдап алған жоқ. Бірақ таңдап алмаған екенмін деген де жоқ, керісінше, соларды түзу жолға салуға, сабырмен жақсылық жасауға, Құдайды тануға жол бастаған жоқ па? Мұның қасында «пенде» деген атты көтеріп жүрген сіз өзіңіздің ұрып не боқтап отырған жарыңызды сүйіп тұрып, жақсы көріп тұрып, құдайдан тілеп, некесін қиып тұрып таңдап алған жоқсыз ба? Отбасы – сіз өзіңіз таңдаған 1% (жарыңыз) арқылы қалған 99% толықтыру жолындағы иманның үлкені.

материал «Сана биігінде жолығу» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: