25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Отбасы болмай тұрып «отбасын құрмаңыз»

Отбасы болмай тұрып «отбасын құрмаңыз»

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қазір қыз бен жігіт некелеспей жатып немесе ырымын да жасамай жатып бірге тұруды, өздеріне салса, солай өмір сүру дұрыс деген жолды таңдады. Қызығы, сол бірге тұру дегенге әсіресе жігіттер жағы бірінші болып ұсыныс жасайды. Қыздың көнгені көнді, көнбегені өзінің ойын ашық айтады. Жігіттер қасында жүрген қызды қызғанудан, оны басқа біреумен көруден, кешке не басқа кездері қасында болмағаннан кейін күдіктене бергеннен осы бір жолды таңдайды.

Одан бөлек, «түбі үйленеміз ғой» деген жалаң оймен де бірге тұруға шақырады. Исламның өзінде бұл үлкен күнәға апаратын әрекет. Дегенмен бәрі бірдей құдайға сенеді не діннің тыйым салған нәрселерін орындайды деп айта алмаймын. Ендеше мұны қарапайым жолмен талдау керек, түсіндіру қажет. Жігіт пен қыздың отбасы болмай тұрып «отбасын құру» мәселесі негізі қоғамдық деңгейде көтеріліп, нақты шешімін табуы тиіс нәрсе. Еуропалық түсінікке салып, қыз да, жігіт те желігемін деп жүріп алда болатын үлкен өмірдің жолын кеседі. Үйленеміз деп серттескендей болғанымен, алда не күтіп тұрғанын адам біле ме? Жоқ. Адамның басы Алланың добы ғой. Қыз бен жігіт жеке қалғанда ортасына үшінші бір азғырушы тараптың түсетінін сенімге қатты берілгендер аңғармаса, бәрі бірдей біле бермейді. Нәпсі өзінің айтқанын істеткен соң, болар ісіп болып, бояуы сіңгеннен кейін екеуінде қызық қалмайды. Нені меңзегім келгені түсінікті болар. Қазір мұндай нәрсенің өзін «азаматтық неке» ретінде тіркеп, біраз уақыт көріп, болмаса ажырасып, басқа біреумен өмірін жалғастырып кете беретін күнге де жеткенбіз. Алыстан мысал іздемей-ақ, Қазақстандағы азаматтық некеде тұрғандардың санын қарай салсаңыз болады.

Отбасы болмай тұрып «отбасын құратын» тағы бір қисынсыз аргумент бар. Бұл – бала туралы сөйлесу. Жігіт пен қыз сөйлесіп жүріп, бір-бірімен тым жақын араласқан сайын болашақты айта бастайды. Тек болашақтағы арман-мақсат, білім жолы, даму емес, кім қандай келін болады, кім қандай күйеу болады, қанша бала болады деген секілді тұрмыстық мәселелер талқыланады. Мұны мойындамайтын да шығарсыз, алайда, сөз арасында өзіңіздің айтып жатқан әңгімеңізге бір сәт мән беріп көріңізші. Тіпті баланың атын қою, бес ұл, бес қыз дегенді де айтамыз. Жасыратын несі бар, ұрпақ сүю деген нәрсені құндылық ретінде қарауды бала күнімізден білеміз.

Тек әлі үй болмай жатып, қиындықтың алғашқы кезеңін бастан өткермей жатып, үшінші кезеңге бірден секіру миға да, жүрекке де ауыр. Отбасы болғаннан кейін бала емес, алдымен әйелмен, ермен қарым-қатынас бір жүйеге қойылып, өзара ынтымақ орындалуы тиіс. Әйел алдым, оның мақсаты тек туу деп ойлайтын жабайылыққа бармайтын боларсыз... Себебі бала сүю бөлек бақыт, ол бөлек проблема. Оған да дайындалу керек. Сондықтан әлі отбасын құрмай тұрып, бала туралы айтудың, оның есімен бола таласып, ұрысып қалудың қажеті жоқ. Бәрі уақытымен келетін, өз ретімен орындалатын табиғи заңдылықтар.

Отбасы болғанға дейін жігіт әлі үйленбеген қызынан «әйел» және «келін» жасап үлгереді де, қыз да өзінің жігітінен «күйеу» жасап алады. Екеуі бәрін ортақ қылып қояды. Екеуінің бірбіріне деген сенімі тым жоғары бағаланады. Алайда жай ғана бір қателіктен екеуі екі жаққа кетуі мүмкін екенін мойындағылары келмейді. Сондықтан сөйлесіп жүрген қызға болашақ жарыңыз ретінде қарау басқа, бірден «әйеліңіз» көріп кетуіңіз басқа нәрсе. Бойжеткен өзіне лайық әрі жастық шағының қызығын көруі тиіс.

Жігітпен сөйлескен екен деп оны бірден тырнақша ішіндегі күйеуге беріп жіберудің қажеті жоқ. Ессіз ғашық болу, жақсы көрудің жақсы екенін білемін. Дегенмен адам алдынан шығатын проблемаларды қабылдауға дайын болуы тиіс. Мәселен, қыз бен жігіт арасындағы бауыр басу, бір-бірінен кете алмайтындай жағдайға жетіп, іштей өздерін «отбасы» көріп алғаннан, екеуі де бір-біріндегі ең үлкен қателіктерді кешіріп қоюы, кейін содан жапа шегуі мүмкін. Яғни қателік деп отырғаным екеуіндегі жайсыз мінез немесе бір-біріне мүлде жақпайтын әдеттер. Қазақ әр нәрсені уақытымен өлшейді.

Бала – патша көңілдің иесі. Ендеше ол ойнауы керек, жарқылдап тұруы тиіс. Бозбала мен бойжеткен де жастық шақтың ең тәтті, ең қызық сәттерін көктемнің шуақты күніндей қарсы алуы тиіс. Олардың сондай шуақты күндерін біреудің не өзара тартып алуларына болмайды. Түсінесіз бе? Бәрі өз ретімен орындалған кезде береке болады. Сондықтан әлі отбасы құруға ниет жоқ болса немесе ниет болса да, бірақ әлі жас болсаңыздар отбасы болмай тұрып өздеріңіз «отбасы» құрып алмаңыздар. Кейін өкінбес үшін, қазір дұрыс әрекет, қадам жасау маңыздырақ.

материал «Сана биігінде жолығу» кітабынан алынды,

ummet.kz


 

Бөлісу: