25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақша мəселесінде бала үшін ең қауіпті нəрсе

Ақша мəселесінде бала үшін ең қауіпті нəрсе

Исламдағы отбасы
Жарнама

Белгілі уақыт аралығында балаға көп мөлшерде ақша берген де немесе түк ақша бермей қойған да дұрыс емес. Əке-шешеден тыс ағаның, көкенің, атаның, апаның я болмаса жақын ағайынның балаға ақша ұстатуын абайлаған жөн. Балаға ақша бір-ақ адамнан берілгені дұрыс. Бала қолына ретті түрде белгілі бір мөлшердегі ақша ғана тиіп тұруы керек.

Өте көп берілген ақша да баланы түрлі жаман қылықтарға итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар, ақшаның берілмеуі де баланың басқа балалар арасында көңілінің құлазып, өзін қор сезініп, олар сатып алып жатқан нəрсені ала алмай төменшіктеуіне, ұнжырғасы түсіп олардан лажсыз бөлектенуіне, томаға тұйықтау, ынжық болып өсуіне себеп болады. Ондай кішкене кезінен ақша ұстап үйренбеген баланың кейін қолына көп ақша түсе қалса, оңды-солды шашып тастайтыны да, міне сондықтан. Өйткені, оған оны кішкене кезінен үйретпеген əке-шешесі тікелей кінəлі.

Қолына көп ақша берілген бала ол ақшаға өзіне керекті қалам, қағазын сатып алуын сатып алғанмен, артығын босқа керексіз нəрсеге жұмсай салады. Немесе, артық ақшаға өзінде бар өшіргіш қаламның тағы бірекеуін сатып алады. Сөйтіп, бұл əрекет оны бос ысырапшылдыққа, көрсеқызарлыққа, көзтоймаушылыққа апарады. Көбіне жағдайы жақсы отбасыларда əке-шеше баласына керекті ақшаны ұстатып қойып, баланы экономикалық жағынан қамтамасыз етсек болды, бəрі бітті деп ойлайды, алайда, сол бере берген ақшасы баланы ақшаға қомағай қылатындығын ойлап жатпайды. Бастауыш бірінші сыныпта ұрлықпен ұсталған бір баланы сынып жетекшісінің маған əкелгені бар еді. Баламен сөйлесіп байқап қарасам, бұндай əрекетке қалтасындағы ақша жетіспеушілігінен барған екен.

Баланың əке-шешесі ажырасу салдарынан бір-бірінен бөлек тұратын. Бала анасымен бірге екен. Ол кісіні шақыртып, балаға күніге қаншалықты ақша беретіндігін сұрағанымда, ол: – Білесіз бе, бұрын өте дəулетті, бай тұратын едік. Баланы да сол кезде əкесі, мен жəне көкесі кезек-кезек қолына ақша ұстатып көп ақша жұмсауға өзіміз жаман үйреттік. Енді, міне, аяқ асты шат-шəлекейіміз шығып, кедейленіп, бұрынғы күнімізге зар болып қалдық. Дəл қазір не істесеңіз де балама күніге 100 теңгеден артық ақша бере алмаймын, – деген еді. Мен ол кісіге дəл оның жасындағы бала үшін күніге 100 теңгенің кеңмол жететіндігін, бірақ, өкінішке орай, сол балаға ғана оның аздық етіп жүргендігін айттым. Артынша, «Сонда ұрлық жасаған бала кінəлі ме, жоқ əлде, оны көп ақшаға құнықтырып жаман үйреткен əке-шешесі кінəлі ме?» деген ойға қалдым. Алғаш бастауыш сыныпқа барған бала үшін қалта шығынына күнделікті ақша беріп тұрған дұрыс. Əрине, ол ақшаның не үшін берілгені де əдемілеп түсіндірілуі керек. Алайда, бала өскен сайын ақша күнара беріліп, кейіннен апталыққа дейін жеткізуге болады. Он бес күн яки бір ай деуге келмейді, өйткені, бала үшін ол – көп, ұзақ мерзім болып кетеді.

Қалта шығыны үшін ақша берілерде:

1. Бауырлар арасындағы тепе-теңдік пен тұрақтылық сақталуы керек.

2. Балаға əр сұраған сайын ақша ұстатылмауы керек.

3. Балаға ақша беріп тұрып, ол ақшаны жақсы жағына қолдануын қадағалаңыз. Бірақ, міндетті түрде, сіз айтқан нəрсені сатып алуға күштемеңіз. Егер қажет болса, ақшаны қалай, неге жұмсау керектігі жөнінде ақыл-кеңес бергеніңіз де дұрыс. Бірақ, ол ақшаны өзі ұстап, өзі жарататын болсын. Сізге тіпті ұнамсыз нəрсені алғысы келіп тұрса да араласа көрмеңіз.

4. Жаза ретінде күнделікті алып жүрген ақшасын бермей қоюға болмайды.

5. Бар балаларыңызға бірдей ақша ұстатпаңыз. Жас шамасына қарай көбейтіңіз.

6. Қалта шығыны ретінде берілетін ақшаны мектептегі оқу үлгерімі, я болмаса үйге қолғабыс еткені үшін азайтып не көбейтпеңіз.

материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: