25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шаһкәрім қажының ақидаға қатысты мақаласы

Шаһкәрім қажының ақидаға қатысты мақаласы

Күдікпен күрес
Жарнама

Шаһкәрім Құдайбердіұлы атамыздың «Мұсылмандық шарты» кітабындағы «Жақсылық пен жамандық Алла Тағаланың тағдырынсыз болмайды деп нанбақ» деп аталатын бөлімін назарларыңызға ұсынамыз.

Уа, достар, жақсылық жамандық әрне іс болса Алла Тағала болсын демей болмайды. Бұл сөзді бек анықтап ұғу керек. Осының мәнісін білмей, теріс ойлайтұғындар көп.

Кейбіреулер адамда түк ерік жоқ, әрне қылса Құдай Тағала қылғызады деп, Алла Тағаланың бендеге берген ерік пенен талабын танады. Бұл теріс, кейбіреулер жақсылық жамандықты басында жаратқан Алла Тағала, сол себептен бәрі Алладан дейміз. Одан басқа Алла Тағала дүниедегі бенденің ісіне тіпті кіріспейді. Бәрін де жаратты да, Пайғамбар артықты ұқтырды да қойды. Бенде өзі сүйгенін қыла береді дейді. Бұл ой да теріс ой. Және кейбіреулер біздің не қылатұғынымыздың бәрін де Алла Тағала өзі әрқашан біліп, лаухул-махфузға жазып қойды. Оны қылмай кетуге бендеде не ерік бар дейді. Бұл сөз де ақылсыздықтан айтылады.

Бұл үш түрлі сөздің жауабы оңай - әуелі адамда түк ерік жоқ деген кісіге айтамыз: адамда түк ерік жоқ болса, бенденің ғибадатына сауап, күнәсіне азап қылғаны әділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, біріне сауап, біріне жаза қылғаны дұрыс болмайды ғой. Аятта: «Иннә-Аллаха лә йазлимун-нәсә шәй-ән, уә ләкиннан-нәсә анфусаһум йазлимун». Мағынасы: анық Алла Тағала бенделеріне залал қылмайды еш нәрседен. Бірақ бенделер өзіне өздері залал қылады деген. Енді осыдан ойласаңыз, Алла Тағала бендеге еріксіз іс қылғызып, ол үшін сауап, не жаза қылмайды. Және аятта: «инна һадайнаһус-сәби-лә иммә шәкиран уа иммә кафура» - деген. Мағынасы: біз көрсеттік тура жолды бенделерге, мейлі шүкірлік қылын мұсылман болсын, мейлі қарсылық қылып кәпір болсын дегені. Және бір аятта: «уа ан лайса лил-инсани илла ма саға». Мағынасы: адамға өзі ықыласыменен ұмтылмай тұрып еш нәрсе жоқ деген. Енді бұл сөзге бір дау айтылады, өйтіп бендеге іс қылса да өз ерігі болатұғын болса, дүниеде Алла тағаладан тілек тілемек бекер болмай ма, не себептен тілек тілеуге бұйырылған десе, бүл сөзге айтамыз: жоқ, бенде біржолата өзінің ойлаған ісінің бәрін істеп, орнына келтіруге құдіретті емес. Ол істі орнына келтірмек Алла Тағаладан өзінің талабына ғана ерікті болды дейміз. Олай болса, Алла Тағала бенденің бір арам іске талап қылғанын неге орнына келтіреді, онысы арамға жәрдем қылғаны болмай ма десе, абыз етеміз. Ол жәрдем қылғаны емес, қаһар қылғаны. Себебі ол кісіге П айғамбар арқылы, молдалар арқылы артықты ұқтырып, білдіріп тұрса да, болмай, нәпсісіне еріп қызығып, ұмтыла берген соң, Алла Тағала қаһар қылып, ол іске бөгет қылмай қоя береді. Сол себептен аятта айтқан: «уа назаруһум фи туғйаниһим йағ-маһун». Мағынасы: оларды өздерінің бұзықтығына қалдырармыз, қайран болар да қалар деген.

Енді дүниедегі іске Алла Тағала кіріспейді деген кісіге жауабымыз - егер де олай болса Пайғамбарды жоқ дегенің болады. Себебі Пайғамбар да әншейін өз дегенін бір себептен болған болады. Оның үшін Алла Тағала дүние ісіне кіріспеген соң, қалайша Пайғамбар жібереді. Және сауап, күнә, тілек - бәрі бекер болады. Себебі Алла Тағала дүние ісіне кіріспесе, тілекті де бере алмайды. Және әр нәрсе себебін болған болып, сауап іс қылғанға разы болып, рахымет қылып, обал іс қылғанға жаза қылудың да қисыны жоқ. Оның үшін мұның күнәкар болғанымда бір себеппенен, яки әкім себеп, яки жолдасым, яки тұрған жерім жаман болды. Сондықтан күнәкар болдым, оны кімге тартқызады. Аятта: «уа ла тазиру уазиратун уизра ухра». Мағынасы: біреудің жүгін біреу көтермейді деген, егер де аятқа тоқтамасақ, ақылға да лайығы жоқ. Себебі менің күнәмді себеп болған біреуге көтертсең, оған да біреу себеп болып, ақырында Адам Пайғамбарға да бір себеп керек болады. Сол себептен бұл сөздің де түбі теріс болады.

Енді Алла Тағала біздің не қылатұғынымызды біліп қойған, оны қылмай кетуге болмайды деген сөзге жауабымыз - бұл сөзді сөз емес дейміз. Себебі Алла Тағаланың сен не қылатұғыныңды білгені - саған зорлық қылғаны емес, қыл деп қылдырғаны да емес, ғылымның зор болғандығына білдіргені саған ғұзыр болмайды, адамның да ақылдысы - сен ысырап қылып бар малыңды орынсызға шашып жүрсең, аздан соң кедей болатұғынынды біледі. Сен біліп істеген соң кедей болдым деген дауың жөн бола ма. Сол сықылды сөз. Алла Тағаланың білгендігі — саған қыл дегені емес. Сол себептен бұл сөзің сөз де емес.

Енді молдалар да аят, хадис сөзіменен дау айтып, талас шығаратұғын болады. Кейбіреу біле тура ғылым салыстырмақ болады. Ол бек жаман. Кейбіреулері мағынасын анықтап шеше алмай да қалады. Ол дауласатұғын аяттар мұндайлар. Аятта: «уа ла йарда ли ғибади-һил-куфра» . Мағынасы: Алла Тағала разы емес құлдарының күпір болғанына деген. Және бір аятта: «ма асабақа мин хасанатин фа миналаһи уа ма асабақа мин сайи-ғатин фа мин нафсика» - мағынасы, не нәрсе жақсылық келсе саған, оны Алла Тағаладан деп біл. Не нәрсе жамандық келсе саған, оны оз нәпсісінен деп біл деген. Және бір аятта: «ма асабақа мин мусибатин илла бизнил-лаһи». Мағынасы: не қайғы келсе саған, Алла Тағаланың рұқсатымен келді деген. Және бір аятта: «...уа туғиззу мән ташәә-у уа тузиллу ман ташәә-у...». Мағынасы: Алла Тағала қайсыбір бендесін құрметті қылады деген. Және бір аятта: «...уа литуджзәә куллу нафсии би мә кәсәбат уа һум лә йуз-ләмуна» - мағынасы: әр бенде өзінің қылған ісіне қарай жазаланады, оларға ешбір залал қылынбас деген. Және бір аят: «ин ахсантум ахсантум ли анфусикум уа ин әса-тум фә ләһа…» - мағынасы: егер жақсылық қылсаңыз өзіңіз үшін, егер жаманшылық қылсаңыз және өзіңіз үшін деген. Бұлардан басқа да осындай аяттар көп. Енді осы айтылған аяттар бірі-біріне қарсы сықылданса, олар қарсы емес, бәрінің шешуі мынау: бенде өз талабына ғана ерікті, сол себептен қылған ісіне не сауап, не жаза көреді, бірақ ол ісі орнына келер-келмесі Алладан.

Сол себептен, жақсылық орнына келсе, Пайғамбар жіберіп, ақыл мархамат қылып орнына келтірген Аллаға шүкірлік қыл дегені. Егерде жаманшылық орнына келсе, Алланың тыйғанына болмай, нәпсіме ерген coң қаһарына жолықтым-ау деп шүбә қыл дегені. Бәрі Алладан дегеніміз - Алла Тағала болсын демесе, бірде-бірі болмас еді деген соң. Бірақ не істі не себептен орнына келтіргенін, не істі не себептен орнына келтірмегенін біз тексеріп, бәрін біліп отыруға жол жоқ. Оның үшін біз жаратқан құлымыз, құлының ықыласын, талабын Алла Тағала өзі сынап, өзі өлшейді, біз өлшей алмаймыз. Сол себептен аятта: «...фағ-буд-һу уа тәуәккәл ғ‘алайһи...» - деген. Мағынасы: құлшылық қылдағы, Аллаға тәуекел қылып, ісіңді бір өзіне тапсыр да қой деген.

Және анықтап ұғу керек Алла Тағала ешқашан бенденің көңілін жаман іске аудармайды. Жаман істі бенде өзі нәпсісіне еріп, шайтанның алдауына еріп, талап қылады. Оны Алла Тағала көрмеуі де шариғат һәм молдалар сөзіменен тыйып, жасырын да ойы жүрегіне сезгізіп тыяды, оған да болмай ұмтыла берген соң, қаһар қылса тоқтатпайды. Жақсылыққа әрқашан бұйырып һәм көңілін де соған аударады. Тілегі дұрыс, жүрегі таза бендесін бірде болмаса, бірде түзу жолға салады. 

(Мақалада транскрипциядағы қателіктер түзетіліп алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: