25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Елден ерекше болып киіну ғибадат па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Шектен шыққандардың тағы бір ерекшелігі – мұсылмандар арасындағы сыртқы көріністерімен өзгешеленулері. Оларды бір қарағанда-ақ тануға болады. Себебі қолдарынан келгенше мұсылмандардың киім киісінен өзгеше киім үлгісінде жүруге тырысуда.

Нақты айтқанда, өткен ғасырлардағы қоғамды еске салатын немесе өзге қоғамның әдет-ғұрпына тән киімдер киюде. Олар осы арқылы Алла Тағалаға шынайы жақындаймыз деп ойлайды. Бұл түсінік олардың санасына теріс бағытта қалыптасып жатыр. Тіпті, бұл қылық олардың пікір фанатизміне берілген, дөрекілігі басым тұлғаларға айналдырды.

Киім жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Ей адам баласы, намаз оқитын жерге (жақсы) киімдеріңді киіп барыңдар!Ішіңдер, жеңдер! Ысырап етпеңдер! Шын мәнінде Ол ысырапшалдарды жақсы көрмейді» (Ағраф 31). Бұл аятта Алла Тағала сөзін барша адамзат баласына арнап отыр. Яғни, еркектер мен әйелдерді және мұсылмандар мен мұсылман еместерді тегіс қамтып отыр. Оларға «киім кию» әмір етілуде. Яғни, әурет жерді жабу үшін яки көрік үшін мешіт, медресе, университет, жұмыс орны немесе басқа да қоғамдық орындардың бәрінде киім киіп жүруді бұйыруда.

Демек, аят маңызды, өзекті діни және қоғамдық реформалардың бірінің негізін қалап отыр. Бұл айтқанымызды тәпсіршілердің тәпсір кітаптарында осы аяттың түсуіне себеп болған оқиғаға байланысты келтірген сөздері қуаттай түспек. Олардың айтпағының түйіні мынадай: «Арабтар  әуелден әйел немесе еркек деп бөліп қарамастан киім атаулыдан жұрдай күйде «Қағбаны» тауап жасайтын. Бұл аят осыған қатысты түскен». Әрі бұл сол дәуірде жер бетінде ғұмыр кешкен көптеген адамдарға тән құбылыс еді. Тіпті, ислам діні жетпеген кей жерлерде әлі күнге дейін аталмыш үрдіс жалғасып келеді.

Бастысы, аяқ киімнің түріне немесе формасына шектеу қоймаған. Себебі, ислам діні кез келген жерде, кез келген уақытта жарамды негіздер қалыптастыруымен ерекшеленеді. Яғни, аяттағы айтылған жалпылама әмір, кісінің өзгелермен кездесу кезінде өз мүмкіндігі мен заманының ғұрпы шеңберінде және сол қоғамның әдеттегі негізінде киініп жүруін меңзеп отыр. Міне, осы себепті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзгелердің киімінен ерекшелене киетін арнайы киімі болмаған. Адамдарға қиындық тудырмау үшін қандай да бір киім түрін арнайы белгілемеген. Хадис жинақтарында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кең киімді де, ықшам киімді де кигені туралы деректер кездеседі. Сахабалар да, табиғиндар да бұл үрдістен айнымаған. Өзге де назар аударарлық жайт – еркектерге яки әйелдерге қатысты болсын Пайғамбардан (с.ғ.с), сахабалардан немесе табиғиндерден белгілі бір сипаттағы яки формадағы киім кию жайлы дерек жоқ.

Шариғат, арнайы киім түрлерін бекітпей денеге жарасымды болуын және пішілу түрлерін әдет-ғұрып, тәжірибе және зәрулікке қатысты дүниелік өлшемдер негізінде қарастыруды жөн санаған. Имам Ахмад ибн Ханбал (р.а) ақ және қара шолақты шапан киген кісіні көріп қалып: «Мына киіміңді киме! Өз еліңнің киімін ки» дейді. Артынша: «Бұл – харам емес. Егер сен Меккеде немесе Мадинада осы киіммен жүрсең, мен сені айыптамас едім» дейді (Ғиза-ул-Әлбаб 2/163).

Адамдардың көзі үйренген, ыңғайлы киім түрлері мен формалары жалпылай қағиданың аясындағы шариғатқа сай киім түрін қамтыса, яғни бұл киім дене бітімін білдірмейтін, дене көрінетіндей жұқа емес, шариғи тұрғыдан әурет саналатын жерлерді жауып тұратындай болса, маңыздысы «өзін көрсету»  ниетінде болмаса, онда оның шариғи үкімі – мубах.

Егер шариғи тұрғыдан күнә болмаса, заманына сай киіну бекзаттылыққа жатады. Ал заманынан ерекше киіну «өзгешелену мен өзін көрсету» нышаны болмақ (Фатхул-Бари). Демек, мұсылман кісі «өзін көрсету немесе өзгешелену» ұғымына кірмеу үшін киім киюде, ғұрыптық салтта өз замандастарынан ерекшеленбеу қажет.

Шариғатта «өзін көрсету» мақсатында киілетін киімдерді сынға алатын дәлелдер бар. Абдулла ибн Омар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқанын риуаят етеді: «Кімде-кім «өзін көрсететін» киім кисе, қиямет күні Алла Тағала оған «масқаралау» киімін кигізеді». Абдулла ибн Омар (р.а) риуаят еткен басқа хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Кімде-кім «өзін көрсету» үшін киінсе, қиямет күні Алла Тағала оған «масқаралау» киімін кигізеді. Кейін отқа оранады» (Әбу Бәуід, Ибн Мажа).

Сахаба Абу Зар Пайғамбардың (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Кімде-кім өзін көрсету үшін киім кисе, ол киімді шешіп тастамайынша Алла одан бет бұрады» (Ибн Мажа).

Жоғарыда келтірілген хадистер «мақтанышпен» киім киюдің харам екенін көрсетеді және хадистер тек мұндай ғана киімдерге ғана қатысты емес. Жалпы көпшіліктен өзгешеленіп киім киюді де қамтиды. Нәтижесінде мұндай киімді киген кісі көпке ортақ әдет-ғұрыпқа сай киінбегендіктен сынға алынып, айыпталады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «өзін әйгілеу» мақсатында киім киюге тыйым салғандығы екі түрлі риуаятпен келеді. Әуелгісі, жұрттың назарын аударатын әсем киім кию, ал екіншісі жұрт тарапынан еленетін «керексіз яки «ескі-құсқы» киім кию (Имам Байхақи). Имам Шәукани былай дейді: «Егер кісі киімді адамдар арасында өзін көрсету пиғылымен киетін болса, киімнің әсем болуының немесе ұсқынсыз болуының яки жұрт киіп жүрген киімге сай келуінің айырмашылығы болмай қалады. Себебі, оның ниетінде өзін көрсетіп қалу пиғылы көрініс табуда. Жағдайға сай келмесе де ең маңыздысы кісінің пиғылы, ниеті маңызды рөл атқарады» (Нәйлул-аутар).

Киінуге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі елге үлгі көрсеткен. Мұсылман кісінің ортасынан әдет-ғұрпына сай киім киінуі – Пайғамбар салған сара жол.

Имам Маликке қалың жүнді киім кию жайында сауал қойылғанда: «Өзін көрсетуде» игілік жоқ. Мұндай киімді кейде киіп , кейде киюді тәрк етсе, киюге болады деп ойлаймын. Өзін көрсетіп, ерекшелейтіндей ұзақ уақыт үзбей киюді жөн көрмеймін» деп жауап берген екен (Әл-Мунтақа шархул-Муатта).

Ибн Таймия былай дейді: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл жөніндегі сүннеті – киім киістің түрлі келуі оның тұрып жатқан аймағына байланысты; Алла Тағала нәсіп еткен тағамды ішіп-жеп, киімді киеді.  Бұл нәрсе аймақтар мен қалалардың әртүрлі ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады» (Мажмуғул-Фатауа).

Имам Әбу әл-Уалид әл-Бәжи былай дейді: «Пайғамбарымы «с.а.с) әдет-ғұрыпқа сай келмейтін киім үлгісін мақұлдамаған. Киімді емес, сол киімді киетін кісінің әйгіленуін дұрыс көрмеген. Сондай-ақ, кісінің мәртебесін көтеретін нәрселермен ерекшеленуін жөн санамаған» (Әл-Мунтақа шархул-Муатта).

Әйгілі шейх Абдулқадир әл-Жайлани былай дейді: «Мәкрүһ киімдер қатарына кигенде адамды өзгелерден ерекшелеп, тұрып жатқан аймағының әдет-ғұрпында жоқ немесе қайшы, сонымен қатар, ортасының киім кию үлгісіне кереғар киім жатады. Демек, саусақпен шұқып көрсететін кісінің қатарына кірмеу үшін олар қандай киім кисе, дәл сондай киім кигені дұрыс. Егер осындай теріс әрекет жасайтын болса, жұрттың жамандауына себеп болады. Сөйтіп, басқаларды ғайбат күнәсына итермелейді.

Имам Ибн Абдул-Барр Абдулла ибн Омардың былай дегенін айтады: «Кімде-кім ерекшелену үшін киім кисе, әулие болса да Алла Тағала одан сырт айналады». Тағы да бір сөзінде: «Тәбетің тартқан ғана асты ішіп-же! Адамдар жақсы көрген киімді кигенің жөн» деген екен.

Ардақты Елші (с.ғ.с) сәлде киетін, аса таяқ ұстайтын және сол сияқты сол кездегі ортаның әдет-ғұрпына сай киім киіп, қолданған заттарын тұтынатын. Мысалы, сәлдеге келер болсақ, ол ислам дінін қабылдаған халықтардың ұлттық ғұрыптарына сай өзгерген, оны киюге қатысты үкімдер де өзгеріске ұшыраған. Демек, қандай да бір аймақтың ғұрпына қайшы болмаса, сәлдені кию – жайыз. Алайда, сәлде ғұрпына қайшы болса, «ерекшелену» мақсатында киілетін киімдердің қатарына кіреді. Егер кісі мүлдем сәлде кимейтін елдің арасында ғұмыр кешіп, сәлде кисе, бұл саусақпен нұсқайтын ерекшеленуге жатады және ол сүннет ұғымына кірмейді.

Имам Ибн Әбу Шәйба «Мусаннаф» атты еңбегінде Аббад ибн әл-Аууамнан Хусайынның былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Зәбид әл-Ями қайырмалы бас киімі бар жадағай киіп жүретін. Бір күні Ибрахимнің оны сол киімі үшін айыптап жатқанын естідім. Мен: «Оны бұрын адамдар киетін еді ғой» дедім, сонда ол: «Ия, бірақ оны киген адамдардың барлығы дүниеден өтіп кетті. Егер қазіргі кезде мұны біреу кисе жұрт оны «өзін ерекшелеу» үшін киіп жүр дейді және саусақпен шұқып көрсетеді» деді».

Басты мәселе кейбір қарапайым жандардың өз аймағының ғұрпына қайшы киімдерді киюге қадалып алып, оны «парыз» сүннеттердің қатарына жатқызуы мүлдем дұрыс емес. Мұндай қателікке бой алдырудың басты себебі, адамдарға міндетті емес сүннет ұғымын формалық ғұрыптарға қатысты мәселелерге дұрыс қолданбаудан туындайды. Сондай-ақ, мұхаддистердің, фақиһтердің және усулшылардың «сүннет» ұғымын ажырата алмауларынан туындап отыр.

Фиқһ негіздері терминологиясы тұрғысынан алсақ, «сүннет» - шариғи үкімдер шығарылатын дәйекті негіздердің, қасиетті Құран Кәрімнен кейінгі маңызды дәлелдерінің бірі болып табылады. Усулшылардың сүннетке берген анықтамасы мынадай: «Құран Кәрімнен басқа Пайғамбарымызға (с.а.с.) телінген атау, іс-әрекет және құптау». Яғни, мұсылмандарға дәлел болуға жарамдысы - осылар.

Фақиһтер сүннетті «уәжіп», «мубах» тағы да басқа шариғи үкімдер аясында қарастырады. Олардың түсінігі бойынша сүннет - дәйекті дәлелден алынған үкім. Яғни, оны орындаған адам сауап алады. Ал, тәрк еткен кісі жазаға тартылмайды. Демек, сүннет - мандуб, мұстахаб, нәпіл, тағат, жақсы көрілген іс, фазилет секілді үкімдерге мәндес, синоним сөз.

Мұхаддистер «сүннет» деп - мейлі пайғамбарлыққа дейін, мейлі пайғамбарлықтан кейін болсын, пайғамбардан жеткен сөз, іс-әрекет, құптау, түр-тұлғасы мен келбеті және мінез-құлық сипатына қатысты барша мәліметті атайды.

Демек, мұхаддистер - мұсылман ғалымдары арасында сүннет ұғымының аясын кеңейткен. Себебі, олар сүннетті шариғи үкім шығатын дәлел шеңберінде қарастырмаған. Негізгі мақсаты - Алла Тағала пайғамбарды бізге барша ісімізге үлгі тұтарлық, ғибрат аларлық тұлға ретінде таңдағандықтан, әрбір ісімізде нұсқаушы болғандықтан, оның өмірбаяны, мінез-құлқы, кескін-келбеті мен сөзі, іс-әрекеттерін түгел риуаят етуге бел шешіп кіріскен. Яғни, хадистерді шариғи үкімді негіздеуге жарамды, жарамсыз деп ажыратып жатпай, риуаят еткен. Усули (фиқһ негіздері) ғалымдары сүннеттен «нақты шариғи үкімді» негіздеуге, дәлелдеуге лайық болғанын ғана зерттеген. Міне, осындай діни сауаты саяз көпшілік мұны ажырата алмағандықтан, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сыртқы келбетіне, киіміне қатысты мәліметтерге мұхаддистердің, сияр ғалымдарының жасаған «сүннет» анықтамасы өлшемімен қарап, фақиһтер қолданған терминология аясындағы «сүннет», «мәндуп» секілді үкімдерді беруде. Ал, бұл үкімдерді бір-бірінен ажыратпай, шатастыруға, мұсылман қауымның берекесін кетіруге, шырқын бұзуға дейін алып барады.

Жоғарыда келтірілген дәлелдерге, беделді ғалымдардың пәтуаларына негіздей отырып қандай да бір мұсылман кісінің аймағында тұрып жатқан елдің киген киімі шариғатқа қайшы келмесе, елден ерекшеленіп киінудің керегі шамалы деген тұжырымға келеміз.

Шектен шыққан әйелдердің «ниқаб» киіп ерекшеленуі де жоғарыда айтылған ер кісілердің киімдеріне қатысты сөздердің аясына кіреді. Ендігі қозғайтын мәселеміз осы - әйелдердің бетіне тағатын «ниқаб» жайында өрбімек.

«Ниқаб» деп отырғанымыз - матадан тігілген, кигенде әйелдің жүзі, яғни екі көзінен басқа жерін көрсетпейтін бет жамылғысы. Көп жағдайда ол беттің терісіне тиіп түрады. Қажылықта ихрам халінде тыйым салынатын нәрселерден.

Фақиһтер әйел затының беті, екі қолының білезігінен төмен жерінен басқа барлық жері әурет деп есептейді. Себебі, күнделікті түрмыста әйелдер ер кісілермен қарым-қатынас жасамай тұрмайды. Имам Әбу Ханифа әйелдің аяғы (бас жағы) көрініп тұрса, оның еш оғаштығы жоқ екенін айтқан. Өйткені, Алла Тағала «зейнет» жерлерін көрсетуге ғана тыйым салған. Тыйымның сыртында еріксіз көрінетін жерлерін әуретке жатқызбаған. Бұған аяқтың басы да кіреді. Неге десеңіз екі аяқтың басы еріксіз көрінеді.

Имам Ахмет ибн Ханбал мәзһабының негізгі көзқарасында, әйел кісінің бөгде еркектің алдында барлық жері әурет болып табылады. Тіпті әйелдің тырнағы да әуретке жатады. Оны Имам Ахмад ибн Ханбалдың мына сөзі айғақтайды: «Кімде-кім өзінің әйелін дастарханға ертіп келсе, онымен бірге тамақ жеуге болмайды. Себебі, қолы көрінеді».

Ханбали мәзһабы ғалымдары Әл-Қади деген лақаб атпен белгілі Әбу Яғла әл-Фарра былай дейді: «Бөтен еркектің бөтен әйелдің жүзі, екі колының білезігінен төмен жерінен басқа жерлеріне назар салуы - харам».

Ғалымдардың көпшілігі өз көзқарастары мен үкімдерін Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне негіздеген. Сол дәлелдердің бірі мына аят: «Олар (әйелдер) өздігінен көрінетін жерлерінен өзге зейнеттерін көрсетпесін» (Нұр 31). Яғни, зейнетке жататын жерлерінен өзге жерлерін көрсетпеуі керек. Мысалы, сүрме жүздің зейнетіне, ал сақина қолдың зейнетіне жатады деп есептеген. Әйгілі тәпсірші, имам Ибн Кәсир аталмыш аятқа тоқталып, артынша мынадай деректерді келтіреді:

«Ағмаш Сағид ибн Жубәйрдан, ол сахаба Абдулла ибн Аббастың: «Олар (әйелдер) өздігінен көрінетін жерлерінен өзге зейнеттерін көрсетпесін» аятының тәпсірінде: «Әйел адамның өздігінен көрінетін жері - жүзі мен екі қолының білезігіне дейінгі қолының бас жағы, сақина тағатын саусақтары» деген сөзін келтіреді». Осындай көзқарас сахаба Абдулла ибн Омар, Ата , Икрима , Сағид ибн Жубәйр, Әбуш-Шағса , Даххак , Ибраһим ән-Нахағи  және өзгелерден де риуаят етілген .

Сүннетте келген дәлелдерден Айша (р.а.) анамыздан риуаят етілген мына бір хадисті айтуға болады: «Айша анамыздың айтуы бойынша Әбу Бәкірдің қызы Әсма жүқа киімімен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына кірген екен. Сонда Пайғамбар (с.а.с.)сырт айналып: «Ей, Әсма! Әйел баласы балиғат жасына толғанда, мына жері және мына жерінен басқа жері көрінбеуі қажет» деп жүзі және екі қолының білезігіне дейінгі жерін көрсеткен» .

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелдерге тозақтың азабынан құтылу үшін садақа беруге шақырған хадисін де дәлел ретінде алуға болады. Аталмыш хадистің мәтінінде: «Орта бойлы, бет түсі қаралау әйел: «Неге садақа береміз?» деп сұрады деген сөйлем бар» .

Хадисті риуаят етіп отырған сахаба - Жәбир (р.а.). Әрі аталмыш хадисте әлгі әйелдің бетінің ашық болғандыгына ишарат бар. Хадисті жеткізуші сахаба да оны солай көрген. Бұған байланысты басқа хадистер де баршылық.

Бұл пікірмен келіспейтін қарсы тарап «ниқаб» аяты арқылы әйелдің беті ашық жүруі үкімі жойылғанын алға тартады. Алайда үкімнің жойылғанына қатысты дәлел жоқ. Олар қарсы дәлел ретінде Қүран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің мына бір аятын дәлел ретінде қолданған: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтірген әйелдерге айт: «Үстілеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл, олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Шынында, Алла - күнәларды кешіруші және аса рахымды» . Бірақ, бұл аятта бетті бүркеу керек немесе жамылғы жабу қажет деген мағына жоқ.

Ханафи мәзһабы имамдарының бірі, имам әл- Марғинани  былай дейді: «Азат әйелдің екі алақаны, жүзінен басқа жерінің барлығы әуретке кіреді. Өйткені, пайғамбардың (с.а.с.): «Әйел - жабылуы керек әурет» деген хадисі бар. Ал, екі мүшені бөлектеп айтуының себебі, олардың өздігінен көрінетін мүшелерге жататындығынан. Ол (Алла рақым етсін (авторды айтып отыр)) бұл хадис аяқтың басы да әуретке жататындығына дәлел» деді. Дегенмен, басқа хадисте аяқтың басының әуретке жатпайтындығы риуаят етілген. Міне, осы - ең дүрыс көзқарас» .

Айша анамыз (р.а.) «Өздігінен көрінгеннен басқа» деген аяттагы сөзді, «әйелдің жүзі және екі қолының білезігінен төмен жері» деп түсіндірген. Сонымен қатар, біз Абдулла ибн Омардың «өздігінен көрінетін зейнет» деп «әйелдің жүзі және екі қолының білезігінен төмен жері» дегендігін айтқан болатынбыз. Дәл осы мағыналас сөздерді Ата ибн Әбу Рабахтан, Сағит ибн Жубәйрдан риуаят еттік. Бүл - имам Әузағидің  көзқарасы .

Мәликилердің негізгі ұстанымы бойынша егер әйелдің «ниқаб» жабынуы тұрып жатқан аймақтың ғұрпына сай келмесе, онда үкімі - «мәкрүһ». Мәлики мәзһабының ғалымдары бұл істі дінде шектен шығуға жатқызған. Имам әд-Дәрир  «әш-Шархул-Кәбир» атты кітабында әйелдің ниқаб жамылуын мәкрүһқа жатқызған.

Шейх әд-Дасуқи аталмыш кітаптың хашиясында: Егер «ниқаб» сол аймақтың әдет-ғұрпына қайшы болса, әйелдің ниқаб жамылуы - мәкрүһ, бетін ниқабпен бүркеуі және намазда көздің маңайына жақын жерлерді жабуы дінде шектен шығушылыққа жатады. Ал ер адамның бетін мүлдем жаппағандығы дұрыс. Тек, ниқаб кию ғұрыптарына сіңіп кеткен елдер бұдан тыс қарастырылады.

Шейх әд-Дасуқидің «әйелдің ниқаб киюі - мәкрүһ» деген сөзі, намаз үшін немесе басқа мақсат үшін болсын, намаздың ішінде яки намаздың сыртында болсын бірдей» деген мағынаны білдіреді.

Ал, «себебі дінде шектен шығушылыққа жатады» деген сөзі, дінге кейіннен келіп қосылған қосымша нәрсе дегенді білдіреді. Бұлай деуінің себебі, ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде келмеген.

Жалпы киім мәселесі мұсылман елдерінің әдет-ғұрпымен тығыз байланысты. Ал, қазіргі кездегі Мысыр халқының жағдайына келетін болсақ, ең лайықтысы, ең оңтайлысы - көпшілік ғалымдардың көзқарасын ұстану. Өйткені, қазіргі қоғамымызда әйелдің бетін жауып жүруі оғаш көрінеді. Әрі шын мәнінде «ниқабты» кию кейбір әулеттердің оқшаулануына себеп болуда.

Ал, «ниқаб» киюді оғаш көрмейтін қоғамға тоқталар болсақ, «ниқабтың» әйелдің діндарлығын көрсететін кұрал болмауы және әйел тұрып жатқан аймақтың әдет-ғұрпына қайшы келмеу шартымен болса, онда әйелдің «ниқаб» киюіне тыйым жоқ. Өйткені, олардың әдет-ғұрпы солай қалыптасқан және ғұрып бойынша әйелдің бетін жабуы айып емес.

Міне, сондықтан біз көпшілік ғалымдар ұстанған көзқарасты, үкімді абзал санаймыз. Яғни, әйел бетінің және екі қолының білезігінен төмен жерінің ашық бо- луына рұқсат берілетіндігін, ал денесінің қалған жерін жабу парыз екендігін меңзеп отырмыз. Ең маңыздысы егер бетті бүркеу, ниқаб кию мұсылман үмбетінің бөлінуінің белгісі немесе діндарлықтың, тақуалықтың нышаны ретінде қаралса, «мәндуп» немесе «мубах» үкімінен шығып «бидғат» іске айналады. Қазіргі уақытта «бидғаттың» нақ өзі деп айтуға болады.

Сондай-ақ, біз әйел адамның әурет жерін жауып бүркенуінің, хижаб киюінің қажет екенін баса айтқымыз келеді. Хижаб деп әйелдің әуретін жауып тұратын киімді айтамыз. Бастысы әурет жерді жабуда қолданылатын киім төмендегі сипаттарды қамтуы ләзім:

а) Киім өте қысқа болып, дененің кейбір тұстарын көрсетпеуі;

ә) Киім өте тар болып, дене бітімін ашық көрсетпеуі;

б) Киім өте жұқа болып, терінің түсін көрсетпеуі қажет.

Міне, осы шарттарды қамтыған киім қалай аталса да, ол шариғи тұрғыдан «хижабтың» ұғымына кіреді. Алайда жоғарыда келтірілген сипаттардың біріне сай болмаса, шариғи «хижаб» ұғымынан шығады. Ал, «ниқаб» кию - парыз емес. Тіпті, мәлики мәзһабының имамдары бидғат істерге жататындығын айтқан. Себебі, бұл дінде шектен шығушылыққа ұрындырады. Алайда «ниқаб» кию әйелдің тұрып жатқан қоғамындағы ғұрыпқа сай келсе, киюіне ешқандай кедергі жоқ.

Алла Тағала - ең ұлы және ең дұрысын білуші.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: