25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәулітті тойлау бидғат па?

Күдікпен күрес
Жарнама

Мұсылмандардың басым көпшілігі атап өтетін Пайғамбар (с.а.с.) мәулітін тойлауға шектен шығушы топтар қарсы болып жатады. Бір қызығы, шектен шыққандар өздерінің имамдары мен оқымыстыларының мерейтойларын атап өтеді.

Оны бидғат немесе адасушылық деп айыптамайды. Бұл да - олардың басты қателіктерінің бірі. Осыған орай төменде мұсылмандардың Пайғамбар (с.а.с.) мәулітін тойлаудың шариғатқа қайшы еместігін баяндаймыз. Омар бин Хаттабтан жеткен хадисте (р.а.):

«...Пайғамбарымыздан (с.а.с.) дүйсенбі күні не үшін ораза ұстайтындығы жайында сұралады. Алла Елшісі (с.а.с.): «Мен сол күні тудым және сол күні пайғамбар ретінде жіберілдім (сол күні маған уахи берілді)...» (Муслим) деп жауап береді.

Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туған күнінің құрметіне орай дүйсенбі күні ораза ұстап, Раббысына шүкір ететіндігі айтылған. Осы тұрғыдан салих ғалымдарымыз төртінші ғасырдан бастап Ұлық Пайғамбардың (с.а.с.) мәулітін атап өтуді, бұл түнді түрлі ізгі амалмен өткізуді, яғни ас беру, Құран Кәрім оқу, зікірлер айту, өлеңдер оқу, Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, мәуліт оқу арқылы елге Алла елшісінің өмірімен жақынырақ таныстыруды жөн көрген.

Аталмыш тарихи оқиғаларды көптеген тарихшы имамдар риуаят еткен. Атап айтсақ, хафиз имам Ибн әл-Жаузи, хафиз-имам Ибн Кәсир, хафиз-имам Ибн Дихия әл-Андалуси, хафиз-имам Ибн Хажар, хафиздердің соңғысы хафиз Жәләлуддин әс-Сюути сынды ғалымдар.

Хафиз-имам Ибн Хажар мәулітті тойлаудың рұқсат етілгеніне дәлел ретінде екі сахих хадис жинағында риуаят етілген мына бір хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәдинаға келген кезде яһудилердің ашура күні ораза ұстап жүргендерін көреді. Олардан себебін сұрағанда: «Бұл күн - Алла Перғауынды суға батырып, Мұсаны (р.а.) құтқарған күн. Сондықтан біз бұл күні Аллаға шүкіршілік ретінде ораза ұстаймыз» деп жауап қатады».

Хафиз Ибн Хажар: «Бұл хадисте арнайы бір күнде нығметті өтеу немесе қайғы-қасіреттің алдын алғаны үшін Алла Тағалаға шүкір ету ниеті бар. Әрі аталмыш маңызды күн әр жылда келетіні хақ. Ал, шүкір етуді сәжде жасау, ораза ұстау, садақа беру, Құран оқу секілді құлшылық түрлерінің бәрімен атқаруға рұқсат. Олай болса Рақым пайғамбарының туылған күнінен асқан үлкен нығмет бар ма?». Ал, Пайғамбар (с.а.с.) және сахабаларының (р.а.) рабиғ әл-әууәл айының он екінші күнін жыл сайын атап өтпеулері, мәулітті тойлаудың дінде тыйым салынған жаман бидғат екенін көрсетпейді. Өйткені, жаман бидғат - шариғи дәлел аясына кіретін мақтаулы іс емес. Ал, шариғи дәлел аясына кіретін мақтаулы іс - жаман бидғат санатына әсте жатпайды» деген.

Имам әл-Байһақи имам әш-Шафиғидің былай деп айтқандын келтіреді: «Дінге енген жаңалықтардың екі түрі болады. Бірінші түрі - Құран Кәрімге, сүннетке, сахабалар ісіне немесе ижмағқа қайшы келетін жаңалық. Ол діннен шығаратын бидғат болып саналады. Ал, екінші түрі - жақсы жаңалық болса, әрі жоғарыда айтылған шариғи дәлелдердің біріне қайшы келмесе, міне, бұл жаман бидғат саналмайды. Омар бин Хаттаб (р.а.) тарауих намазы жайында: «Бұл қандай жақсы бидғат?» деген, яғни тарауих намазын жамағатпен оқу бұрын болмаған жаңалық еді. Демек, бұл нәрседе де бұрын болған істерге қайшылық жоқ. Имам әш- Шафиғидің соңғы сөзі осылай тәмамдалған».

Имам әс-Суюти: «Мәулітті атап өту Құранға, сүннетке, сахабалар ісіне және ижмағқа қайшы келмейді. Мәуліт дінде тыйым салынған жаман бидғат ұғымына кірмейді. Имам әш-Шафиғиден риуаят етілген хабар соны нұсқайды. Керісінше, бұл - әуелгі ғасырда мұсылмандар арасында көрініс таппаған жақсылық жасаудың бір түрі. Мысалы, қандай да бір күнәға бой алдырмай өзгелерді тамақтандыру жақсылық болып саналады. Демек, бұл жайында ғалымдардың сұлтаны болған әл-Изз бин Абдуссалам айтып кеткендей мәулітті атап өту - мәндүб бидғат» деген.

Имам әс-Суюти қирағат имамы Шамсуддин бин әл- Жазаридің «Ғурфут тағриф би мәулид әш-шариф» атты кітабынан мынадай сөзін келтіреді: «Әбу Лаһабтың әр дүйсенбі сайын азабы жеңілдейтіні жайлы сахих хадистер риуаят етілген. Себебі, ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туғаны жайлы сүйінші хабар жеткізген Суайбаны азат етіп жіберген. Тозақы екендігі Құран Кәрімде анық айтылған кәпір Әбу Лаһабтың Пайғамбардың (с.а.с.) туылғанына қуанғандығы үшін тозақта азабы  жеңілдейтін болса, онда Алланы жалғыз деп таныған Пайғамбардың (с.а.с.) үмбеті, Пайғамбардың (с.а.с.) туылған күніне қуанып, шамасы келгенше оған деген сүйіспеншілігін көрсету үшін күллі қажыр-қайратын жұмсаған мұсылманның жағдайы қандай болмақ? Жанымның иесі, жомарт Аллаға ант етейін! Мұның сыйы, кеңшілігімен жәннатына кіргізу ғана болмақ. Хафиз Шамсуддин әд-Димашқи «Маурид әс-сади фи мәулид әл-һади» атты кітабында мынадай өлең жолда- рын келтіреді:

Бұл кәпірдің сөгісі, келген болса Құранда,

Қолы құрып, мәңгі-бақи қалады ол Тамұқта.

Әр дүйсенбі келгендей-ақ ол хабарда,

Жеңілдейді азабы Ахмадтың келгеніне қуанғандығына.

Ал, енді өмір бойы хақ сенімде жүріп Ахмадтың дүние есігін айқара ашқанына қуанып өткен пенденің халі қандай болмақ, оны өздеріңіз ойлай беріңіздер!»

Жалпы, бұған Алла Тағаланың мына сөзін дәлел ретінде келтіруге болады:

«Алланың күндерін олардың есіне сал!» (Ибрахим 5). Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туылған күні Алланың күндерінен екендігі сөзсіз. Сондықтан оны атап өту - тек Алланың бұйрығын орындау ғана. Демек, ол бидғат болып саналмайды. Алла Елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде болмаса да, жақсы сүннет қатарына жатады.

Біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.) туған күнін атап өтеміз. Өйткені, біз оны жақсы көреміз. Оны неге жақсы көрмеске?! Барша жаратылыс атаулы оны танып, жақсы көреді емес пе?! Жансыз діңгектің өзі Пайғамбарымызды (с.а.с.) жақсы көрді ғой! Бүкіл есіл-дерті соған ауды емес пе? Тіпті, оның өзіне жақын болуын қалайтынын айтсаншы?! Пайғамбарымызды (с.а.с.) сағынғандықтан, өңіреп түрып жылаған жоқ па?!. Мұндай мағынадағы хадистер мутауатир деңгейіне жетіп, күмәнсіз ілімге айналды. Осыған қатысты сахабалардың көпшілігінен риуаяттар келген. Мәселен: «Алла Елшісі (с.а.с.) түрегеп хүтба жасаған кезде құрма ағашына сүйеніп тұратын. Егер хұтбасы ұзаққа созылса, шарапатты қолын сол діңгекке қоятын. Кейіннен намаз оқушылар көбейген кезде сахабалары Оған (с.а.с.) хұтпа оқу үшін арнайы мінбер жасап берді. Жұма хұтбасын оқуға шарапатты бөлмесінен шығып мінберге қарай жүргенде бұрыннан сүйеніп хұтба айтып жүрген діңгек күңіреніп қатты дыбыс шығарады. Тіпті, мешіт күңіреніп кеткен деседі. Діңгек жылап, біраз уақыт тыныштала қоймаған соң, Пайғамбарымыз (с.а.с.) мінберден түсіп келіп, әлгі діңгекке қолын қояды. Сипап, екі қолымен құшағына басады. Сол кезде ғана діңгек тынышталады. Пайғамбар діңгекке тамыры жәннат өзендерінен сусындап тұратын жәннат ағашы немесе дүниеде жеміс беретін ағаш болуына таңдау еркіндігін берді. Діңгек жәннат ағашы болуды таңдады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Алла қаласа жасаймын, Алла қаласа жасаймын, Алла қаласа жасаймын» дегенде діңгек тынышталады. Кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жаным Оның иелігінде болған Жаратқанға ант етемін, мен бұны істемегенде, бұл діңгек Қияметке дейін Алланың Елшісін (с.а.с.) сағынып, күңіреніп тұра берер еді», деген хадис бар.  (Бухари, Тирмизи, Ибн Мажа,Дарими, Ибн Хиббан, Ибн Әби Шайба, Табарани,Абу Яғла)

Жоғарыда Ибн Хажар, Ибн әл-Жаузи, әс-Суюти сынды имамдардың және өзге де ғұламалардың келтірген сөздері һижраның бесінші ғасырындағы үмбеттің жағдайын баяндап тұр. Бұдан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мәулітін атап өтудің ғалымдардың және үмбеттің келісуімен мұстахаб (рұқсат етілген нәрсе) амал болғандығын көреміз.

Ал, мәулітті атап өту Құран оқу, зікір айту, ас беру тәрізді істер арқылы атқарылуы қажет. Мәулітте шариғатта жек көрілген билеу, барабан соғу сияқты істерге жол берілмеуі тиіс. Ең бастысы мәуліт кештерінде имамдарымыздың және үмбеттің бірауыздан келісіп істеген істерінен басқа, шариғат шегінен шығатын істеріге жол берілмейді. Әлемдердің Раббысының сүйіктісі, тура жолға бастаушы пайғамбарымыз (с.а.с.) үшін қанша мәуліт өткізілсе де көптік етпейді. Сөз соңында төмендегі арнауды келтіремін:

Ол, кемел бейнесі мен мағынасы толысқан,

Таңдап алды сүйікті ғып оны өзіне Жаратқан

Көркіне оның тең келер ешкім жоқ,

Бір өзіне берілген жақсылықтың жауһары

Жолда қалар христианның пайғамбарына арнауы

Қалауыңша оған мадақ айтарсың

Қалауыңша болмысына жақсылықтың бәрін теңе,

Қалауыңша ұлықтықтың бәрін теңе, қадіріне,

Расында Алла Елшісінің абзалдығының жоқ шегі

Осы нәрсенің қадірі айтумен білінеді.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: