25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұлы дала иесі - Бумын қаған

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Бумын қаған – түріктердің өздері «Мәңгілік ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түрік қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлғалардың бірі.  Оның алғаш тарихқа танылуы түрк еліне Батыс Вей империясының елшілерінің келуімен тікелей байланысты. Бұл кезде түрк елі Жыужән қағанатының құрамындағы, соларға темір кенін өндірумен айналысатын бодан ел болатын. Бумынның бұл кездегі билік лауазымы – ұлы йабғу (да-иеху). Оған ол түрк елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) өлгеннен кейін, мұрагерлік жолмен ие болған.

Кезінде хатталып, қағаз бетіне түспегендіктен, Батыс Вей империясынан елші келгенге дейінгі түрк елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы белгісіз. Сондықтан да болар тарихшылар ортағасырлық түрктердің тарихын, шартты түрде, осы елшілер келген да-тун жылнамасының он бірінші жылынан, яғни 545 жылдан бастайды.

Елшінің келген мақсаты – түрктерді Батыс Вэй империясының бақталасы Шығыс Вей империясының одақтасы болып отырған Жыужән мемлекетіне қарсы қойып, қарсыластар күшін әлсірету әрі оларды күресте өздерінің жақтасы ету болатын. Бумынның аса ірі саясаткер көреген басшы екенін танытатын тұс та, міне, осы кез. Ол алып империяның айдапсалына елігіп, билікке таласушылардың қолшоқпарына айналмай, өз саясатын жүргізе білді.

Асылы, Бумын өзін империя қолдайды екен деп, аңдаусыз аяқ басудың апатқа ұрындырарын мейлінше ұққан сақ жан. Жылнамалар жеткізген тапшы деректер осыны дәлелдейді. Ол Батыс Вэй секілді империяның қолдауын пайдаланып қалайын деп, телылар сияқты жанталасып, бірден атқа қонбайды. Батыс Вэйдің елшісі кеткеннен кейін оларға өзінің елшісін жіберіп, бар жағдайды өз адамдары арқылы толық біліп алады. Күресте көмектеседі деген империясының өз көмегіне зәру мүшкіл хәлін көреді. Азаттық күресінде тек өз күшіне ғана сүйену керектігін, қазіргі жағдайында қыздырманың тіліне еріп, қарсы шыққанымен, дәуірлеп тұрған жыужәндарды жеңуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Сол себепті де ол ешкім күтпеген әрекетке барып, жыужәндарға қарсы жорыққа аттанған телы тайпаларын қолдау орнына, оларға тиісіп, бұкіл елін өз қарауына қосып алады.

Бұл ретте «Жыу кітабы» («Жыушу»): «Осы кезде (546ж.) телылар жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарасты тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағыдырады» - деген дерек береді.

Осылайша еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін барып, ол жыужәндарға қарсы шығудың әрекетіне көшеді. Онда да өзі бірден тиіспей, жыужәндардың өзін соғысуға мәжбүрлейді. Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елшісін жібереді. Бұл сол кездің димпломатиясында: «менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған, әрине, Анагүй келісе алмады, тас-талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап, «сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барады» деп, арнайы шапқыншылық жібереді.

Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қарысыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру – бұл дағы бір соғыс ашудың бір сылтауы.

Ақыры фи-ди жылнамасының бірінші жылының (552ж.) бірнші айында Хуәй-хуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түрік әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыз жиналған жыужән әскерінің тас-талқанын шығарды. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін-өзі жарып өлтіреді. Сөйтіп, байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына кейін ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түрк қағанаты орнады.

Түрк елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялады. Әйеліне «Ел Білге қатын» деген атақ берді. Бірақ Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алмады. 553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.

 

Материал «Елтұтқа» кітабынан алынған

Бөлісу: