25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Даңқты қолбасшы - Еділ қаған

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Мыңзықұлы Еділ (Атилла) қаған (410-453) – батыстағы Ғұн (сиуңну) қағандығының аты аңызға айналған әйгілі билеушісі, адамзат тарихында өзіндік орны бар тарихи ірі тұлға. Оны Еуропа тарихшылары «Аттила», «Атилла»,  «Атыл», «Аттылы» деп те атайды.

Ежелгі қытайдың әулеттік шежіре тарихы – «Хан кітабынан» («Ханшудан») қытайлықтар есімін білмегендіктен, «Солтүстік чәниүй» деп атап кеткен Солтүстік Сиуңну мемлекетінің билеушісінің жаңаша жыл санаудың 92 жылы Хан империясы мен сиәнбилердің біріккен күшінен ойсырай жеңілгеннен кейін, батысқа қарай ығысып кеткені белгілі. Міне, осы сиуңнулар бірден-бірге ығыса отырып, ІІ ғасырда Еділ мен Жайықтың ортасында жаңа ғұн ордасының шаңырағын көтереді. Олар кейін күшейе келе ІV-V ғасырларда Қаратеңіз жағалауы мен Еуропаның біраз бөлігін өздеріне қаратып, үлкен далалық қағанатқа айналады.

Руғиланың тұсында Ғұн империясы бұрынғыдан да айтарлықтай күшейе түседі. Ол ата-баба дәстүрімен осы үлкен елді інілері – Ақтар және Мыңзықпен бірлесіп басқарады. Бұл баяғы Мүде қаған қалыптастырған, елді бір орталыққа бағынған үш әкімшілік-аумақтық құрылымға бөліп басқару жүйесін еске салады. Еділ – ел басқаруға қатысқан үштіктің бірі – осы Мыңзықтың баласы.

434 жылы Руғила өлгенде империя билігі оның інілерінің баласы Бледа мен Еділдің қолына көшеді. Бірақ, көп ұзамай Еділ немере туысы – Ақтардың баласы Бледаны өлтіріп, билікке өзі жеке-дара ие болады. Осыдан кейін ол бұрын білікті қолбасшы ретінде төңірегіне мәлім болса, енді үлкен саясаткер, көреген көсем ретінде жарқырап көзге түседі. «Әділ билеуші» атанады. Оның есімі қарсыластары арасында үрей туғызады. Оны «Тәңірдің дырауы» («Бич Божий») деп атайды.

Еділдің тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста – Қапқазға, батыста – Рейнге, терістікте – даниялық аралдарға, күнгейінде Дунайға дейінгі жер Ғұн қағандығының иелігіне айналады.

Еділ бастаған ғұн әскері 447 жылы Фракия мен Иллирияны талқандап, Фермопил мен Константинополь іргесіне дейін жетеді. Шығыс Рим империясы (Ұрым – Византия) Еділге тәуелді екенін мойындап, алым-салық төлеп тұрады.

Арада төрт жыл өткеннен кейін Рим императоры Үшінші Валентиннің қарындасы Онорияның өтінішімен Еділ батысқа аттанып, Галлияға басып кіреді. Галлияны билеуге Рим императоры жіберген атақты қолбасшы Аэций вестгот, алан, франк корольдерімен тіл табысып, Еділге қарсы көп әскер шығарады. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын – әйгілі Каталун шайқасына себепші болады. Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мын жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады.

452 Еділ Италияны ойрандап, Падуя, Милан секілді қалаларын алады. Рим салық төлеп құтылады. Сөйтіп, ол осынау ұлы жорықтан Дунай бойындағы мемлекетінің астанасы Еділ қаласына (Этзелбургке) үлкен жеңіспен, салтанатпен оралады.

Осының алдында Еділ герман тайпаларын бағындырған кезде Бургундия ханшайымы Илдионаға (Идилкаға) ғашық болып қалған еді. 453 жылы елінде үлкен той жасап, осы ханшайымға үйленеді. Бірақ алғашқы неке түнінде белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады.

Оның орнына әкесімен бірге шерулі жорықтарға қатысып, қолбасшылық дарыны танылып үлгерген батыр баласы Еллақ (Эллақ) отырады. Еділ өзінің көзі тірісінде оны мұрагері етіп белгілеген болатын.

Сөйтіп, билік басында болған он тоғыз жыл ішінде Ғұн империясының жеріне жер, еліне ел қосып, даңқын алысқа жайған Еділ қаған Шығыстың ұлы жауынгер ұлдарының бірі ретінде тарихқа енді. Содан да болар, батыстың тарихшылары оның есімін адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарь есімдерінің қатарына қояды.

 

«Елтұтқа» кітабынан     

 

 

  

 

 

Бөлісу: