25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақжан Машани әл-Фарабиді қазаққа қалай қайтарды?

Ақжан Машани әл-Фарабиді қазаққа қалай қайтарды?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Ақжан Машанидың тарихта қалған ең үлкен еңбектерінің бірі – Әл-Фарабидің қазақ топырағында дүниеге келгенін, оның қазаққа тиесілі екенін әлем халқы алдында дәлелдеуі болар. Өйткені әл-Фарабиға таласқандар өте көп еді.

Ақжан әл-Фараби есімін алғаш 1943 жылы Чехия Ғылым академиясының президенті, соғыс жылдары Алматыға ығысып келген Э.Кольманнан естиді. Сол сәтте-ақ “Ол қазақ болмасын” деген ой санасында жылт еткен ғалым, кейін Отырарда дүниеге келгенін анықтағаннан кейін әлемге оның “қазақ” екенін әйгілеуді өзіне мақсат тұтады. Геология саласында бастап қойған монографиясы мен мамандығы бойынша атқаруы тиіс жұмыстарды былай ысыра тұрып, әл-Фарабиға толықтай кіріседі. Өйткені өзі айтпақшы: “Бабаның мұрасын іздеуді 2-3 жылға доғара тұрсам, бәлкім әл-Фараби өзбек ағайындарға өтіп кетуі әбден мүмкін еді”. Ақжан Машани жұмысын Берлин, Лисабон, Париж, Каир, Мадрид қалаларының кітапханаларына баба еңбектерін іздестіріп, сұрау салудан бастайды. Солай Ыстамбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп бара жатқанның бәріне «қарай кел» деп, әл-Фараби мұрасын тапсырады. Нәтижесінде, академик дәрігер Сайын Балмұханов Ыстамбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұстаздың Бейрутта араб тілінде шыққан еңбегін әкеліп, сыйға тартады. Ал өзі әл-Фарабидің үш кітабын бірдей “Ғалия” медресесінің кітапханасынан табады. Солай 1971 жылы Мәскеуде өткен ғылым тарихына арналған ЮНЕСКО-ның 13-конгресінде әл-Фарабиге арналған симпозиумде А.Машани бастаған қазақ ғалымдарының зерттеулері әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияны СССР-де, Қазақстанда өткізуіне шешім алуына негіз болды. Бұл шешімнің өзіне Машани оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Өзбектердің әл-Фарабиге қалай таласқаны туралы ғалымның шәкірті Шамшиден Абдраман былай деп еске алады: “Фарабиді іздеу сапарын Ташкенттен бастаған Ақаң ондағы Бируни атындағы Шығыстану институтында әл-Фараби атындағы ешқандай деректің жоқ екендігіне көзі жетті әрі өзбек ағайындары әл-Фараби есімін мүлде естімеген болып шықты. Институт директорының орынбасары Мұзафар Хайруллаевтың Ақаң жинаған әл-Фараби тұрғысындағы азды-көпті мәліметтеріне таңырқауында шек болмады. Оның болашақ докторлық диссертация тақырыбының тағдырын сол жолы анықтауға Ақаң себепкер болды, баба хақындағы қолда бар материалымен бөлісті. Ақжан ағаның бұлтартпас дәлелді құжаттарын көре тұрса да өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында: “Мына сәлде киген молдаң кім өзі? Қазақ болса, руы кім екен? Еңбегін неге арабша жазған?” деп қазақ ғалымдары ит-тартыспен өткерілген 3-4 жылдың ішінде әл-Фарабидің өзбек тілінде бірнеше мұрасы жарық көріп, бұл кезде Хайруллаев Ақаң ұсынған тақырыпты игеріп, әл-Фараби философиясынан докторлық диссертация қорғап алып, енді қазақтың ұлы перзентін өздеріне еншілей бастаған-ды. Осындай әңгімені Ақжан әл-Бирунидің 1000 жылдық мерейтойына барған жолы естиді: “Ақжан-әка, әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақтастыра бермейміз бе?” дегендерге Машанов: “Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ-тын. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, сонда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған өзге даналарды да ортақтастырайық”, - деген-ді. Сол кезде Қазақстандағы фарабитанудан ауыз толтырарлық Машанов бастамасынан хабардар Мұзафар: “Құп, Фараби қазақ болсын, Ақжан-ака. Бірақ сіз Ташкентке келіңіз, Бабаңды тануға сізге барлық мүмкіншілік тудырылады”, - деп қазақ ғалымдарының арасындағы баба мұрасына атүсті көзқарастан хабардар Мұзафар Фарабиді өзбек етудің басқа бір айласын ұсынған болатын. М.Хайруллаевтың әл-Фарабиді ташкенттік еткісі келген пиғылы 1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің 13-інші мәжілісінде, яки бабаның ЮНЕСКО тарапынан 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі сөз болғанда тағы бір бой көрсетті. Осының кесірінен ұлы бабаның мерейтойын өткізу мәселесі қыл үстінде қалып еді. Оқиға былай болды: М.Хайруллаев сөз алып: «Әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция тек Ташкентте өткізілуге тиісті бізде баба мұрасы материалистік тұрғыда әділ бағаланады», – демесі бар ма? Мәжілісті басқарушы Египет ғалымы столды қойып-қойып қалып, орнынан атып тұрып: «Ислам ғылымының алыбы әл-Фарабиді марксизмге жүндетуге бере алмаймыз. Ғұламаның мерейтойы өзі ғұмыр кешкен араб елінде өтеді», – дейді. Осындай қысылтаяңда Алланың құдіретін мойындатар бірер сөзді араб тілінде айтып, А.Машанов төрағадан рұқсат сұрайды. Өз тілінде тілек еткендігінен бе, төраға сабасына түскендей болады, Ақаңа сөз береді. «Әл-Фарабидің туған қаласы Фараб – Отырар жері де, елі де Қазақстан», – дей келіп, қазақ ғалымдарының баба мұрасын игерудегі игі істерін тізіп шығады да, Ақаң – төрағаны және басқа ғалымдарды – бүтін Араб, Шығыс елдерінің Орта ғасырдағы ислами ғылымы жұлдызының кіндік қаны тамған Отаны – Қазақстанға шақырды. «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге кіргізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Қазақстанда тойлансын» дейтін қаулы қабылданар мәслихатта Ақаң куә болған оқиғаның бір көрінісі әлгіндей еді”.

Ақаң әл-Фараби мұрасы қазаққа тиесілі екенін дәлелдегеннен кейін 1975 жылы “Әл-Фараби және бүгінгі ғылым” атты монографиясын жазды. Ол еңбегі 18 мың ғаламды Алла жаратты деген теорияны бүгінгі ғылыммен байланыстыра отырып дәлелдегені үшін дер кезінде басылмады. Машани әл-Фараби мұрасын бір жолға қойғаннан кейін, ғалымның қабірін іздеуге кіріседі. Оны қалай тапқаны жөнінде, шәкірті, белгілі сыншы Серік Қиарабаевтың жұбайы академик Әлия Бейсенова былай жазады: “Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Ақаңмен көршілес болуды тағдыр жазды. Бірде маған кездесіп қалып: “Ей, қызым, осы Сирияға барсақ қайтеді? Сен анау күйеуіңді үгіттесеңші, Сирияға бір сапар жасап қайтайық”, - деді. Содан қазіргі қоғам қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев бар, барлығы 15 шақты адам Сирияға баратын болдық. Ақаң қазақша да, орысша да әдемі сөйлейтін. Қыпшақ, араб тілдерін білетінін сол Шам шаһарында ғана білдік. Осы жолы ол әл-Фарабидің зиратын іздеп тапты. Ақаңның айтуы бойынша, Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші қақпа, үлкен қақпа деп аталатын қақпалары болған екен. Әл-Фараби кіші қақпа алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметті жергілікті адамдарға Ақаңның өзі айтып, қорымды тапты. Зиратты аралап, үлкен арабисті көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Біз куә болдық. Басына белгі қойып қайттық. Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрастырды. “Әл-Фараби қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?” – деп сұрады. Ақаң оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде айтты. Кеңес өкіметінің уақыты еді, қиын уақыт қой, әрқайсымыздың соңымызда тыңшыларымыз бар, бірақ сонда да Ақаң банкетте қыпшақтың тарихы жайлы 10 минуттай сөйледі. әл-Фарабиді біз батыс елдерінің аудармасы арқылы алып оқып жүрміз ғой. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб тілінде, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді”.

Әл-Фарабиді зерттеуге бар жан-тәнімен кіріскен Ақаң осылай дегеніне жетті. Өзі үнемі “Егер Абайды жақсы білмесем, әл-Фарабиге бара алар ма едім? Біз әл-Фарабиді философ дейміз, бірақ ол – музыкант. Абайды ақын дейміз, бірақ ол – философ” дейді екен. Әл-Фарабидің “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегінің арабша нұсқасын жан-жақтан іздетіп, Голландияның кітапханаларына сұрау салдырып, Лейден қаласы кітапханасынан тауып, оған терек талдау жасаған Машани “әл-Фараби және музыка” атты кітабының алғысөзінде: “Оқушыларымызға ескерте кететін бір нәрсе, бұл күнге дейінгі әл-Фараби жөніндегі еңбектерде біздер ол кісінің хақ мұсылмандық пікірлерін ашық айта алмай, кейде бұрмалап кеткен жерлеріміз де болды. Алла кешірсін. Өйткені өкімет жағынан сондай қысым болды. Кей кездерде ол кісіні дінге қарсы қоюға бет алғандар көп болды. Солардың жалғандығын еске алып отыру керек. Бұл кітапта біз Аллаға шүкір, сол жалғандықтан аулақ болуға тырыстық. Хақтық жолға бет алдық”, - деп жазады екінші ұстазға жарты ғұмырын арнаған ғалым. Расымен, Ақжан Машанидың кейінгі еңбектерінде дін, Ислам, Құран тақырыбы кеңінен зерттеледі.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: